БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңесі былтыр тамыз айында Беларусьте болған президент сайлауынан кейін туындаған жағдайды зерттейтін топ құруды мақұлдады.
Бұл ұсынысты кеңестің 20 мүшесі қолдаған. Ресей бастаған жеті мемлекет топ құру туралы ұсынысқа қарсы шыққан. 20 мемлекет қалыс қалған. Құжатта Беларусь билігінің наразылықты күшпен басып-жаншуын зерттеу қажеттілігі айтылған.
"Біз Беларусь халқын қолдайтынымызды көрсетуіміз керек және адам құқығын өрескел бұзғандарды жауапқа тартуымыз керек" деді Еуроодақ атынан сөйлеген Португалия өкілі Руи Масейра. Еуроодақ осыған дейін Беларусь бойынша резолюция қабылдау туралы бастама көтерген.
Құжат қабылданбай тұрып халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымының бейбіт митингіге қатысушылардың құқықтарын қорғауға шақырған мәлімдемесі жарияланды. Ұйым Беларусьте бейбіт митингілер бұдан әрі қарай да аяусыз күшпен басып-жаншыла ма деп алаңдаған. Бұған дейін Беларусь оппозициясы 25 наурызда әділ сайлауды талап еткен қарсылық шарасын жандандыратынын мәлімдеген.
Беларусь орталық сайлау комиссиясы сайлаудан кейін Александр Лукашенконы алтыншы мерзімге сайланған мемлекет басшысы ретінде таныған. Наразылар сайлау кезінде жаппай дауыс ұрланғанын алға тартады және оппозиция кандидаты Светлана Тихановская жеңді деп санайды. Тихановская биліктің қысымымен сайлаудан кейін елден кетуге мәжбүр болды.
- 2020 жылдың 9 тамызынан бері жалғасып келе жатқан жаппай наразылық кезінде ондаған мың адам ұсталған, көптеген қылмыстық іс қозғалды.
- Құқық қорғау топтары шамамен мыңдаған азаптау мен қорлау фактісін тіркеді. 290 адам саяси тұтқындар тізіміне енгізілді. Оппозиция дерегінше, кемінде 8 адам қаза болған.
- Александр Лукашенко мен күштік құрылымдар наразылықтың артында "батыс қуыршақтары" тұр деп санайды.
ПІКІРЛЕР