Accessibility links

Башар Асад пен оның әйелінен коронавирус анықталды


Сирия президенті Башар Асад (сол жақта) және әйелі Асма.
Сирия президенті Башар Асад (сол жақта) және әйелі Асма.

Башар Асад пен оның әйелінен коронавирус анықталды. Сирия президенті кеңсесінің мәлімдемесінде ерлі-зайыптылардың бойынан жеңіл әлсіздік байқалып, коронавирус тестін тапсырғаны, тест нәтижесі оң шыққаны жазылған.

55 жастағы Башар Асад пен оның 45 жастағы әйелі Асма екі-үш апта бойы оқшауланады. Сирия президенті басқармасының хабарламасына сүйенген батыс ақпарат құралдары ерлі-зайыптылардың жағдайын "жақсы әрі тұрақты" деп сипаттады.

Дамаск бақылауындағы аумақта 16 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған, 1063-і қайтыс болған деп айтылады. Алайда коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар саны одан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Сирия өткен аптада вакцинация басталғанын хабарлаған. Бірақ ол жайлы толық ақпарат жарияланбады. Билік "әріптес елден вакцина әкелінгенін" хабарлады, бірақ нақты қай елден жеткізілгені айтылмады.

Батыс агенттіктерінің жазуынша, Израиль Ресейден 1,2 млн долларға коронавирус вакцинасын сатып алғаны хабарланған күні вакцинация жайлы ақпарат тараған. Шетел баспасөзі бұл келісімді Сирия билігі ұстаған Израиль азаматын босату туралы келісімнің бір бөлігі деп атады.

Келісімнің жай-жапсары белгісіз. Сирия мұндай келісім болғанын жоққа шығарады, ал Ресей түсініктеме беруден бас тартты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG