Accessibility links

"Не реформа, не революция". Қордай, Шорнақ, Сәтбаев... Тағы не күтіп тұр?


Жанжал кезінде бүлінген автокөліктің сынған терезесі. Шорнақ ауылы, Түркістан облысы, 23 шілде 2020 жыл.
Жанжал кезінде бүлінген автокөліктің сынған терезесі. Шорнақ ауылы, Түркістан облысы, 23 шілде 2020 жыл.

Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында жергілікті тұрғынның жас баланы ұрлап әкетіп, зорлағаны туралы хабар жаппай толқуға себеп болғанда, ресми деңгейде бұл оқиға "басқаруға көнбеген тобырдың әрекеті" және "арандатушылардың жағдайды тұрақсыздандыруға талпынысы" ретінде сипатталды. Түркістан облысының Шорнақ ауданындағы жанжал мен Жамбыл облысының Қордай ауданында ақпан айында болған қантөгіске де "тұрмыстық оқиға" деген сипат берілді. Қазақстандық саясаттанушы Дастан Қадыржанов бұл оқиғалардың елдің қоғамдық-саяси өмірінде қандай маңызы барын және болашақтағы қандай жағдайлардан хабар беретінін талдап көрді.

"ДИАЛОГ ЖҮРГІЗЕ АЛАТЫНДАРДЫҢ БӘРІН ТҮРМЕГЕ ЖАУЫП БОЛДЫ"

Азаттық: Жақында Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында жергілікті тұрғынның жас баланы ұрлап әкетіп, зорлағаны туралы хабар жаппай толқуға ұласып, қалаға арнаулы жасақ кірді. Билік осы оқиғадан кейін "басқаруға көнбеген тобырдың әрекеті" жайлы мәлімдеме жасады. Күш құрылымдары мен әкімдік "оқиғаның осылай өрбитінін күткен жоқ, 24 шілдеге қараған түні болған оқиғаны бақылаудан шығарып алды" деуге бола ма? Неге бұлай болды? Бұл нені білдіреді?

Саясаттанушы Дастан Қадыржанов.
Саясаттанушы Дастан Қадыржанов.

Дастан Қадыржанов: Кеше Қазақстанның бір жерінде, бүгін екінші жерінде болған осындай оқиғалардың "күтпеген жағдай" емесін түсінбейтіндей, күш құрылымдары мен өңірлік билікте саяси сауатсыз басшылар отыр деп ойламаймын. Олар революциялық жағдайдың ең нашар формасы – кең ауқымды, басқаруға көнбейтін бүлікпен бетпе-бет келіп отырғанын жақсы біледі. Ресми тұлғалар мен насихатшылардың бұл тақырыпта жақ ашпауы жоғары жақтағылардың ешқайсысы мұны түсінбейді дегенді білдірмейді. Насихат пен саяси тәртіп ережесі оларды бұл мәселені ашық мойындамауға, жағдайдың тұрақты екенін қайталай беруге мәжбүрлейді. Бұл – бар болғаны қорғану реакциясы. Олар осы арқылы қиын жағдайда тым болмаса сенімді көрінетіндей кейіп танытуға тырысады.

Қазір біздегі саясат "күш құрылымдары тобырға қарсы" деген деңгейде жүріп жатыр.

Билік диалог керегін қайталаудан жалықпайды. Бірақ өзі халықтың тілегін жеткізіп, диалог жүргізуге қабілетті адамдарға қарсы шығып, бәрін түрмеге жауып болды. Енді халықтың тілегін басқаруға көнбейтін адамдар тобы жеткізеді. Саясат дәл осы деңгейге түсті. Ол жүйелі сипатын жоғалтып, эмоционалды кейіпке көшті. Ішкі саясатқа, елде идеялар бәсекесінің болуына жол ашатын диалог пен пікірталас жүргізуге жауапты партиялық әрі бюрократиялық билік өз міндетін арнаулы қызмет пен полицияның деңгейіне түсірді. Құқық қорғау органдары биліктегілер жүргізіп отырған саясаттың салдары ретінде қылмыспен күресуі керек. Ал оларға тікелей міндетіне кірмейтін барлық саяси бағдарламаны жүзеге асыруды жүктеп қойды. Сондықтан қазір біздегі саясат "күш құрылымдары тобырға қарсы" деген деңгейде жүріп жатыр.

Қазақстанда болған барлық толқу мен жаппай наразылық (Сәтбаевтағы оқиғаны қосқанда) биліктің жергілікті жердегі кемшілігінен туған жекелеген тұрмыстық немесе әлеуметтік кикілжің емес, бүкіл елде болып жатқан саяси процестің бір бөлігі екеніне күмән жоқ. Cондықтан "мұндайды күтпедік" деу – билік "қыстың келетінін білмей қалыпты" деген әзілмен тең. Бүгінде елдің радикалды әлеуметтік-саяси өзгерістер алдында тұрғанын тек ақымақ адам ғана түсінбеуі мүмкін.

Азаттық: Сәтбаевтағы оқиғаның барысы мен салдары туралы ақпарат бірден хабарланған жоқ. Оқиғаның жай-жапсары бірнеше күнге дейін белгісіз болды, тіпті шығын көлемі де аталмады. Осы уақыт ішінде әлеуметтік желілерде бүлінген көліктер мен полиция бөлімшесінің ғимараты, өртеніп жатқан нысандар түсірілген көп сурет пен видео тарап үлгерді. Ресми ақпараттың кеш берілуі – оқыс оқиға кезінде қалай әрекет етуді білмеу ме, әліптің артын бағу ма, әлде басқа әдіс пе?

Дастан Қадыржанов: Ресми ақпарат құралдары мен елдегі бүкіл идеологиялық вертикальдің проблемасы мынада: қызметіне көп ақша бөлініп, қол астында министрлік пен әкімдіктің идеологиялық қызметкерлері, баспасөз қызметі мен биліктің сөзін сөйлейтін өкілдерінен құралған қалың адам жұмыс істейтініне қарамастан, олар әлдеқашан бір жүйе болудан қалған. Біздің ресми коммуникациялар жүйесі соңғы уақытта мемлекет басшысының қызметінен хабар беріп отыру сияқты қарапайым жұмысты да дұрыс атқара алмай отыр. Бұл "Ақорда – кітапхана" арасындағы қос билік (мемлекеттік аппаратты екі тұлға болып басқару жүйесі – ред.) пен астыртын әрекеттің нәтижесі ғана емес. Көбіне бұл қырсыздықтан, кешірілмес кәсіби абдыраудан болады.

Елдің радикалды әлеуметтік-саяси өзгерістер алдында тұрғанын тек ақымақ адам ғана түсінбеуі мүмкін.

Қателіктер, әсіресе, жергілікті, жалпыұлттық және ғаламдық төтенше жағдайлар кезінде қатты байқалады. Осы себепті сарапшылар, дикторлар, квазисарапшылар және ресми спикерлермен бірге дайындалған ақпарат азаматтық қоғамның санасына әсер ету тұрғысынан алғанда, тек қоқан-лоқы, қирату, қысым көрсету, азаматтардың ар-ожданын құрметтемеу мен "жоғарыдан айқайлауға" негізделген, түкке пайдасы жоқ дүние саналады. Сондықтан ол саяси басшылық үшін де тиімсіз. Бұл әсіресе Сәтбаевта болған оқиғаға ұқсайтын төтенше жағдай кезінде қатты байқалады.

"ОРТАҚ МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛҒАН ЖЕКЕ ҚИЫНДЫҚТАР"

Азаттық: Осындай толқулардан кейін әдетте билік "белгісіз күштер арандатушылық әрекеттерге барып, жағдайды тұрақсыздандыруға тырысқанын" айтады. Шынында да осындай оқиғалар кезінде жағдайды тұрақсыздандыруға тырысатын күштер бар ма?

Дастан Қадыржанов: Сәтбаевта болған оқиғалар тізбегін біреу жоспарлап ұйымдастырған деп ойлап қарасақ, бұлай болу ықтималдығы өте аз екенін көреміз. Басқаруға көнбейтін бүлік пен толқу кезінде үнемі дауысы басқалардан қатты шығатын, көпшіліктің әрекетіне түрткі болатын белсенділер мен адамдар болады. Олар міндетті түрде ұйымдастырушылар не арандатушылар емес.

Шетелдік агенттер мен диверсанттар қатарындағы ұйымдастырушыларды алдын-ала арнаулы қызмет өкілдері анықтауы керек. Олай болмаса, олар өз жұмысын тиімді атқарып отыр ма дегенсұрақ туады. Бірақ әдетте мұндай оқиғалар кезінде өз ашу-ызасын халыққа жеткізген қатардағы азаматтар жиі кездеседі. Сәтбаевта болғандай қатыгез қылмысқа келгенде, олардың рөлі күшейе түседі. Бұған адамның қылмыс үстінде ұсталғандай жағдайда табылуы да әсер етеді.

Сәтпаев қаласында тұрғындар биліктен күдіктіні беруді талап етті (видео - орыс тілінде)

Арандатушылар билікті жек көретін, одан жәбір көргендер немесе жай ғана полиция қызметкерлеріне өштескен қарапайым қылмыстық топ өкілі болуы да мүмкін. Мұндай топтың ішінде "нақты бір мәселеге" қатысты қыжылы бар азаматтар да кездеседі. Бірақ көбіне бұл соңғы кезде елде орнаған өмір салтына қарсы жалпылама ашу-ызаның көрінісі деуге болады. Бұл – кедейлік, жұмыс пен табыстың, ертеңгі күнге деген сенімнің болмауы, пікір білдірудің көзсіз ашуға берілуден басқа жолын таба алмау, жаппай шарасыздық сезімі сияқты ортақ мәселеге айналған жеке қиындықтар жиынтығы. Бұған жергілікті құқық қорғау және сот жүйесінің криминализациясынан, жергілікті мафия, рейдерлік, тамыр-таныстық пен жемқорлықтың ерекшелігінен туған наразылықты қосыңыз. Бұл жерде "мықтылар ар-ұяттан безген адамдар болса да, билігінің арқасында ештеңеден қорықпай, байлыққа малынып, жазасыз өмір сүріп жатыр" деген түсінік те бар. Осының бәрін қоссаңыз, қандай себеппен болсын, наразылыққа қатысатын орташа деңгейлі азаматтың портреті шығады. Міне, елдегі наразылықтың кез келген сәтте көшеге шығуға дайын әлеуметтік базасы – осы. Олар енді полиция бөлімшесі мен мемлекеттік мекемелерді қиратудан қорықпайды.

Полиция баяғы әдетінше бес-алты "бүлікшіні" ұстап, жазалайды, бірақ одан шығатын нәтиже нөлге тең.

Полиция баяғы әдетінше бес-алты "бүлікшіні" ұстап, жазалайды, бірақ одан шығатын нәтиже нөлге тең. Өйткені бұл акцияға дейін мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде болған "ақпараттық дауыл" "көшбасшысы жоқ қозғалыс" алгоритмі бойынша өрбиді. Бұл – "бәрін түрмеге жаба алмайсың" деген жалпыға ортақ түсінік. Ал қорқытып-үркіту акциялары наразылықты одан әрі күшейте түседі. Нәтижесінде наразылық толқыны осы жерде және уақытша басылғанымен, тағы бір жерде қарсылық ұшқыны жалынға ұласатынын бәрі түсінеді.

"БИЛІК КҮТПЕГЕН ЖЕРДЕН СОҚҚЫ АЛАТЫН БОЛАДЫ"

Азаттық: Елдегі тұрақсыздықты көздейтін күштер бар деп ойлап көрсек, бұл қандай күштер болуы мүмкін? Бұл Қазақстанда әлі аяқталмады деп есептелетін саяси транзитпен байланысты ма?

Дастан Қадыржанов: Қазақстандағы қоғамдық қатынастардың қазіргі ахуалы жағдайды тұрақсыздандыруды көздеген ішкі және сыртқы күштерге үлкен алаң ұсынып отыр. Бұл мәселелерге қарсы тұратын мемлекеттік машина ескі және ол қоғамды одақтасы көрмейді, ұлттық мүдденің ортақ базасын құра алмайды. Ол ұлттық деп көрсететін мүдделердің бәрі іс жүзінде біреудің бас пайдасы болып шыға келеді. Тек арнаулы қызмет пен полиция, қоқан-лоқы мен шектеу, ал бастысы, соңғы кезде байқалған жүйелі алым-салық арқылы ғана сөйлескен қоғамнан жаппай қолдау күтуге болмайды.

Шорнақ ауылында не болды? (24 шілде 2020 ж.)

Бірнеше азамат жараланған, 80 адам ұсталған. Шорнақта не болды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:40 0:00

Бұл билік үнемі күтпеген тұстан соққы алатын болады. Ал қоғам бұған қол соғып, режимнің халыққа істегенін өзіне қайтарады. Бұл қайғылы көрініс, өйткені жалпы алғанда, мемлекет сыртқы күштер, ішкі мәселелер мен басқаруға көнбейтін наразылық кезіндегі "дауылдың" алдында әлсіз, манипуляцияға қолайлы жағдайға түсіп отыр.

Тек арнаулы қызмет пен полиция, қоқан-лоқы мен шектеу, ал бастысы, соңғы кезде байқалған жүйелі алым-салық арқылы ғана сөйлескен қоғамнан жаппай қолдау күтуге болмайды.

Президент Тоқаевтың үндеуімен бәрі саяси талабын бейбіт, конструктивті түрде жеткізуге тырысқан кезең нәтижесіз аяқталды. Елде ешқандай шынайы саяси реформа жүрмеді. Реформаның қозғаушы күші болатын әлеуметтік базаны көшелер мен алаңдарда күшпен таратып, тұтқындап, келісімге келместен, агрессивті түрде қорқытып-үркіту және бөліп-жару машинасымен жойып жіберді.

Сондай-ақ халық арасында опасыздық пен арсыздықты білдіретін "Қосанов" жобасынан қалған деморализация іздері бар. Бұл жоба биліктің жергілікті жердегі белгілі бір мәселесін шешіп берді, бірақ қоғамды алдағы мәжіліске сайлауды қоса алғанда, болашақта өтетін барлық саяси науқанда келісімге келу мүмкіндігінен айырды. Бұл жағдай қазіргі күрделі саяси кезеңнің кез келген позитивті тұсын жойып, қоғамның келісімге келу қабілетіне ұзақ уақытқа дейін немесе мәңгілікке нұқсан келтірді.

Нәтижесі айдан-анық: билік жалғыз өзі наразылық пен толқулармен бетпе-бет қалды, әзірге байқалатын жалғыз нәтиже – осы… Тек бұл – Қазақстанды басқарып отырғандардың саяси қызметінің, транзиттің болмауының нәтижесі.

"ШАРАСЫЗДЫҚ ҮСТЕМДІК ҚҰРАДЫ"

Азаттық: Сәтбаевтағы жағдаймен бір уақытта елдің басқа өңірінде де оқыс жағдай болды. Түркістан облысында қазақтар мен өзбектер тұратын ауыл жастары арасында туған дау ұлтаралық кикілжіңге ұласа жаздады. Тағы да арнаулы жасақ пен әскерилер тартылды. Бұл оқиғаға да осыған дейін болған ұлтаралық жанжалдар сияқты тұрмыстық сипат берілді. Неге билік мұндай жанжалдарды үнемі "тұрмыстық оқиға" етіп көрсетеді?

Дастан Қадыржанов: Бұл – жанжалды "әлеуметтік" немесе "саяси" емес, "тұрмыстық" деп атаса, бәрі "бұл жүйелі мәселе емес, кездейсоқтық", "қалыптасқан саяси жағдайға қауіп жоқ" дегенге сенеді деп ойлайтын қарт идеологтардың ақпараттық инерциясы. Біздегі идеологиялық патерннің ескіргені соншалық, тіпті, күлкің келеді. Көтеріліс, наразылық, бүлік пен революцияның себебі көбіне не тұрмыстық, не қылмыстық сипатқа ие болады. Адамдар алғышарттар мен себеп – екі бөлек дүние екенін жақсы түсінеді. Наразылыққа әкелген кез келген тұрмыстық және қылмыстық себептің артында дағдарыс жағдайындағы үлкен жүйелі мәселе тұр.

Неліктен Сәтбаев тұрғындары қылмыскерді жазалауды қоғамның өзіне беруді сұрады? Бұған елімізде зорлық жасаған азаматтар қылмысына сай жазаланбайды деген ой ғана емес, "полиция, сот, бақылаушы органдар мен саяси билік қылмыскерге әділ жаза кеседі" дегенге ешкімнің сенбеуі де түрткі болды. Бұл шарасыздықты бәрі сезіп отыр. Әр апта сайын не президенттің, не мемлекеттегі басқа бір басшының жеке бақылауына алынған бір іс шығатынын байқаған шығарсыз? Неге бұлай болып жүр? Өйткені бір де бір жүйе жұмыс істемейді. Олардың бәрі "қолмен басқаруды", шұғыл дағдарыс менеджментін жүргізуді талап етеді. Турасын айтсақ, Ақорда билігіне кім келсе де, сол күйі басталмай қалған түбегейлі реформаны қолға алуы керек.

Азаттық: Жамбыл облысы Қордай ауданында ақпанда болған оқиға кезінде тұтас бір этникалық топқа қарсы зорлық-зомбылық жасалуы мүмкін екенін көрдік. Бұл неден хабар береді?

Жараның бетіне дәрі жағып, себебін "тұрмыстық" деп көрсетіп, бәрі соған сенгендей кейіп танытты.

Дастан Қадыржанов: Қордайға байланысты ақпараттық науқан мен қоғамдық зерттеу сол күйі соңына дейін жүргізілмеді. Бәрі әдеттегідей "ұлтаралық сипаты бар тұрмыстық жанжал" деумен аяқталды. Мұндай тіркес ештеңені түсіндірмейді, шешілуі қажет жүйелі мәселелерді қозғамайды, бәрін келесі жанжалға дейін сол қалпында жылы жауып қояды. Қоғам "Мұндай жанжалдар қайталанбауы үшін не істеу керек?" деген сұраққа жауап ала алмады. Ол жерде біреу жеке мәселесін шешіп, елдің ұлтаралық саясатына дақ түскенін қанағат тұтты деген күдік туды.

Жанжалға осы өңірде басты рөлді этникалық қарым-қатынас емес, бизнес пен биліктің ортақ қылмыстық мүдде аясында ымы-жымы бір болуы ойнайтыны негіз болуы ықтимал, өйткені шын мәнінде өңірдегі жағдайды мемлекеттік-қылмыстық мафия басқарады, онда "жоғарыдағы" ықпалды адамдардың да рөлі зор деген пікір айтуға талпынып көргендер де болды. Бірақ ешкім бұл мәселені соңына дейін талдаған жоқ. Тағы да "жеке әрі қатаң бақылауға алудан" ешқандай нәтиже шықпады. Жараның бетіне дәрі жағып, себебін "тұрмыстық" деп көрсетіп, бәрі соған сенгендей кейіп танытты. "Бәрі жақсы, ары қарай жүре берейік, келесі бір оқиғаның шығуын күтеміз" дегендей болды.

"БІЗГЕ БІРНӘРСЕ ҰНАМАСА, АУЗЫМЫЗДЫ ЖАБАДЫ"

Азаттық: Тәртіпсіздікке ұласатын кикілжіңдерден қандай сабақ алу керек?

Дастан Қадыржанов: Елдің алдында өте қатаң таңдау тұр: не реформа, не басқаруға көнбейтін, немен аяқталары және елде қандай жаңа "қызу ошақтардың" пайда болуына әсер етері белгісіз революция. Революция болғанын қалайтын адамдар бар деп ойлау – ақымақтық. Есі дұрыс адам мәселе бейбіт жолмен шешілер деп үміттенеді. Бірақ ол шешім қабылдайтын тетіктерді қолына жинағандардың мәселені шешуге саусағының ұшын да қимылдатпай, "әй, өтіп кетеді" дегенін көргенде, шарасыздық үстемдік құрады. Тоқаев енгізген өзгерістерді қолында мүлкі барлар мен жоқтарды, биліктегілер мен оларға жұмыс істейтіндерді қамтыған жүйелі реформа деп атауға келмейді. Биліктегілерде бұрынғыша "олар" және "біз" деген түсінік бар. Жоғарыдан кемсіте қарап отыр. Қазіргі әлеуметтік-саяси қарым-қатынас кезінде Ақорда реформа жүргізе алмағаны былай тұрсын, оны қай тұстан бастарын да білмей отырғанға ұқсайды.

Болашақта наразылық пен шарасыздық итермелейтін агрессияға ілік болатын "тұрмыстық себептерді" санар болсақ саусақ жетпейді.

Әлеуметтік желілерде әртүрлі бот-фермалардан шыққан боттар көп. Адамдарды кемсітіп, қудалау жалғасып жатыр. Бұл үшін біреу жауап бере ме? Жоқ.

Билік қоғаммен "біз қалағанымызды істейміз, ал сендер осыған бағынып, талқыламауларың керек" деген тұрғыда сөйлесуді қоюы керек. Болашақта наразылық пен шарасыздық итермелейтін агрессияға ілік болатын "тұрмыстық себептерді" санар болсақ саусақ жетпейді. Бұл билік жасауы керек қорытындыға қатысты. Ал Қазақстанның қарапайым азаматтары қандай қорытынды шығаруы керек? Ешқандай, бәрібір бұл ойды шынайы өзгеріске себеп болатындай етіп, заңды түрде жеткізетін алаң жоқ. Азаматтарға жеке пікірін азаматтық ар-ожданын қорлатпай жеткізуге мүмкіндік беретін ешқандай заңды құрал берілмеген. Біз маңызды шешімдер қабылдауға қатысудың кез келген формасынан шеттетілгенбіз. Бізге бірнәрсе ұнамаса, бізді тыңдамайды, агрессивті әдістермен аузымызды жабады. Алда тарихи оқиғалардың барысын елдегі жүйелі парадигмалар емес, басқаруға көнбейтін күш анықтайтын уақыт келе жатыр. Өйткені олар жақыннан қарағанда ғана жүйе болып көрінеді, ал шын мәнінде ондай емес.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG