Accessibility links

Наурыз мерекесі қарсаңында Алматыда карантин күшейеді


Наурыз мерекесін тойлап жатқан адамдар. Алматы, 2016 жыл.
Наурыз мерекесін тойлап жатқан адамдар. Алматы, 2016 жыл.

Наурыз мерекесі қарсаңында Алматы қаласында карантин күшейеді. 10 наурызда Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласының коронавирус бойынша "қызыл аймаққа" енгені белгілі болды.

10 наурыз күнгі брифинг кезінде Алматыда эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауының себебі түсіндірілді.

— Ауа райы жылынған сайын қала тұрғындары бір-бірімен көбірек араласа бастады. Қала маңындағы тұрғындардың да ары-бері қозғалысы артты. Қоғамдық көлік пен адам көп жиналатын жерлерге жұрт көптеп жинала бастады, — деді Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық департамент жетекшісінің орынбасары Әсел Қалықова.

Спикер вирустың күшеюіне отбасылық және салтанатты шаралардың жиі өтуі, 1-5 сынып оқушыларының сабаққа бара бастауы, қоғамдық байланыстың артуы да әсер еткенін атап өтті. Бұған қоса, оның айтуынша, коронавирус анықталған азаматтар да оқшаулау режимін жиі бұза бастаған.

Қалықованың сөзіне қарағанда, соңғы кезде шетелден ПТР тесті жоқ келген азаматтар саны артқан. 6-8 наурыз аралығында Алматыға әртүрлі елдерден тесті жоқ 700 адам келген. Қалаға көбіне БАӘ, Түркия, Египеттен адамдар келеді.

Алматы қаласы "қызыл аймаққа" енгендіктен қалада қосымша карантин шаралары енгізіледі. Мұның бәрі 10 наурызда қол қойылатын бас санитар дәрігердің жаңа қаулысында айтылмақ. Бұған дейін Наурыз мерекесі кезінде (22-25 наурыз күндері атап өтіледі) қоғамдық шара өткізуге тыйым салынған еді.

Індет басталғалы бері Алматыда 26 274 адамның коронавирус тесті оң шыққан. (Өткен тәулікте 160 науқас тіркелді). Қазір "қызыл аймақта" Алматыдан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласы да тұр. Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау, Павлодар облыстары - "сары аймақта". Қалған облыстар мен қалалар - "жасыл аймақта".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG