Accessibility links

Бекшин Алматыда бұқаралық шараларға тыйым салып, санитарлық патрульдер құруды ұсынды


Алматы көшесінде кетіп бара жатқан ер адам. 4 қаңтар, 2021 жыл.
Алматы көшесінде кетіп бара жатқан ер адам. 4 қаңтар, 2021 жыл.

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қабылдаған жаңа қаулыға сәйкес, Қазақстанның ең ірі қаласында 9 наурыз сағат 00.00-ден бастап бұқаралық шаралар, көрме, форум, конференциялар, сондай-ақ отбасылық, салтанатты және еске алу шараларын (банкет, үйлену тойы, мерейтой, ас) және халық көп шоғырланатын өзге де жиындар өткізуге тыйым салынады. Мерекелік корпоративтік отырыстар ұйымдастыруға да рұқсат жоқ. Құзырлы орган коронавирус инфекциясының пандемиясына байланысты осындай ұйғарымға келген.

Бұған қоса Бекшин сауда нысандарында (сауда-ойын сауық орталығы, сауда үйі мен базарларда), қоғамдық көлікте арақашықтық пен маска режимін сақтау тәртібін қадағалайтын санитарлық патрульдер құру туралы ұсыныс тастады.

Алматы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Азаттыққа айтуынша, аталған нысандардың басшылары өз қызметкерлері арасынан осындай патрульдер құруы керек. Дегенмен мекеме мұны тек ұсыныс ретінде айтты, сондықтан бұған ешкімді міндеттемейді.

Балалардың сауықтыру лагерлерінің де жұмыс істеуіне тыйым салынды.

Covid-тің жеңіл және орташа түрімен ауырғандар, коронавирустың асқынуынан басқа дерті қозғандар және үй карантинін сақтауға мүмкіндігі жоқ симптомсыз пациенттер міндетті түрде ауруханаға жатқызылуы керек.

Оның үстіне, қайта жұмысын бастамаған боулинг орталығы, компьютер клубы (Ashyq пилот-жобасына қатысып жатқандардан басқа), бильярд залы, караоке, батут, түнгі клуб, букмекер кеңсесі, лото және ойын клубы, жабық ғимараттағы балалар аттракционы мен ойын алаңы, соның ішінде мұз айдыны мен ролик алаңы (спорт нысандарынан басқа) сияқты мекемелерге баруға тыйым салынады.

Ashyq пилот-жобасына қатысып жатқан нысандардың ғана жұмыс істеуіне рұқсат бар. Бұл нысандарға кіру үшін смартфонға App Store мен Play Market-тен Ashyq қосымшасын жүктеп алу керек. Мекемеге кірерде қосымшасы я смартфоны жоқ адамнан ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) талап етіледі, ал бұл азаматтың құпия мәліметі қатарына жатады.

Ұлттық құрамалар мен клубтық командалардың спорт жаттығуын өткізуіне де рұқсат бар, тек олар дене қызуын өлшеп отыруы керек және спорт базаларында болуы тиіс. Спорт жарыстарын жанкүйерлердің қатысуынсыз өткізуге болады, тек қатысушылар Covid инфекциясына тест тапсыруы қажет.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда былтырғы наурыздан бері коронавирус жұқтырған 217 299 адам, соған ұқсас "пневмонияға" шалдыққан 49 504 адам (былтырғы 1 тамыздан бергі санақ) тіркелген, барлығы 3 436 адам қайтыс болған.

Worldometer санағына сенсек, коронавирус инфекциясын жұқтырған адам саны бойынша Қазақстан әлем елдері арасында 57-орында тұр. Індет кең жайылған елдер қатарында АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ресей және Ұлыбритания бар. Бұл елдерде соңғы апталарда індеттің біршама бәсеңдегені байқалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG