Accessibility links

Тоқаев вакциналаудың сылбыр жүріп жатқанын сынап, Цойға шүйлікті


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Вирустың күшеюіне байланысты бейсенбі күні үкімет мүшелері және аймақ әкімдерімен жиын өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде вакциналаудың сылбыр жүріп жатқанын сынап, вакцина тапшылығы туралы айтты.

Ол үкімет "Спутник V" мен отандық екпе елді вакцинамен тұтас қамтамасыз етеді" деп сендірді, сөйтіп "1 ақпанда жаппай вакциналау басталатынын хабарладық" деді.

"Екі ай өткеннен кейін бізде халықтың 0,2 пайызға жуығына ғана вакцина салынды. Енді өзге ел басшыларымен қосымша вакцина сатып алу туралы келісуіме тура келеді... Вакцина тезірек жеткізілуі үшін коммерциялық тұрғыда тиімсіз шарттармен келісуге мәжбүрміз" деді Тоқаев.

Ол денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға қарата:

"Сәуір айында жағдайды өзгертуге тиіссіз. Әйтпесе, көңіліңізді қалдыратын кадрлық шешім қабылданады. Мұны тек денсаулық сақтау министрі ғана емес, тұтас үкіметке айтып отырмын. Алексей Владимирович, мен сізге бұрын да ескерткенмін, қазір денсаулық сақтау министрі – үкіметтегі негізгі тұлға, сіздің өкілетіңіз ерекше. Сіз жұмысты жақсы бастадыңыз да, бірақ кейіннен екпінді баяулаттыңыз" деді Тоқаев.

Ол коронавирус инфекциясы ауру мен адам өлімі көрсеткішімен байланысты болғандықтан, мәселе "ұлттық қауіпсіздік жөнінде" болып отыр деді. Тоқаев тұрғындарға вакцина жөнінде түсіндірме жұмысын жүргізу қажеттігін де алға тартты.

Соңғы мәлімет бойынша, 1 ақпан мен 31 наурыз арасында 134 мыңнан аса адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бір дозасын, 38 мыңнан аса адам екінші дозаны алған. Министрлік екпе науқаны жоспар бойынша келе жатыр дегенімен, сарапшылар вакциналау науқанының сылбыр жүріп жатқанын айтқан. Кейбір мамандар халықтың вакцинаға және билікке сенбеуі де үкіметтің жоспарды орындауына көп кедергі келтіруі мүмкін деп санайды.

Былтыр індет ушыққан кезде де Тоқаев үкімет мүшелерінің жұмысын сынап, кей шенеунікке сөгіс берген. Артынша сол кездегі денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қызметінен кеткен. Ізінше экс-министр жемқорлық күдігіне ілініп, тергеуге алынғаны белгілі болды. Сол кезде кей сарапшылар жекелеген кадрлық өзгерістер мәселені шешпейді, оған жүйелі түрде қарау керек деген.

Қазір елде вирус күшейген. Күн сайын тіркелетін науқас саны 2 мыңға жуықтады. Тәулігіне шамамен 17-20 адам өлімі тіркеліп жүр. Алты аймақ вирус күшейген "қызыл аймақта" тұр.

Ресми мәлімет бойынша, індет басталғалы бері кемінде 300 мыңға жуық адамнан коронавирус пен соған ұқсас пневмония анықталған. 3,7 мың адам қайтыс болған. Кейбір сарапшылар коронавирус жұққандар мен одан қайтыс болғандар ресми мәліметтегі көрсеткіштен әлдеқайда көп деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG