Accessibility links

Оралда изоляторда аштық жариялаған белсенді бостандыққа шықты


Изолятор қақпасының алдында тұрған белсенді Бекболат Өтебаев.  1 сәуір 2021 жыл. 

Бір ай бұрынғы пикеті үшін бес күнге қамалған белсенді Бекболат Өтебаев 1 сәуірде бостандыққа шықты. Ол аштық акциясын тоқтатып, полиция мен соттың әрекетіне байланысты шағым түсіретінін айтты.

Белсендінің қамау мерзімі 1 сәуір Орал уақытымен күндізгі сағат 12 жарымда аяқталған. Осы кезде оны изолятордан полиция көлігімен алып шықты. Мекеме қызметкерлері Өтебаевтың туыстарына оны күндізгі сағат 1-де шығаратынын айтқан.

— Мен [полиция] көлігімен жүруге қарсы болдым, бірақ мені аяқ-қолымды бұрап, көлікке күшпен отырғызды, үйге жеткізіп тастады, мен жаяу жүретінімді айтсам да жібермеді, — деді Бекболат Өтебаев.

Белсенді бұған дейін өзін қамау туралы шешім шығарған сот қаулысына қарсылық білдіріп, аштық жариялаған. Апелляциялық сот шешімді өзгеріссіз қалдырғаннан кейін аштықты тоқтатқан.

— Бұдан түк шықпайтынын түсіндім – олай істеп ештеңе өнбейтінін ұқтым. Апелляция күні тамақ іше бастадым. Қазір әдеттегідей тамақ, дәрі ішіп жүрмін, — деді Өтебаев.

Ол изоляторда аштық жариялап жатқан кезде дәрігерлердің үздіксіз бақылауында болған.

— Маған бір дәрігерді бөліп қойды, ол күні-түні қан қысымымды өлшеп, жағдайымды бақылап отырды. Жағдайым мүлде нашарлаған кезде қан қысымым 170-180 болды, бірден салмақ тастай бастадым – дәрігер маған укол салды, — деді Бекболат Өтебаев.

Ол жақын арада Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросының көмегімен полиция қызметкерлерінің "заңсыз әрекетіне" шағымданатынын айтты.

— Ұстау кезінде маған тіпті киінуге де мұрсат бермеді. Көлікке сүйреп отырғызды. Шақыру қағазын берген жоқ, ұстау себебін түсіндірген жоқ. Бөлімшеге әкелгеннен кейін барып хаттама толтырды, — деді Өтебаев.

Құқық қорғаушы, Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы бөлімшесінің директоры Павел Кочетковтың айтуынша, Өтебаев сотқа мүгедектігі туралы анықтама көрсетсе де, әкімшілік сот судьясы Ернар Халықов оған ең қатаң жаза – қамау жазасын тағайындаған.

Бекболат Өтебаевты 27 наурызда үйінен екі полиция қызметкері ұстап әкеткен. Кейінірек оның бес күнге қамалғаны белгілі болды. Сот шешімімен келіспеген Өтебаев аштық жариялады. Оның іш құрылысының ауыратынын алға тартқан туыстары мен белсенділер Өтебаевтың денсаулығына алаңдап, оны тезірек босатуды сұраған.

Бекболат Өтебаевтың әкімшілік жазаға тартылуына 25 ақпан Оралдағы орталық алаңда былтыр Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қайтыс болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділ мен кейінірек пышақ жарақатынан көз жұмған ұлы Жанболат Ағаділді еске алу шарасы түрткі болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG