Accessibility links

ДДСҰ коронавирусқа қарсы AstraZeneca вакцинасын пайдалана беруге кеңес берді


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирусқа қарсы AstraZeneca вакцинасын пайдалана беруге кеңес берді. Ұйым өкілдері оның пайдасы ықтимал қауіптен молырақ екенін айтты.

Өткен аптадан бері көптеген елдер "вакцина тромбылардың түзілуіне әсер етеді" деген хабарламаға алаңдап, сақтық мақсатында оны егуді тоқтатқан.

Бір күн бұрын Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі вакцина мен қан айналымының нашарлауы арасында байланыс таба алмағанын хабарлаған. AstraZeneca компаниясы да препараттың қауіпсіз екенін айтып отыр.

Еуроодақта вакцина егілген 5 млн адамның ішінде кемінде 30 адамнан тромбылардың түзілуі анықталған.

Ұлыбритания премьер-министр Борис Джонсон AstraZeneca вакцинасына сенімді арттыру мақсатында өзіне де осы вакцинаны салдыртатынын айтты. Ұлыбритания аталған вакцинаның 11 млн дозасын үлестіріп қойған және жергілікті сарапшылар вакцина егілгендер арасында тромбылардың түзілуіне жиі шағымданушылар жоқ екенін айтады.

AstraZeneca вакцинасынан уақытша бас тарту Еуропада онсыз да баяу жүріп жатқан коронавирусқа қарсы вакциналау кампаниясын тежеп отыр. Ал денсаулық сақтау саласының мамандары індеттің үшінші толқыны жайлы айта бастаған.

17 наурызда Брюссель екпе мен коронавирус тестінің қорытындысы жайлы мәліметтер бар электронды сертификат жүйесін енгізгенін де хабарлады. Бұл жазда туристік маусым кезінде Еуроодақ аумағында сапарлауды жеңілдетуі тиіс.

Еурокомиссия өкілдерінің айтуынша, ЕО-ға мүше елдердің бірінде вакцина алған "жасыл сертификаты" бар кез келген адам одақ аумағында коронавирустан қорғалғанын дәлелдей алады.

Мұндай сертификат-паспорттар маусым айының басынан бастап енгізіле бастайды. Деректер QR-код арқылы тексеріледі. Оны қағаз немесе электронды түрде де пайдалана беруге болады деп айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG