Accessibility links

Сот "қаржылық есептен қате жіберді" деп айыпталған үкіметтік емес ұйымды ақтады


"Халықаралық құқықтық бастама" қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев.
"Халықаралық құқықтық бастама" қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев.

5 сәуірде Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты "Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық қорының салық органы үстінен түсірген өтінішін қанағаттандырды. Салық органы аталған қорды "қаржылық есеп беру" кезінде қателік жіберді деп таныған еді. Сот бұл қаулының күшін жойып, ұйымды ақтап шықты.

Наурызбай ауданының мемлекеттік кірістер жөніндегі басқармасы бірнеше үкіметтік емес ұйымды "қаржылық есеп беру кезінде қателік жібергені үшін" айыппұл салып, кейбірінің жұмысын уақытша тоқтатқан. Бірақ ізінше халықаралық қауымдастық тарабынан өткір сынға ұшырағаннан кейін шешімнің күшін жойған еді.

— Біз қаулы хаттамасына шағым түсірдік. Мемлекеттік кірістер департаменті бұған дейін шағымды қарап, "кішігірім қателік жіберді" деп есептегендіктен айыппұлдан босатып, ұйымның жұмысын қайта жалғастыруға мүмкіндік берген. Бірақ олар бәрібір бізді ереже бұзды деп таныған. Бұл оларға алдағы уақытта тағы да білгенін істеп, қудалауға жол ашады. Тек айғай-шудан кейін ғана айыппұлдан босатып, ұйымның жұмысын тоқтату туралы шешімнің күшін жойды. Бірақ мұны бұлайша жылы жауып қоя салуға болмайды. Біз сотқа бердік. Сот оны ұзақ қарастырып, ақыры біздің ешқандай ереже бұзбағанымызды мойындады. Сот бізді толық ақтады, — деді "Халықаралық құқықтық бастама" қорының жетекшісі Амангелді Шорманбаев Азаттық тілшісіне.

Құқық қорғаушы сот қаулысын әлі көрмегенін айтты. Оның сөзіне қарағанда ұйым салық органдары толтырған үш хаттаманың біріне түсірген шағым бойынша істе жеңіске жеткен. Ол бойынша ұйым 100 айлық есептік көрсеткіш (291 700 теңге немесе шамамен 680 доллар) көлемінде айыппұл төлеуі тиіс болған. Екінші және үшінші хаттама бойынша да салық органдары оларға 300 АЕК бойынша айыппұл салған.

Былтыр жыл соңында және биыл жыл басында Қазақстанның салық органдары сайлауды бақылау мен құқық қорғаумен айналысатын бірқатар үкіметтер емес ұйымның үстінен әкімшілік іс қозғаған. Кейбіріне ірі айыппұл салынып, қызметі уақытша тоқтатылған.

Үкіметтік емес ұйымдарға қарсы кампания ел ішінде және шетелде халықаралық БАҚ-тың назарын аудартты. Ол парламент сайлауына байланысты тәуелсіз ұйымдарға қысым жасау талпынысы ретінде бағаланды.

Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды азаматтық қоғамға қысым жасауды доғаруға шақырды. Қабылданып қойған айыппұл төлету шешімдері мен әкімшілік істер қысым үдеген шақта жабылды.

Кейінірек үкіметтік емес ұйымдар "әрі қарай да азаматтық қоғамға қысым құралы ретінде пайдаланылмас үшін" Салық кодексі мен Әкімшілік кодекстен шетел қаржысына қатысты баптарды алып тастауға үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG