Accessibility links

Алматыдағы бар маңында 20 шақты адамның "себебін түсіндірместен" ұсталғаны хабарланды


Алматыдағы бар маңында ұсталғандар полиция департаментінің ауласында тұр. 19 наурыз, 2021 жыл.
Алматыдағы бар маңында ұсталғандар полиция департаментінің ауласында тұр. 19 наурыз, 2021 жыл.

Саясаттанушы әрі "Oyan, Qazaqstan!" оппозициялық қозғалысының мүшесі Димаш Әлжанов 19 наурызда сағат 22.00-да Алматыдағы William Lawson's 13 барының қасында 20-дан астам адамды полиция ұстағанын хабарлады. Ұсталғандар арасында Әлжановтың өзі де болған. Оның Азаттыққа айтуынша, полицейлер жұртты ұстау себебін түсіндірмеген.

– "Нұр Отан" партиясының [логосы жазылған] кеудешесі бар бір адам бастаған топ келіп, барға кіріп кетті. Біз далада тұрғанбыз. Олар адамдарды іріктеп ұстап, автозакқа күштеп сала бастады. "Не істеп жатсыздар?" деп сұраған едік, көлікке бізді де салып алды. Себебін түсіндірген жоқ. Кейбіреулердің телефонын алып қойды. Мені көшеде ұстады. Не үшін екенін түсінбедім. Маска киіп тұрғанмын. Карантин [ережелерін бұзды] деген шығар, бірақ бәрібір ұстауға қақылары жоқ, – деді Әлжанов.

Адамдарды жаппай ұстауға кәсіп нысандарының карантин ережесін сақтау тәртібін тексеретін мониторинг тобы әрекет ету алгоритмінің өзгеруі себеп болуы мүмкін. Азаттық тілшісі Алматыдағы мониторинг тобының басшысына хабарласа алмады. Дегенмен сенімді дереккөздердің айтуынша, 19 наурызда түнгі сағат 10-дар шамасында William Lawson's 13 бары маңынан 20-дан астам адам ұсталып, Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізілген.

Алматы қаласы бас санитар дәрігерінің 13 наурызда күшіне енген № 9 қаулысы бойынша, адам көп жиналатын жабық ғимараттарда маска режимін сақтау тәртібі тексеріліп тұрады. Полицейлер "жабық ғимараттағы маска режимін бұзған" адамдарды полиция басқармасына алып барады, онда санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің қызметкерлері оларға айыппұл салады.

Ереже бұзғанын мойындаған азамат айыппұлдың 50 пайызын төлеуі тиіс, онымен келіспеген жағдайда айыппұлды (87 мың теңге) толық өтеу керек болады.

Кейін Әлжанов ұсталғандардың босатылғанын хабарлады. Бардың маңында ұсталған адамдардың ешқайсына айыппұл салынбаған.

– [Ереже бұзғанымыз туралы] хаттама көрсетуді талап еткен соң бізді босатып жіберді. Қызметкерлер "Видеоға түсірілмепсіңдер" деген, бірақ бізді үш сағат бойы босқа ұстады. Телефонға түсіруге рұқсат бермеді. Ең соңынан босатты. Адамдарды ұстаудың не керегі бар? Сол жерде айыппұл жазып бере салса да болады ғой. Олар бізді негізсіз ұстады, соңынан мүлде ереже бұзбаған болып шықтық, – дейді белсенді.

10 наурызда Алматы Covid инфекциясын жұқтыру көрсеткіші бойынша "қызыл аймаққа" кіріп, қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин карантинді күшейткен. Оған сәйкес жабық ғимараттағы қоғамдық тамақтану нысаны шектелген адам санымен сағат 20.00-ге дейін ғана жұмыс істей алады. 20 наурыздан бұл ережеге өзгеріс енді, енді ғимараттағы қоғамдық тамақтану орны сағат 21-ге дейін жұмыс істейді.

Димаш Әлжанов былтыр әлеуметтік желіде билікегі "Нұр Отан" партиясын коронавируспен күресте дәрменсіздік танытты деп сынаған посттары үшін "қасақана жалған ақпарат таратты" деп айыпталып, үш жыл бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG