Accessibility links

Адвокаттар Сәтбаевтағы "жаппай тәртіпсіздік" ісі бойынша облыстық және жоғарғы соттарға хат жіберді


5 жасар қызды 62 жастағы ер адам ұрлап әкетіп, зорлады деген ақпарат шыққан соң бұлік болған полиция ғимаратының маңы. Сәтбаев қаласы, Қарағанды облысы. 24 шілде, 2020 жыл.
5 жасар қызды 62 жастағы ер адам ұрлап әкетіп, зорлады деген ақпарат шыққан соң бұлік болған полиция ғимаратының маңы. Сәтбаев қаласы, Қарағанды облысы. 24 шілде, 2020 жыл.

Сәтбаев қаласындағы "жаппай тәртіпсіздік" ісі бойынша сотқа тартылғандардың адвокаттары облыстық және және жоғарғы соттарға өтініш жіберді. Олар "қылмыстық процесс принциптері бұзылды" деп, іске қатысушы тараптардың барлығын (соның ішінде судья мен прокурорларды) бір ғимаратқа жинауға шақырды. Сонымен бірге адвокаттар процесс кезінде байланыс құралдарын (ноутбук, смартфон) қолдануға рұқсат беріп, қорғаушыларға коронавирус инфекциясы бар-жоғын анықтайтын ПТР тестін үш күн сайын ақылы түрде тапсырып отыруды міндеттейтін талапты алып тастауды және сот залындағы келіссөз құралының жұмысын үйлестіруді сұрады.

Сот процесі Қарағандыдағы тергеу изоляторында жүріп жатыр, қатысушылар осы қаланың түрлі ғимараттарынан және Сәтбаевтан видеобайланыс арқылы қосылады. Адвокаттардың айтуынша, бұл істі сапалы жүргізуге кедергі жасайды әрі үкімнің объективтілігіне әсер етуі ықтимал. Ең басты мәселе – қатысушылар дауысының дұрыс естілмеуі.

"Пандемия кесірінен процессуалдық заң нормаларымен қабыса бермейтін түрлі шектеулердің болып жатқанын бәріміз жақсы білеміз. Дегенмен істің барлық жай-жапсарын объективті түрде зерттеу тәртібін бұзуға мүлде болмайды. Бұл үшін істің барлық қатысушылары, соның ішінде прокурорлар, аудармашы және сот бір ғимаратта болуы керек, бұл істің сапалы, жылдам әрі объективті тексерілуіне мүмкіндік берер еді". Жезқазғандағы аймақтық заң кеңесіндегі адвокаттар тобының үндеуінде осылай делінген.

Олардың айтуынша, бұл үндеу соттарға 25 ақпанда жіберілген, бірақ әлі жауап келмеген. Заңгерлер жақында өтеді делінген сот тыңдауына дейін бұл мәселелер шешімін таппай қала ма деп қауіптенеді.

Облыстық сот өкілі Азаттыққа адвокаттар хатының қаралып жатқанын айтты. Ал жоғарғы сот Азаттық тілшісінің бұл жөніндегі сауалына әлі жауап берген жоқ.

Былтыр 24 шілдеде Сәтбаев қаласында тұратын ер адам кішкене қызды ұрлап әкетіп, зорлады деген ақпараттан соң түнде жаппай тәртіпсіздік болған. Бұл іс бойынша сот ақпан айында басталған. 55 адамға тәртіпсіздікке қатысты деген айып тағылған, тағы екі адам әлі іздеуде. Сотқа тартылғандар арасында алты әйел бар. Жәбірленуші қатарында 63 кісі бар, олардың 50-і полиция қызметкері (бұлар топ арасында жарақаттанғандар және тәртіпсіздік кезінде көлігі бүлінгендер болса керек) және бір заңды тұлға – полиция департаменті бар.

Карантинге байланысты былтырдан бері барлық соттар онлайн форматқа ауысқан, отырыстар видеобайланыс арқылы, негізінен WhatsApp қосымшасының көмегімен өтеді, соның кесірінен байланыс жиі үзіліп, процеске қатысушылардың сөзі естілмей жатады.

11 наурызда Қарағанды облысы коронавирустың таралу жылдамдығы жөнінен "жасылдан" "сары" аймаққа өтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG