Accessibility links

Халықаралық ұйымдар Қырғызстандағы жаңа Конституция жобасын сынға алды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қырғызстандағы жаңа Конституция жобасы билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікке және демократия мен заң үстемдігі үшін маңызды саналатын адам еркіндігі принциптеріне қауіп төндіреді. Еуропа кеңесінің Венеция комиссиясы мен ЕҚЫҰ-ның Демократия институттары және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) Қырғызстанның Конституция жобасына қатысты бірлескен мәлімдемесінде осылай делінген.

Мәлімдемеде негізгі заңның жаңа жобасын әзірлеу және қабылдау процедурасында көп кемшілік болғаны, жалпыны қамтитын, ақпаратқа қанық, жан-жақты пікірталастың жетіспегені айтылады.

Еуропа одағы Қырғызстан халықаралық стандарттар мен мойнына алған міндеттемелеріне сәйкес демократия принциптерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі тиіс деп санайды. «Сондықтан жаңа Конституция жобасында Венеция комиссиясы мен ЕҚЫҰ ДИАҚБ тұжырымдарына ескерген жөн» деп санайды делінген Еуроодақ мәлімдемесінде.

Ел парламентінде заң жобасын талқылау кезінде дау-дамай көп болды. Депутаттардың бір бөлігі құжатты қабылдау кезінде процедуралар бұзылғанын айтты. Кей депутаттар мен заңгер мамандар Конституция жобасы әлі де желтілдіруді қажет ететінін, құжатты бұл күйінде референдумға шығаруға болмайтынын мәлімдеген. Халықаралық ұйымдар да заң жобасын кері қайтаруға шақырған. Жаңа Конституцияны қолдамайтындар бұл құжат президенттің билікті узурпациялауына жол береді деп санайды.

Конституция реформасын жақтайтындар елдің қазіргі негізгі заңы тиімсіз деп санайды және президент жауапкершілігін күшейткен дұрыс дейді.

10 қаңтарда президент сайлауымен бірге өткен референдумда Қырғызстан халқының басым көпшілігі парламенттік басқарудан президенттік басқару формасына ауысуды жақтаған.

Қырғызстанда 11 сәуірде жергілікті өкілдік орган – кеңештер сайлауымен бірге жаңа Конституция жобасы бойынша референдум өтпек. Бұл жөніндегі заңға президент Садыр Жапаров 12 наурызда қол қойды. Азаттыққа берген сұхбатында Жапаров негізгі заң бойынша барлық жауапкершілік оны қабылдау мақсатында құрылған конституциялық кеңестің мойнында деген пікір айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG