Accessibility links

Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын мәжіліске жіберді


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Twitter-дегі ресми аккаунтында жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын парламенттің төменгі палатасы – мәжіліске жолдағаны туралы хабарлама жарияланды. Қазақстан президенті бұл мәселеде заң шығаруға бастамашы болу құқығын пайдаланғанын айтқан.

Қазір елде ауылшаруашылық жерін коммерциялық мақсатта жалға беріп, сатуға моратарий бар. Оның енгізілуіне 2016 жылғы сәуір-мамыр айларындағы "жер митингілері" себеп болған. Үкіметтің жер кодексіне өзгеріс енгізу жоспары елдің көп аймағындағы жұрттың наразылығын туғызып, жер-жерде жаппай қарсылық акциялары өткен. Наразылық білдірген жұрт бұл жер реформасын "Қазақстан жерін шетелдіктерге беруді заңдастыру" деп қабылдаған.

Жаппай наразылық сәуір айында Атырау қаласында басталып, кейін басқа аймақтарға жайылған. Билік өкілдері басында митингіге шыққандарды сабасына түсіруге тырысқанымен, кейіннен белсенділерді ұстап, тұтқындау әдісіне көшті. Ұсталғандардың көбі бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды деп айыпталды.

Халық наразылығына байланысты жер кодексінің бұл нормаларына уақытша мораторий жарияланып, бірнеше министр отставкаға кеткен. Өкімет мәселені талқылау мақсатында қоғамдық кеңес құрған.

Атырауда 2016 жылғы 24 сәуірде өткен үлкен жиыннан кейін азаматтық белсенділер Талғат Аян мен Макс Боқаев тұтқындалды. Сол жылы қарашада екеуі де "араздық қоздырды", "көрінеу жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Екеуі де бұл айыптаудың саяси астары бар деп, үкіммен келіспеді.

2018 жылғы сәуірде Талғат Аянның қылмыстық жазасы "бостандығын шектеу" жазасына өзгертілді, ал 2019 жылғы шілдеде жазаны мүлде алып тастады. Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп атаған Макс Боқаев кінәсін мойындаудан бас тартып, кесілген жаза мерзімін толық өтеп, биыл ақпанда түрмеден босап шықты. Сот оған әлі де көп шектеу қойып отыр.

Жер кодексінің ауылшаруашылық мақсатындағы жерді жалға беру мен сатуға қатысты кей баптарына қойылған мораторий 2021 жылдың желтоқсанында аяқталуы керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG