Accessibility links

Ресей думасы Путиннің президенттік мерзімін "нөлден бастайтын" заң жобасын мақұлдады


Ресейдегі конституция реформасына наразылардың пикетіне қатысушы
Ресейдегі конституция реформасына наразылардың пикетіне қатысушы

Ресей парламентінің төмегі палатасы – мемлекеттік дума 24 наурызда сайлау және референдум туралы заңнаманы Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкестендіру туралы заң жобасын соңғы – үшінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат президент Владимир Путиннің мемлекет басшысы қызметіне кандидатурасын қайта ұсынуына мүмкіндік береді.

Енгізілген өзгеріске сәйкес, "бір адам президент қызметін екі мерзімнен артық атқара алмайды" деген норма қазіргі мемлекет басшысына да қолданылады, бірақ оның бұған дейінгі президент болған мерзімі есепке алынбайды. Демек Путин тағы екі мерзім президент қызметін атқаруға хақылы болмақ.

Жаңа өзгерістер бойынша, жасы 35-тен асқан, Ресей аумағында кемі 25 жыл тұрақты тұратын, шетел азаматтығы жоқ және ешқашан болмаған, өзге елде ықтиярхатпен де тұрмаған адам Ресей президенті болып сайлана алады. Дегенмен мемлекет не оның бөлігі Ресей құрамына кейін қосылса, онда тұратын адамның азаматтығына қатысты бұл талаптар қолданылмайды.

Ресей президенті Конституцияға өзгеріс енгізу туралы бастаманы былтыр қаңтарда көтерген. Наурызда іс жүзінде Путиннің 2036 жылға дейін президент болуына мүмкіндік беретін нормалары бар заң жобасын мемлекеттік дума бірінші оқылымда мақұлдады. Кейін бұл жоба бірнеше күн қатарынан өтіп, 1 шілдеде аяқталған референдумда бекітілді.

Ресей билігі шетел агенті тізіміндегі коммерциялық емес ұйым қатарына қосқан "Левада-центр" орталығының зерттеуіне сәйкес, ресейліктердің 41 пайызы Путиннің 2024 жылдан кейін президент болғанын қаламайды. Путиннің қайта сайланғанын қаламайтындардың жартысына жуығы оның ұзақ отырғанын, жұртты жалықтырғанын және зейнетке кетуі тиіс екенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG