Accessibility links

Қазақстанда вирус күшейді: 1587 адамнан Covid пен пневмония анықталды, 22 адам өлімі тіркелді


Жедел жәрдем көлігі.
Жедел жәрдем көлігі.

Қазақстанда тағы 1485 адамның коронавирус тесті оң шықты, 102 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. Денсаулық сақтау министрлігінің 27 наурыз күнгі хабарламасында осындай мәлімет көрсетілген. Бір күнде 22 адам өлімі тіркелген: 17 адам – коронавирустан, 5 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады. (Министрлік адам өлімі мен коронавирус пневмониясы көрсеткішін жариялаған кезде екі күн бұрынғы мәліметті айтады).

Бұған дейін елдегі ең ірі қала – Алматы қаласында коронавирустың тез жұғатын түрлері – британдық және Оңтүстік Африка штамы анықталғаны хабарланған еді.

26 наурызда ең көп науқас Алматы қаласында тіркелген. Жалпы аймақтағы ахуал төмендегідей:

  • Алматы қаласында - 32087 (+450 жаңа науқас қосылған);
  • Нұр-Сұлтан қаласында – 29306 (+365)
  • Шығыс Қазақстан облысында - 22723 (+17)
  • Павлодар облысында - 18961 (+35)
  • Атырау облысында - 18358 (+93),
  • Қарағанды облысында - 17303 (+85),
  • Ақмола облысында – 15141 (+48),
  • Батыс Қазақстан облысында – 14684 (+87),
  • Қостанай облысында - 13630 (+39),
  • Солтүстік Қазақстан облысында - 12961 (+21),
  • Алматы облысында - 12880 (+105),
  • Шымкент қаласында -6660 (+34),
  • Жамбыл облысында – 6315 (+15),
  • Ақтөбе облысында - 4958 (+50),
  • Түркістан облысында – 4454 (+7),
  • Маңғыстау облысында - 4381 (+10),
  • Қызылорда облысында - 3983 (+24).

2020 жылдың наурыз айынан бері 238 785 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Басым бөлігі жазылған. Содан бері 2980 адам қайтыс болған.

Қазақстан билігі 2020 жылдың 1 тамызынан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандарды бөлек есептеп келеді. Бірақ оған дейін қанша адамның коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққаны белгісіз. Денсаулық сақтау министрлігі оларды пневмонияның жалпы түрінен ажырату қиын болғанын айтқан.

Содан бері 50 317 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан, 677 адам қайтыс болған.

Қазір 22 746 адам коронавирустан емделіп жатыр. 342 науқастың жағдайы – ауыр, 76 пациенттің хәлі – өте ауыр, 47 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, індет басталғалы бері әлемде 126 млн адамға коронавирус жұққан. 2 млн 766 мың адам қайтыс болған. 71 млн 409 мың адам жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG