Accessibility links

Қытай консулдығындағы наразылықтан хабар таратқан белсенді Facebook пен поштасының бұзылғанын айтты


Алматы тұрғыны Байболат Күнболатұлы Қытай консулдығына келіп, "1,5 жылдан бері лагерьде қамауда отырған" інісінің хәлі туралы хабар беруді талап етті. 22 қаңтар 2020 жыл.
Алматы тұрғыны Байболат Күнболатұлы Қытай консулдығына келіп, "1,5 жылдан бері лагерьде қамауда отырған" інісінің хәлі туралы хабар беруді талап етті. 22 қаңтар 2020 жыл.

Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап, Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық өткізіп жүргендер туралы тікелей эфирде хабар таратқан белсенді Байболат Күнболатұлы Facebook аккаунты мен электронды поштасы бұзылғанын хабарлады. Оның Азаттыққа айтуынша, бұл оқиға 16 наурыз күндіз басталған. Ол кезде белсенді консулдық алдындағы кезекті наразылықтан тікелей эфирде хабар таратып жатқан.

– Тікелей эфир жүріп жатқан кезде Facebook-тан өзінен өзім шығып кеттім. Қайта кірейін десем, пароль сұрады. Күнделікті қолданып жүрген паролімді жазып едім, дұрыс емес болып шықты. Өлгенде әйтеуір электронды поштам арқылы жаңа запрос жіберіп жатып, жаңа пароль алып, кіріп едім – кірді. Қарасам бүгін шығарған видеолардың бәрі өшіп қалған екен. Тікелей эфирді жалғастырмақ болып едім, қайтадан өшіп қалды. Осылайша бірнеше рет қайталанды. Ақыр аяғында электронды поштама да кіре алмай қалдым. Қалпына келтіру мүмкін болмады, – дейді белсенді.

Оның сөзіне қарағанда, кейінірек таныстары Facebook-тегі аккаунтының мүлде жойылғанын айтқан. Белсендінің аккаунты жойылғанын Азаттық тілшісі де байқады.

Байболат Күнболатұлы Facebook-ке шағымданып, аккаунтын қалпына келтіру туралы өтініш жазу ниеті бар екенін де айтты. Ол бұл оқиға консулдық алдындағы наразылықтан хабар таратып, көрсеткен белсенділігімен байланысты болуы мүмкін деп болжайды.

– Екі жылдан бері Қытайда жазықтан-жазықсыз сотталған бауырымды іздеп, Facebook-те мәліметтер жазып келемін. Ал соңғы 37 күн бойы Қытай консулдығының алдында Қытай геноцидіне қарсы туған-туыстарына араша сұрап жүрген бір топ ананы түсіріп келемін. Бұл оқиғаның соған қатысы болуы мүмкін, – дейді белсенді.

Ол әзірге полицияға шағымданбаған.

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында бір айдан астам уақыттан бері бір топ адам Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, оларды елге қайтаруды талап етіп келеді. Осы уақыт аралығында консулдықтан оларға ешкім шыққан жоқ. Жергілікті әкімдік өкілдері "шараның заңсыз" екенін ескертіп, полиция бір-екеуін "митинг заңы" бойынша әкімшілік қамауға алған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі консулдық алдындағы наразылыққа байланысты туыстарын іздеген адамдардың арызын қарастыру бойынша Қытай тарабына өтініш айтылды деп мәлімдеген. Ал Қытайдың Қазақстандағы елшісі 15 наурызда Шыңжаңда қамалған қазақтардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "заң бұзғанын" айтқан.

Жергілікті полиция 15 наурыздан бастап наразыларды консулдық алдына жібермей жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG