Accessibility links

Қырғызстанда дәрігерлер қытайлық вакцинадан бас тартып жатыр


Коронавирусқа қарсы қытайлық вакцина.
Коронавирусқа қарсы қытайлық вакцина.

Қырғызстанда дәрігерлердің көбі ресейлік вакцина салдыртқысы келеді. Көбі қытайлық вакцинаға қарсы. Бұл туралы Қырғызстан денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілі, эпидемиолог-иммунолог Бурул Асыкбекова Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында айтқан.

Дегенмен ол қытайлық вакцинадан бас тартқандардың нақты саны мен бас тартуының себебі жөнінде толық мәлімет вакциналау кампаниясы басталғаннан кейін белгілі болатынын жеткізген.

"Ұлттық жоспарға сәйкес, біз кімге вакцина салынатынын анықтап алуға тиіспіз. Коронавируспен ауырып шыққан медиктер арасында бас тартып жатқандар көп. Қазір интернетте түрлі ақпарат шығып жатыр, соның бәрін оқиды. Көбі ресейлік вакцинаны салдыртқысы келеді" деді Асыкбекова.

Қырғызстанда 29 наурызда тұрғындарға коронавирусқа қарсы вакцина егіле бастайды. Жақында Қырғызстанға қытайлық Sinopharm компаниясының коронавирусқа қарсы вакцинасының 150 мың дозасы жеткізілген. Бұл 75 мың адамды вакциналауға жетеді.

Бірінші кезекте коронавирус жұққандарды емдейтін медицина қызметкерлері, жедел жәрдем қызметкерлері, сонымен бірге білім беру мекемелері және құқық қорғау орган өкілдеріне екпе салынады. Дегенмен вакцина құжаттарын Қырғызстанның арнайы сарапшылар тобы әлі мақұлдамаған.

Қырғызстанда соңғы мәлімет бойынша, 87 мыңнан астам адамға коронавирус жұққан. Елде күн сайын орташа есеппен 100 науқас тіркеліп жүр. Індет басталғалы бері 1494 адам коронавирустан қайтыс болған. Былтыр наурыздан бері 4229 медицина қызметкеріне вирус жұққан, 4,1 мыңы жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG