Accessibility links

Қырғызстанда жаңа Конституция жобасына байланысты референдум 11 сәуірде өтеді


Жогорку кеңес отырысы.
Жогорку кеңес отырысы.

Қырғызстан қоғамында дау тудырған жаңа Конституция жобасына байланысты референдум 11 сәуірде өтеді. Бейсенбі күні парламент депутаттары арнайы заң жобасын үшінші оқылымда мақұлдады.

Осылайша референдум жергілікті кеңес депутаттарын сайлаумен қатар өтетін болып шешілді.

8 ақпанда Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров жергілікті кеңес депутаттарын сайлауды 11 сәуірде өткізу туралы жарлыққа қол қойған.

Жаңа Конституция жобасында президенттің өкілеті едәуір ұлғайған: ол атқару билігіне жетекшілік етіп, министрлер кабинетінің құрамы мен құрылымын анықтайды, президент әкімшілігі мен қауіпсіздік кеңесін жасақтап, оны басқарады. Президент сонымен бірге бас прокурор, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, жоғарғы және конституциялық сот, судьяларды да тағайындау құқығына ие. Өз бетінше референдум де белгілей алады. Заң шығару бастамасын көтере алады.

Жоба бір адамның президенттікте бес-бес жылдан екі мерзім отыруына мүмкіндік береді. Қазіргі Конституцияда мемлекет басшысы 6 жылға сайланады, бірақ екі рет сайлана алмайды.

Жоба ақпан айының ортасында талқылауға шығарылғанмен мәтіні ашық ресурсқа жарияланбаған. Түзетулер қырғыз парламентінде дау тудырды. Жобаны сынаушылар құжат қоғамда жеткілікті дәрежеде талқыланбады, конституциялық құқық бойынша сарапшылардың талдауына жіберілмеді, жан-жақты түсіндірілген жоқ деп санайды.

Бұған дейін халықаралық ұйымдар Бішкекті жобаны кері қайтаруға үндеген.

Жаңа Конституция жобасы былтыр қазан айындағы тәртіпсіздік нәтижесінде түрмеден босап шыққан Садыр Жапаров билікке келгеннен кейін қолға алынған. Жапаров 2013 жылы қазан айында Қырғызстанның солтүстік-шығысында кенішті игеруге қарсылық кезінде адамдарды кепілдікке алды деп айыпталып, 10 жыл түрме жазасына кесілген еді. Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG