Accessibility links

Сәтбаев қаласында мейрам күні азаматтық белсендіні тергеуге шақырды


Бүркітбай Насырханов.
Бүркітбай Насырханов.

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының 53 жастағы тұрғыны Бүркітбай Насырханов қылмыстық іс бойынша полиция бөліміне тергеуге шақырылғанын хабарлады. Оған қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-тармағы бойынша ("Тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу") айып тағылып отыр. Белсендінің сөзінше, шақырту қағазын өзіне жеке тапсырмаған, есігінің алдына қалдырып кеткен. Белсенді Азаттыққа полицияның "аңдып отырғанын" айтты.

– Шақырту қағазын қолыма алмадым, оған ешкім қол қойған жоқ. Тергеуге барудан бас тартпаймын, бірақ мейрамнан кейін шақыруға болмай ма? Мереке, демалыс күні шақырудың қажеті қанша? Отбасымның мерекелік көңіл-күйін бұзды. Шамасы мені бір жаққа шығады деп ойлаған болар. Құқық қорғау жүйесі тек қана билік мүддесі үшін жұмыс істейді. Осыдан жалықтым. Олар менің өмірімді ойран етті. Ал менің бар айыбым – жұмыс істеп жүрген кеншілердің мәселесін көтергенім, – дейді Азаттыққа Бүркітбай Насырханов.

Насырханов есігінің алдына тастап кеткен шақырту қағазында оның 21 наурыз күні полиция бөліміне "күдікті ретінде" тергеуге шақырылғаны жазылған.

"Келмеген жағдайда күштеп әкелу шарасы қолданылады" деп жазылған шақыртуда. Қағазға Сәтбаев полициясы тергеу бөлімі басшысының орынбасары Тахир Дүйсембаев қол қойған.

Оған Facebook парақшасына "экстремистік сипаттағы" материал, азаматтарды "билікті орнынан тайдыруға және ҚДТ экстремистік ұйымын қолдауға" шақырған видеоүндеу жариялады деген айып тағылды. Насырхановтың өзі тыйым салынған ұйымдарға мүше болмағанын, заңға қарсы әрекет етпегенін, әлеуметтік желіде елдегі жағдайға наразылық білдіріп, билікті сынағаны үшін ғана қудалауға ұшырап отырғанын айтады.

Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның мәліметінше, билік тыйым салған екі ұйымның – "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясы" – "қызметіне қатысты" деген айып 265 белсендіге тағылып отыр. Құқық қорғаушының сөзінше, олар осылайша азаматтық ұстанымы үшін қудаланып отыр. Қазақстанда бейбіт митингі мен пикет өткізгені үшін мыңдаған адам әкімшілік іспен қудаланып отыр дейді ол.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясы"

"Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын" (ҚДТ) 2017 жылы бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. Қозғалыстың мақсаты – "демократиялық өзгерістер енгізу үшін Қазақстан қоғамындағы барлық күшті біріктіру". ҚДТ президент қызметінен бас тартуға, бір палаталы заң шығарушы органы бар парламенттік республика құруға, тікелей сайлау өткізіп, адам құқықтарын қорғауға үндейді. Қозғалыс өткізген наразылық шаралары азаматтардың ұсталуымен аяқталған, билік бұл акцияларды заңсыз деп атаған.

2018 жылы астананың Есіл аудандық соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тануды сұраған бас прокуратураның өтінішін қанағаттандырды. Қозғалыстың қызметін тоқтату туралы сот шешімі жарияланған жоқ.

2020 жылы ақпанда қазақстандық белсенділер тобы парламенттік республикаға өтуді көздейтін "Көше партиясы" қозғалысының құрылғанын жариялады. Үш айдан кейін, мамырда дәл сол Есіл аудандық соты "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салды. Бас прокуратура ҚДТ ұйымының өзгеріп, осы қозғалысқа "айналғанын" айтты. Бұл сот шешімі де жарияланған жоқ.

Белсенділердің айтуынша, "Көше партиясы" –тәуелсіз қозғалыс. Былтыр маусымда астана соты Есіл аудандық сотының "Көше партиясы" қозғалысының қызметіне тыйым салу туралы шешіміне қарсы берілген апелляцияны қарамай қайтарды. Сот мұның себебін апелляция берген бастамашыл топ мүшелері іске қатысы бар тарапқа жатпайды деп түсіндірді.

Төреғожинаның сөзінше, белсенділер билік пен шетелде жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың арасындағы "соғыстың құрбаны" болып отыр.

Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі 2021 жылы 11 ақпанда қабылданған қарарында елдегі ахуалдың нашарлап кеткені айтылады. Еуропа заң шығарушылары "антиэкстремистік заңнаманы ҚДТ және "Көше партиясы" жақтастарына қарсы қолданылуын айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "саяси плюрализм мен бәсекеге" жол ашуға шақырды. Қарарда депутаттар Қазақстан билігі саяси астары бар істердің бәрін доғарып, "жосықсыз ұстау, репрессиялау және қудалаудың барлық формасын" жоюы тиіс дейді.

Жаңалықты жариялау сәтінде белсендінің әйелі полицияның үйіне келіп, Бүркітбай Насырхановты тергеуге алып кеткенін хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG