Денсаулық сақтау министрлігі сәуір айындағы эпидемиологиялық ахуал жөнінде болжам жасады. Министрлік сәуір айында күніне 500 мен 1700 аралығында науқас анықталуы мүмкін дейді.
"Оптимистік сценарий бойынша сәуір айында күніне 500 науқасқа дейін тіркелуі мүмкін. Ал пессимистік сценарий бойынша бұл көрсеткіш 1700-ге дейін жетуі мүмкін" деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сейсенбі күнгі үкімет отырысы кезінде.
Оның сөзіне қарағанда, вакцинация әзірге эпидемиологиялық ахуалға әсер ете қоймайды. Себебі, адам ағзасында иммунитет қалыптасу үшін біраз уақыт керек.
Министрдің айтуынша, соңғы мәлімет бойынша шамамен 76,2 мың адамға коронавирусқа қарсы вакцина егілген. Бұл жыл соңына дейін егілуі тиіс (6 млн адам) тұрғынның шамамен 1,27 пайызын құрайды. Ал жалпы тұрғындардың 0,4 пайызына тең.
Бұған дейін денсаулық сақтау саласының шенеуніктері елде тұрғынардың 55-60 пайызына коронавирусқа қарсы вакцина егілген жағдайда ұжымдық иммунитет қалыптасатынын, сәйкесінше бұл коронавирусқа шалдыққандар санын азайтуға мүмкіндік береді деп айтқан.
Қазір елде 350-ге жуық егу пункті істеп жатыр. Сәуір айынан бастап созылмалы ауруға шалдыққан, 65 жастан асқандар мен өзге де тұрғындарға вакцина егіле бастайды. Алғашқы кезеңде тұрғындарға ресейлік вакцина салынып жатыр.
Қазір елде күн сайын шамамен 850-1000-нан астам адамнан коронавирус анықталып жүр. Індет басталғалы бері коронавирус пневмониясына шалдыққандарды есептегенде 265 мыңнан астам адам Covid-ке шалдыққан. 3500-ден астам адам қайтыс болған.
Коронавирус бойынша Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан, Батыс Қазақстан облысы – "қызыл аймақта". Қарағанды, Ақмола, Атырау және Алматы облыстары – "сары аймақта". Қалған облыстар мен қалалар – "жасыл аймақта".
ПІКІРЛЕР