Халықаралық COVAX бағдарламасы аясында берілетін коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы партиясы Ауғанстанға жетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 8 наурызда коронавирусқа қарсы вакцинаның 468 мың дозасы елге жеткен. Ауғанстан бағдарлама аясында жалпы 3 миллионға жуық доза алады деп айтылады.
ДДСҰ-ның мәлімдеуінше, дозаның қалған бөлігі алдағы апталарда жеткізіледі. Вакцинадан бөлек, Кабулға 470 мың шприц, вакцина сақтайтын 4 700 контейнер әкелінген.
Ауғанстан денсаулық сақтау жүйесі өкілдерінің айтуынша, дамушы елдерді вакцинамен қамтамасыз етуді көздейтін COVAX бағдарламасы 38 миллион халқы бар мемлекет тұрғындарының 20 пайызын вакциналауға мүмкіндік береді.
COVAX — ДДСҰ мен жартылай мемлекеттік Gavi альянсының ортақ бастамасы. Бағдарлама коронавирусқа қарсы вакцинаның кедей және бай елдер арасында тең бөлінуін қадағалайды. 2021 жылдың соңына таман COVAX дамушы елдерді 2 млрд вакцина дозасымен қамтамасыз етуі тиіс.
ПІКІРЛЕР