Accessibility links

Семейде "Абай Арена" мен бір көшеге Назарбаевтың есімін беру бастамасы көтерілді


Семейдегі бұл стадион "Елбасы Арена" деп аталуы мүмкін.
Семейдегі бұл стадион "Елбасы Арена" деп аталуы мүмкін.

Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы бір көше Назарбаев даңғылы, ал стадион "Елбасы Арена" деп аталуы мүмкін. Жергілікті мәслихаттың хабарлауынша, бұл бастаманы "танымал спортшылар, қоғам қайраткерлері, интеллигенция өкілдері, жастар, ҮЕҰ, БАҚ және белсенділер енетін бастамашыл топ" ұсынған.

Бастамашыл топ Қарағайлы шағын ауданындағы көшеге және "Абай арена" стадионына (қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың құрметіне қойылған) елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді сұраған.

Депутаттар бір ауыздан бұл ұсынысты қалалық мәслихаттың жақын сессиясында қарастыруды қолдады.

"Қазақстанның бірінші президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елге сіңірген еңбегі мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне осындай бастама көтерілді" деп жазылған мәслихат хабарламасында. Хабарламада бұл сұрақты талқылауға "өздері келіп және онлайн түрде он мың адам қатысқаны" жазылған.

Бұған дейін БАҚ беттерінде бұл бастаманы балуан әрі қалалық мәслихат депутаты Айбек Нұғымаров көтергені айтылған еді. Ол басылымдарға берген сұхбатында "хатқа қаладағы барлық белсенді қол қойды" деді.

Бұл бастама көтерілген тұста желіде қарсы пікірлер көбейді. Жұрттар "жағымпаздық пен бассыздықтың шеті мен шегі жоқ па?" деп бұл бастамаға қарсы шығып жатыр. Мұндай пікірлер көбейген соң Семейдегі жаңалықтарды жариялайтын Facebook желісіндегі топ пікір білдіру функциясын өшіріп тастады.

Қазақстанды отыз жылдай басқарған Назарбаев екі жыл бұрын президенттіктен кеткен. Бірақ ол Қауіпсіздік кеңесінің және биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы ретінде билікке ықпалын сақтап қалды. Ол "Елбасы" статусының арқасында ешқандай қылмыстық жазаға тартылмайды.

Назарбаев президенттіктен кеткен соң ол орнын серіктесі Қасым-Жомарт Тоқаевқа қалдырды. Тоқаев президенттікке келе сала Астана қаласының атын Нұр-Сұлтан деп ауыстырды.

Халықаралық құқық қорғаушылар Назарбаевты авторитарлы басқару жүйесін қолданды деп жиі сынайды. Қазір оның атымен елде әуежай, университет, мектеп, парк, спорт кешені, көшелер, Іле Алатауындағы шың аталады. Ел астанасы мен бірнеше қалада оның ескерткіші бар.

Былтыр Қазақстан ақын Абайдың 175 жылдығын атап өткен. Пандемия салдарынан Абайдың мерейтойына жоспарланған салтанатты шаралардың көбі өтпей қалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG