Accessibility links

"Былтыр 17 тұтқын суицид жасауға тырысқан". Сотталушы өлімінен соң тұрғындар түрме алдына жиналды


Түрмедегі жақындарының өміріне алаңдаған топ тергеу изоляторының алдында тұр. Ақтөбе, 9 наурыз 2021 жыл.
Түрмедегі жақындарының өміріне алаңдаған топ тергеу изоляторының алдында тұр. Ақтөбе, 9 наурыз 2021 жыл.

9 наурызда Ақтөбеде УК-163/1 тергеу изоляторының алдына бір топ адам жиналып, сотталушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне алаңдап отырғанын жеткізді. Олардың арасында осы изоляторда биыл 12 ақпанда "асылып өлген" Талант Әлиевтің шешесі де болды. Ол әйел "ұлымды суицид жасауға изолятор қызметкерлері мәжбүрледі" деп санайды. Айтуынша, ұлының қалтасындағы соңғы хатында сол жайлы жазылған. Алайда хатты камераластары ашып оқи бастағанда изолятор қызметкерлері жұлып әкеткен. Осы оқиғадан кейін "марқұммен камералас болған үш сотталушыға да қысым үдеген". Жиналғандар "қылмыстық жазаны атқару департаменті қызметкерлері қылмыстың ізін жасырғысы келеді", "изоляторда заң жиі бұзылады" деп шағымданды.

- Сотталушылардың барлығы да оны (суицидке түрме әкімшілігінің итермелегенін - ред.) дәлелдей алады. Себебі, оң жақ қалтасында хат болған. Сол хатты балалар алып оқып алып жатқан кезде Қайрат есімді қызметкер қолдарынан жұлып алып кеткен. Хатта [Талант] өзінің өліміне қызметкерлер кінәлі екендігін жазған. Сотталушылар ұялы телефондарына да қысым жасағаны жайлы түсірген. Бірақ ол телефон жоғалып кеткен, - дейді жиналғандардың бірі Бақыткүл Боқаева.

УК-163/1 түрмесі алдында сотталушылардың туыстары тұрған кезде жақын маңда иісшіл ит жетектеген сақшылар байқалды. Ақтөбе, 9 наурыз 2021 жыл.
УК-163/1 түрмесі алдында сотталушылардың туыстары тұрған кезде жақын маңда иісшіл ит жетектеген сақшылар байқалды. Ақтөбе, 9 наурыз 2021 жыл.

Олардың айтуынша, Талант Әлиевтің өлімінен кейін "тұтқындарға қысым үдеп, оларды тұтқынның өліміне байланысты тіс жармауға мәжбүрлеуге тырысқан, сабаған".

Наразы топтың алдына Ақтөбе қаласының қылмыстық-жазаны атқару департаментінің бастығы Алмас Шәмішев шықты. Ол 12 ақпан күнгі тұтқынның өліміне байланысты тергеу амалдары жалғасып жатқанын айтып, "түрме әкімшілігі суицидке итермеледі" деген тұжырымды жоққа шығарды.

Бірақ ол түрмеде суицидтің жиілегенін растады. Департамент бастығының айтуынша, былтыр 17 тұтқын суицид жасауға тырысқан, біреуі өлген. Биыл 2 тұтқын өзіне қол салмақ болған, біреуі қайтыс болған.

- Бірақ оған қызметкерлер емес, стресс жағдайы кінәлі. Мұнда темірдей тәртіп, - деді ол сотталушылардың туыстары мен ақпарат құралдарына.

Құқық қорғаушылар Қазақстан түрмелерінде әлі күнге дейін азаптау тыйылмай отырғанын жиі айтады. Азап пен қысымға шыдамаған тұтқындардың кейбірі қарсылық ретінде денесін жарақаттап, өзіне қол салады. Азаптау туралы шағымдардың тек кейбірі ғана сотқа жетеді. Ал билік былтыр жыл соңында 2020 жылы Қазақстан түрмелерінде азаптау тіркелмеді деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG