Accessibility links

Душанбеде Азаттықтың екі тілшісіне күш көрсетті


Душанбедегі жанар-жағармай станцияларының бірі. Көрнекі сурет.
Душанбедегі жанар-жағармай станцияларының бірі. Көрнекі сурет.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы Тәжік қызметінің екі тілшісі Душанбеде бензин бағасының қымбаттауына байланысты сюжет әзірлеп жатқан кезде кедергіге ұшырады.

4 наурызда тілшілер Шахло Абдулло және Муллораджаб Юсуфиге жанар-жағармай станциясында жүргізушілерден бензин бағасына байланысты сұхбат алып жатқан кезде шабуыл жасалған.

Корпорацияның президенті Джейми Флай "кәсіби міндеттерін атқарып қана қойған тілшілерге күш көрсетуді өрескел әрекет" деп бағалады.

"Тәжік полициясы оқиғаны толық тергеп, журналистер ашық әрі кедергісіз жұмыс істеу құқығын жүзеге асыра алу үшін жағдай жасайды деп үміттенеміз" деді ол.

Тілшілердің сөзіне қарағанда, жанар-жағармай станциясында жүргізушілерден сұхбат алып жатқан кезде станция қызметкерлерінің бірі келіп, олардан сұхбат алуды доғаруды талап еткен. Одан кейін Абдуллоны итеріп, видеокамераның бетін жабуға тырысқан.

Юсуфи оқиғаны ұялы телефонына түсіре бастағанда тосқауылға ұшырап, шабуылдаушы оған компанияның жазбаша рұқсатынсыз нысанды түсіруге құқығы жоғын айтып, қоқан-лоқы көрсеткен.

Юсуфидің айтуынша, олар станция аумағын емес, тек бензин бағасының күрт өсуіне шағымданған бірнеше жүргізушімен сөйлескен.

Бетінен жеңіл жарақат алған Юсуфи дәрігер көмегіне жүгінген.

Душанбе полициясы екі журналистің арызына қатысты алдын ала тергеу амалдарын жүргізе бастады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG