Accessibility links

Сәтбаевтағы бүлік ісі: 64 жәбірленуші, 54 айыпкер, арасында кәмелетке толмағандар бар


5 жасар қызды 62 жастағы ер адам ұрлап әкетіп, зорлады деген ақпарат шыққан соң бұлік болған полиция ғимаратының маңы. Сәтбаев қаласы, Қарағанды облысы. 24 шілде, 2020 жыл.
5 жасар қызды 62 жастағы ер адам ұрлап әкетіп, зорлады деген ақпарат шыққан соң бұлік болған полиция ғимаратының маңы. Сәтбаев қаласы, Қарағанды облысы. 24 шілде, 2020 жыл.

Бүгін Қарағандыда 2020 жылғы 24 шілдеде Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздік ісі бойынша сот процесі басталды. 62 жастағы жергілікті тұрғын сәбиді ұрлап әкетіп, зорлады деген ақпарат шығып, мұның соңы бүлікке ұласқан.

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының біраз тұрғынына "қирату, өртеу, күш қолдану және билік өкіліне қарсылық көрсету арқылы жаппай тәртіпсіздікке қатысты" және "билік өкіліне күш қолданды" деген айып тағылды. Сотқа тартылған 54 адамның алтауы – әйел. Арасында кәмелетке толмағандар да бар. Сондықтан істі Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар бойынша арнайы қылмыстық соты қарап жатыр. Айыпкерлердің кейбірі жұмыссыз, енді бірі бұрын сотты болған. Жаппай тәртіпсіздік жасады деп айыпталғандардың көбі Сәтбаевтағы "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС-інде жұмыс істейді.

Жәбірленуші санатында 63 адам мен бір заңды тұлға – полиция департаменті бар. Олардың 50-і полиция қызметкері (топ адамның ішінде жарақат алғандар мен тәртіпсіздік кезінде көлігі бүлінгендер болса керек), қалғаны – жай адамдар.

Айыпкер санатындағы 54 адамның 44-і қамауда отырса, қалғаны үйқамақта не ешқайда кетпеу туралы қолхат берген. Жаппай тәртіпсіздік жасады деп жалпы 57 адам айыпталған, екеуі іздеуде. Олар, сондай-ақ, "шетелдік көздерден алынған құралдарды пайдаланды" деп айыпталған. Бірақ прокурорлар мұның мән-жайын тарқатып айтпады.

Сәтбаевтағы полиция бөлімінің жанында өрткен оранған автобус. 24 шілде, 2020 жыл.
Сәтбаевтағы полиция бөлімінің жанында өрткен оранған автобус. 24 шілде, 2020 жыл.

55-ШІ АЙЫПКЕР ҰСТАЛДЫ

Бүгін прокурорлар осы оқиға бойынша айыпталған 55-ші адамның ісін негізгі іске қосу туралы өтініш берді. Іздеуде болған күдікті қамауға алынып, оның ісі жақында Сәтбаев сотына түскен. Прокурорлар жаңа айыптау актісін жазу үшін уақыт сұрады. Айыпкерлер мен адвокаттары бұған қарсы шықты, олардың айтуынша, прокурорлар осы арқылы істі созып жатыр, ал сотталушылар жеті айдан бері қамақта отыр. Мемлекеттік айтыптаушылар "бұл істерді бір-бірінен ажырату мүмкін емесін", "істі созу ниеті жоқ" екенін" және жаңа актіні "тез арада дайындап беретінін" айтты. Ақылдасу бөлмесіне барып келген судья Кенжебай Ысқақбаев екі қылмыстық істі біріктіру туралы прокурорлар өтінішін мақұлдап, жаңа айыптау актісін жазуға 5 наурызға дейін уақыт берді. Процеске қатысушылар түсінуі үшін сот қазақ және орыс тілдерінен тәржіма жасайтын аудармашылар қызметін пайдалану туралы шешім шығарды.

Іс тергеу изоляторында өтіп жатыр. Журналистерге процесті тек видеобайланыс арқылы бақылауға рұқсат берілді. Процеске қатысушылардың кейбірі сотпен онлайн байланысқа шықты. Кей айыпкерлердің адвокаттары байланыстың нашарлығын, дауыстың дұрыс естілмейтінін айтып шағымданды. Бұдан бұрынғы алдын ала сот отырысында кей адвокаттар қорғауындағы адамдардың түнгі оқиғаларға, полиция қызметкерлерін ұрып-соғуға қатыспағанын айтқан. Прокурорлар бұл пікірлердің негізсіздігін, айыпкерлердің оқиғаға қатысы барын дәлелдейтін айғақтардың жеткілікті екенін айтқан. Олардың айтуынша, Сәтбаевтағы оқиғалар ел ішінде үлкен резонанс тудырды, сондықтан ол ауыр қылмыс ретінде қарастырылады.

ЗОРЛАУ ІСІ ДЕ ҚАТАР ҚАРАЛЫП ЖАТЫР

Осы аралықта қыз баланы "ұрлау", "зорлау" және "сексуалдық пиғылдағы зорлық әрекеттері" фактілері бойынша іс те қатар қаралып жатыр. Түнде болған тәртіпсіздікке кішкене қыздың жоғалуы туралы ақпарат түрткі болған. Бүгін тараптар арасында жарыссөз болды. Бұл процесс жабық режимде өтіп жатыр. Зорлау ісі бойынша ерлі-зайыптылар күдікті деп танылған. Бірақ істің жай-жапсары жарияланған жоқ. Қазан айында қызды ұрлап әкетіп, зорлады деген күдікке ілінген 62 жастағы ер адамның денесі тергеу изоляторынан табылған. Полиция оның асылып өлгенін хабарлаған.

Жоғалған қыз 62 жастағы адамның пәтерінен табылған еді. Сол үйдің алдына жиналған жүздеген адам оны сотсыз-ақ жазалауды талап еткен. Тәртіп сақшылары күдіктіге арнайы форма кигізіп, оны топ арасымен алып шыққанын естіген жұрт жергілікті полиция бөліміне барып, ғимараттың кей жерлерін қиратып, көліктерге зақым келтірді және автобусқа өрт қойды. Соның кесірінен мүлікке 80 млн теңгедей зиян келген.

Әлеуметтік желіде тәртіпсіздіктің ұлтаралық сипаты болуы мүмкін деген де болжамдар айтылған, бірақ сотқа тартылғандар арасында қазақтар да, басқа ұлт өкілдері де бар. Бұдан бұрын Қазақстан билігі кейбір арандатушы күштер елде "жағдайды тұрақсыздандыруға тырысып жатыр" деген долбар айтқан. Ал тәуелсіз сарапшылар "арандатушылар" туралы болжамды негізсіз деп санайды. Олардың айтуынша, Сәтбаевтағы оқиға – жылдар бойы қордаланған мәселенің, соның ішінде полиция мен сотқа деген сенімнің азайғанының көрінісі деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG