Accessibility links

Алматы емханаларында коронавирусқа қарсы вакцина жаппай салынып жатыр


Медицина қызметкері ер адамға коронавирусқа қарсы вакцина салып жатыр. Көрнекі сурет.
Медицина қызметкері ер адамға коронавирусқа қарсы вакцина салып жатыр. Көрнекі сурет.

Алматы емханаларында коронавирусқа қарсы жаппай вакцина салу науқаны басталды. Вакцинаны кез келген адам ала алады. Бұл туралы жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады. Вакцина салдырғанын кейбір қолданушылар да жазып жатыр.

Informburo сайтының жазуынша, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы екпе салдыратын пунктердің тізімін жарияламаған, бірақ кейбір поликлиникаларда екпе басталғанын растаған.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев 2 сәуір күнгі жиын кезінде қалада 55 вакциналау пункті істеп тұрғанын айтты. Онда бір күнде 2-3 мың адамға екпе егуге болады. Сәуір мен маусым аралығында ай сайын 250 мың екпе салынады деп жоспарланып отыр.

– Вакциналауды бастаймыз. Бүгін таңертең барлық емханада жұмыс басталды. Бастапқыда квота бойынша 65 мың доза бердік, содан кейін мен премьер-министр Асқар Маминмен сөйлесіп, кем дегенде 100 мың доза қажет екенін айттым. Сәуір, мамыр, маусым үш айға ай сайын 250 мың доза квота бөлінеді. Ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін бізге шамамен 900 мың доза вакцина қажет. Көп адам коронавируспен ауырды. Егер адамдарға вакцина салсақ белгілі бір уақыттан кейін ұжымдық иммунитет қалыптасады, – деді Алматы әкімі.

Бірнеше күннен соң сауда ойын-сауық орталықтарында да вакциналау пунктері ашылады деп айтылады. 2 наурызда қолданушылардың бірі Twitter-де Алматыдағы ауруханалардың бірінде тұрғындарға коронавирусқа қарсы вакцина салып жатқанын жазды.

Бір күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев вакциналаудың сылбыр жүріп жатқанын сынап, денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға ескерту жасаған.

Соңғы мәлімет бойынша, 1 ақпан мен 31 наурыз арасында 134 мыңнан аса адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бір дозасын, 38 мыңнан аса адам екі дозаны алған.

Коронавирусқа қарсы вакцина 21 күн үзіліспен екі рет салынады. Инъекциядан кейін ағзада антиденелер пайда болуы тиіс. Мамандар екінші вакцинадан 21 күн өткен соң тұрақты иммунитет қалыптасатынын айтады.

Тұрғындарға ресейлік "Sputnik V" вакцинасы салынып жатыр.

Ал Қазақстандық QazCOVID-in вакцинасының үшінші сынағы шілдеде аяқталмақ. Дегенмен оны әзірлеп жатқан биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты сынақтың аяқталуын күтпестен, сәуірден бастап бұл екпені де жұртқа жаппай сала бастайынын айтып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG