Accessibility links

Малала Apple TV-мен бірге әйелдер мен балалар туралы бағдарламалар шығарады


Малала Юсуфзай.
Малала Юсуфзай.

Нобель сыйлығының иегері, құқық қорғаушы 23 жастағы Малала Юсуфзай Apple TV+ видеосервисімен бірігіп, әйел мен бала мәселесіне арналған деректі фильмдер, кино түсіріп, бағдарламалар шығарады. 9 наурызда Apple TV пәкістандық белсендімен бірнеше жылға әріптестік орнату туралы келісімге қол қойылғанын, жобаға Малаланың "әлемге жігер беріп, қанаттандыру қабілеті" мұрындық болғанын мәлімдеді.

Келісім аясында бағдарламалармен қатар анимация, балаларға арналған сериалдар түсірілмек. 23 жастағы Малала әйелдер, жастар, жазушылар мен шығармашылық адамдары мен олардың бастамаларын қолдайтын мүмкіндікке алғыс білдірді.

"Осы әріптестіктің көмегімен платформаға жаңа үн жеткізе аламын деп үміттенемін. Көптеген жастар, қыздар бұл бағдарламаларды көріп, қанаттанады деген үмітім бар" деді Малала.

Малала 2012 жылы Пәкістанда өзі оқып жүрген мектеп автобусына жасалған шабуыл кезінде басына оқ тиіп, жараланған. Шабуылды Малаланың қыздарға білім беру кампаниясына қарсы тәліптер жасаған. Малала шабуылдан ауыр жараланған, бірақ Ұлыбританияда емделіп, аман қалды. Қазір сол елде тұрып жатыр. Өзіне қастандық жасалғалы бері ол әлемді аралап, қыздардың білім алуына мүмкіндік беруге шақырып келеді. Ол 2014 жылы үндістандық құқық қорғаушы Кайлаш Сатъяртхимен бірге бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын иеленген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG