Accessibility links

"Негізгі күдікті абақтыда өлді, іс сотқа жетті". Сәтбаевтағы бүлік жайлы не білеміз?


Бес жасар қызды ұрлап әкетіп, зорлаған деген күдікке ілінген адам ұсталғаннан кейін басталған бүлік барысында полиция мекемесі жанындағы өртенген көлік. Сәтбаев қаласы, 23-24 шілде 2020 жыл. Әуесқой видеосынан скриншот.
Бес жасар қызды ұрлап әкетіп, зорлаған деген күдікке ілінген адам ұсталғаннан кейін басталған бүлік барысында полиция мекемесі жанындағы өртенген көлік. Сәтбаев қаласы, 23-24 шілде 2020 жыл. Әуесқой видеосынан скриншот.

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында "жаппай тәртіпсіздік" ісі бойынша ондаған адам күдікке ілінген. Биыл жазда белгісіз біреудің жас баланы ұрлап, зорлағаны жайлы хабар тарағаннан кейін ашулы жұрт күдіктіні өздеріне беруді талап етіп, бүлік шығарды. Бес жасар қызды зорлау фактісі бойынша қозғалған іс сотқа жеткен. Айып тағылған екі кісі абақтыда отыр. Ал негізгі айыпталушы сотқа жетпей бақилық болған.

"ЖАППАЙ ТӘРТІПСІЗДІК" ІС: ОНДАҒАН АДАМ ҚАМАУДЫ ОТЫР, БІРНЕШЕ КІСІГЕ ІЗДЕУ ЖАРИЯЛАНҒАН

Сәтбаев қаласын дүр сілкіндірген оқиғадан төрт айдан соң бұл жерде түнгі ойранды еске салатын ештеңе көрінбейді. 24 шілдеге қараған түні жергілікті тұрғындардың шабуылына ұшыраған полиция ғимаратының сынған терезелері мен бүлінген сыртқы беті жөнделген. Қолына тас пен таяқ ұстаған жастарға төтеп бере алмаған полиция бөлімшесінің айналасындағы қоршау да қалпына келтірілген.

Шілденің соңына қарай Сәтбаев қаласында бес жасар қыз баланы ұрлап, зорлаған деген күдікке ілінген азамат жауапкершіліктен жалтарып кетуі мүмкін деген сыбыс тараған соң ашулы тұрғындар жергілікті полиция бөлімшесіне барған еді. Оған дейін наразылар қылмысқа кінәлі адамды қатаң жазалауды, кейбірі күдіктіні өздеріне беруді талап етіп, ол тұратын көпқабатты үйдің алдына жиналған. Полиция үйді қаумалаған жүзден астам адамның арасынан күдіктіні (полиция киімін кигізіп) білдірмей алып шыққан. Наразы топ күдіктінің пәтері мен үйдің подъезін талқандаған.

Сәтбаев тұрғындарының айтуынша, қазір қалада тұрақтылық орнағанымен, жағдайдың аздап шиеленісіп тұрғаны байқалады. Ондаған адам соттың басталуын күтіп, қамауда отыр. Тұтқындардың туыстары айыпталушылардың бәрі бірдей түнгі ойранға қатыспағанын, кейбірі қалың топтың арасында жүргені камераға түсіп қалғаны үшін ғана ұсталғанын айтады.

– Туысым ұсталды. Оны "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыптап отыр. Бірақ ол бүлікке қатыспаған, тек көптің арасында болды. Оған дейін еріктілермен бірге қызды іздеуге көмектесті, – дейді аты-жөнін атамауды сұраған Сәтбаев тұрғыны.

Сол күнгі оқиғаларға куә болған тұрғындардың біразын тергеуге шақырған. Олардың арасында 67 жастағы қала тұрғыны Жаңыл Рүстембаева да бар.

– Мен жастардың арасында болдым. Болған жағдайды көрдім. Олармен сөйлесіп, кейбірін ол жерден кетуге көндірдім. Камераға түсіп қалыппын, сондықтан мені куәгер ретінде шақырды. Қазір бүкіл қала соттың басталуын күтіп, ол қалай аяқталар екен деп алаңдап отыр. Кей адамдарды "бүлікке қатыспадық" дегеніне қарамай, ұстап әкетті. Жазықсыз адамдар жапа шекпеуі үшін тергеу әділ өтеді деп үміттенемін. Мен "жаппай тәртіпсіздікті біреу ұйымдастырған, әлдекім лаң салғысы келген" деп ойлаймын. Көп танысым да осы пікірге қосылады. Өйткені шамалы уақытта сонша кісі жинап, жұртты соңынан ертіп, бүлік шығару мүмкін емес. Оның үстіне, Сәтбаевта педофилия фактілері бұрын да тіркелген, бірақ мұндай реакция болмап еді, – дейді Жаңыл Рүстембаева.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің дерегінше, тергеу басқармасы Сәтбаевтағы "жаппай тәртіпсіздік" фактісі бойынша істі тергеді аяқтауға жақын қалған. Тергеу нәтижесінде 44 адам қамауға алынған, тағы 10 азаматқа басқадай шектеу шарасы қолданылған. Бірнеше адамға іздеу жарияланған. Наразылық кезінде зардап шеккен полиция қызметкерлері іске жәбірленуші ретінде қатысады, олардың нақты саны белгісіз.

Сәтбаевтағы тұрғындар наразылығынан кейін полиция бөлімшесі жақтан көрінген қара түтін. Қарағанды облысы, 23-24 шілде 2020 жыл. Әуесқой видеосынан скриншот.
Сәтбаевтағы тұрғындар наразылығынан кейін полиция бөлімшесі жақтан көрінген қара түтін. Қарағанды облысы, 23-24 шілде 2020 жыл. Әуесқой видеосынан скриншот.

– Тергеу барысында төрт күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды. Оның біреуі ұсталды, қалған үш азаматты іздеу жалғасып жатыр, – деді Қарағанды облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Ернат Қалиақпаров.

Полиция Азаттықтың ресми сауалына сараң жауап қатты. "Биліктің мәлімдемесінде айтылған, жас балаға қатысты жағдайды "қалада тұрақсыздық орнатып, арандатушылық ұйымдастыру" мақсатына пайдаланған адамдар анықталды ма?" деген негізгі сұраққа жауап ала алмадық.

ЗОРЛАУ ТУРАЛЫ ІС: НЕГІЗГІ АЙЫПТАЛУШЫ МАРҚҰМ БОЛДЫ

"Кісі ұрлау", "Зорлау", "Жас қызға сексуалды сипаттағы зорлық жасау әрекеті" фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істің тергеу жұмыстары аяқталған. Сәтбаевта кішкентай қыздың жоғалғаны туралы хабар тарағаннан кейін ондаған қала тұрғыны баланы іздеу операциясына қатысып, оны күдіктінің пәтерінен тапқанда жаппай наразылық басталған.

Бірнеше жас жігіт бес жасар қызды ұрлап әкетіп, зорлаған деген күдікке ілінген адамның пәтеріне терезеден кіргелі жатыр. Сәтбаев қаласы, Қарағанды облысы, 24 шілде 2020 жыл.
Бірнеше жас жігіт бес жасар қызды ұрлап әкетіп, зорлаған деген күдікке ілінген адамның пәтеріне терезеден кіргелі жатыр. Сәтбаев қаласы, Қарағанды облысы, 24 шілде 2020 жыл.

Бұл іс Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына жолданды. Істі жабық режимде қарап, журналистерді қатыстырмады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қазір "зорлау" бабы бойынша екі азаматқа айып тағылған. Жақын күндері алдын-ала сот отырысы өткен. Баланы ұрлап, зорлады деген күдікке ілінген негізгі айыпталушы – 62 жастағы ер адам қазан айында тергеу изоляторынан өлі табылған. Полиция күдіктінің асылып өлгенін хабарлаған.

Тергеушілер қалған екі адамға қандай айып тағылып отырғанын айтпады. Олардың не істегені және қылмысқа қандай қатысы бары белгісіз.

Осыған дейін ішкі істер министрі мен полиция басшылығы жас баланы пәтеріне кіргізіп алған ер адамды ғана айыптап, бұл істе одан басқа тағы екі күдікті – әйел мен ер адам барын айтпаған. Азаттық тілшісі ерлі-зайыптының 24 шілде күні болған оқиғадан кейін бірден ұсталғанын анықтады. Қазір олар тергеу абақтысында отыр.

Азаттық тілшісі айыпталушылардың туыстарымен сөйлесуге тырысып көрді. Олардың адвокаты сот отырысын алқабилердің қатысуымен өткізуді сұрағанын айтты. Сот оның өтінішін қанағаттандырған. Енді алқабилер құрамы анықталған соң, негізгі сот процесі басталмақ.

– Айыпталушыларды қорғауға келіскен кезде, тергеу барысы туралы ақпаратты құпия ұстау туралы қолхат бергенмін. Сондықтан бір нәрсені ғана айта аламын: іс материалдарында қорғауымдағы екі азаматқа қарсы дәлел жоқ. Сот процесін алқабилердің қатысуымен өткізуді сұрадық. Қорғауымдағы азаматтардың қылмысқа қатысы бар-жоғын солар анықтасын. Осыған дейін президентке хат жаздым, бірақ жауап алмадым, – дейді бала зорлады деп айыпталған азаматтардың адвокаты Сайлау Атажанов. Адвокат қорғауындағы азаматтардың қалай күдікке ілінгенін түсіндірген жоқ.

Зорлық көрген қыз баланың ата-анасы болған оқиғадан кейін қазақстандықтардан әлеуметтік желіде бұл тақырыпты талқыламауын, "әртүрлі жалған ақпарат" пен баланың суретін таратпауын сұрап мәлімдеме таратқан. Олар өздеріне көмек ретінде қаржы жинау туралы бастаманы құптамайтынын, отбасының ақшаға мұқтаж емесін айтқан. Баланың ата-анасы жұртқа "болған оқиғаны тезірек ұмытқысы келетінін" ескерткен.

Сәтбаевтағы оқиғадан кейін қоғамда педофилия үшін жазаны қатаңдату мәселесі талқылана бастады. Бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі Ерлан Қарин бала зорлау ауыр қылмыстар қатарына ауыстырылғанын, жыл басында күшіне енген өзгерістерге сәйкес, енді аталған бап бойынша тағайындалатын жаза мерзімі де ұлғайғанын айтты.

Сәтбаевқа арнаулы жасақ кіргізуге себеп болған оқиғамен бір уақытта Қазақстанның оңтүстігінде тағы бір төтенше жағдай тіркеліп, Түркістан облысындағы жас азаматтар арасындағы кикілжің ұлтаралық жанжалға ұласа жаздады. Ол кезде билік "әлдебір арандатушылар елдегі жағдайды тұрақсыздандыруды көздеп отыр" деп мәлімдеген. Биліктің "арандатушылар" туралы долбарына күмәнмен қарайтын кей тәуелсіз сарапшылар Сәтбаев пен Шорнақтағы жағдай жылдар бойы қордаланған жүйелі мәселелер барын, полиция, сот және саяси биліктің халық сенімінен айырылғанын көрсетті деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG