Accessibility links

Семейде ауыл тұрғындары әкімдіктің әрекетсіздігіне шағынды


Водный және Восход ауылының тұрғындары үндеуін оқып жатыр. Семей, 4 сәуір 2021 жыл.
Водный және Восход ауылының тұрғындары үндеуін оқып жатыр. Семей, 4 сәуір 2021 жыл.

Семей қаласының шетіндегі Водный және Восход ауылдарының бастамашыл тобы Тоқаевқа үндеу жолдап, әкімдік отыз жыл бойы шеше алмай келе жатқан мәселелерін шешіп беруді сұрады.

Бірнеше мың адам тұратын ауылдардың атынан сөйлеген бастамашыл топтың үндеуінде тұрғындардың қоқыс алаңының ортасында сусыз, жарықсыз тұратыны, негізгі инфрақұрылымның жоғы айтылады.

– Семей қаласының шенділері халықты неге жаппай алдайды? Былтыр бірқатар үндеулерден соң қала шенеуніктері мен депутаттары қорқып кетіп, мәселеміздің шешімі жөнінде көптеген уәде беріп тастады. Қолымызға орындаудың нақты күні көрсетілген хаттама алдық, олардың уәде беруін видеоға түсіріп алдық. Әкімнің бұрынғы орынбасары [Николай] Ушаков грейдермен тегістеу және жол мәселесін 2020 жылдың 1 қарашасына дейін шешуге уәде берген, видеоға жазылған. Мәслихат хатшысы ашық мал қорымдарын жауып, полицияны тарта отырып мұны істеп жүргендерді ұстауға уәде берген. Берілген уәденің өтірік болып шыққанын көріп айтуға сөз таба алмай отырмыз, – деді ауыл тұрғыны Қанат Жұмағұлов.

Оның сөзінше, қоқыс тастауға болмайтыны туралы тақтайша орнату, бетон блоктарынан тұратын қоршаулар қою, зират аумағын ауылдар жақтан қоршау секілді қарапайым уәделердің өзі орындалмай отыр.

Водный және Восход ауылының тұрғындары Семей әкімінің орынбасарына хаттамаларды көрсетіп жатыр. 4 сәуір 2021 жыл.
Водный және Восход ауылының тұрғындары Семей әкімінің орынбасарына хаттамаларды көрсетіп жатыр. 4 сәуір 2021 жыл.

Ауыл тұрғындарымен сөйлесуге қала әкімінің орынбасары Қанат Әділбаев келді. Шенеунік тұрғындарды сабырға шақырып, мәселелердің "жақын арада" шешілетінін айтты.

– Сіздер айтқан мәселелердің өздеріңізбен бірталай мәрте талқылағанбыз. Ол жөнінде жұмыс істеп жатырмыз. Бірінде конкурс жүріп жатырм, бірінде жұмыстар басталып кеткен. Бұл мәселелерді бір күнде, тіпті бір айда да шеше алмаймыз. Магистрал желілері тартылып жатыр. 30 мамыр күні ішкі кварталдық желілер бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы аламыз. Біз – бәріміз Семей тұрғынымыз, сіздерді ұмытып кетті деген ой болмасын, – деді ол.

Водный және Восход ауылдары тұрғындарын бұл жауап қанағаттандырмады. Шенеуніктің айтқанына "Сіздерге сенбейміз", "30 жыл болды", "Жыл сайын уәде бересіздер" деген сөздер естілді.

– Сіздерге сенбейміз. Былтырдың өзінде жобалау-сметалық құжаттаманың дайын екенін айтқансыздар, ал сіз қазір әлі дайындалып жатыр деп отырсыз! – деді ауыл тұрғындарының бірі.

Осыдан кейін әкім орынбасары мен оның әріптестерін рұқсат етілмеген қоқыс орындары мен мал қорымына баруға шақырды.

Әкім орынбасарымен бірге келген депутат әрі қаладағы жалғыз тұрмыстық қалдық полигонының иесі Рафаил Хазипов та келген. Ол тұрғындармен пікір таластырып, қоқыс алаңдарының пайда болуына тұрғындардың өздерін кінәлады. Олардың "мемлекет осының бәрін қадағалау үшін салық төлейміз" деген уәжіне депутат "Қанша салық төлейтін едіңдер?" деп жауап берді.

Депутат пен әкім болып жатқан қиындықтарға, заңсыз қоқыс алаңдарының болмауына кімнің жауапты екенін айта алмады. Наразы тұрғындар бір ай ішінде ең болмағанда бір мәселе шешілмесе, Нұр-Сұлтанға баратын болып тарқады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG