Accessibility links

Тоқаев коронавирустың өршуіне шенеуніктерді айыптады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 маусымда өткен жиында елдегі коронавирустың өршуіне облыс әкімдері мен мемлекеттік орган жетекшілерін, министрлерді айыптай сөйлеп, оларға сөгіс пен ескерту жариялады. Бұл туралы Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Сөгіс алғандар қатарында Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов және ведомствоаралық комиссияның төрағасы Ералы Тоғжанов бар. Ал Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновке және Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа және инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке ескерту жасалды.

Сондай-ақ Қазақстан президенті мемлекет органдарды ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізбеді деп айыптады.

"Коронавирус бойынша үш ай бұрын арнайы құрылған Республикалық коммуникациялық орталық қазіргі уақытта іс жүзінде жұмыс істемейді. Осыған сәйкес, бүгінде бірыңғай нақты ақпараттар дерегі жоқ. Індетке қарсы күресте жауапты шенеуніктер теріс ақпарат беріп, халықты одан әрі адастырады. Ең жаманы - осы. Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды. Олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей отыр" деп президент сөзін келтірді Берік Уәли.

Уәлидің сөзінше, Тоқаев коронавируспен күрес жөніндегі негізгі ақпарат көзі саналған coronavirus2020.kz сайтына қырық мыңға жуық сұрақ түсткенін, оның тек үштен біріне жауап берілгенін айтып, ақпараттық жұмысты сынға алған.

Кейбір сарапшылар "үкіметті экономиканы жандандыру үшін карантин шектеулерін тым ерте алып тастады, халыққа вирустың қаупін дұрыс түсіндірмеді" деген пікір айтқан. 16 наурызда жарияланған төтенше жағдай 11 мамырда аяқталып, карантин шектеулері жеңілдеген соң, вирустың тарауы күшейіп кетті. ДДСҰ Қазақстанды "вирус жылдам тарап жатқан елдер қатарына" кіргізді.

Билік төтенше жағдай кезінде коронавирус пен экономикалық дағдарысты еңсеру үшін бюджеттен 10 млрд доллар бөлген. Билік бұл қаржының қалай жұмсалғаны жайлы толық есеп берген жоқ. Бюджет ашықтығын зерттеп жүрген ұйымдар билікті ашықтыққа шақырған.

Эпидемия басталғалы Қазақстанда 37 966 адамнан коронавирус анықталған. Билік 3 маусымнан бастап вирус жұқтырғандарды ауру белгілерінің бар-жоғына байланысты “ауырғандар” және “тасымалдаушылар” деп екі бөлек санап отыр. Ал негізгі статистикаға тек “ауырғандар” кіріп отыр. 29 маусымдағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда “ауырғандар” саны – 21327, “тасымалдаушылар” саны – 16639.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG