Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Алматы облысында медицина қызметкерінің қайтыс болғанын растайды, бірақ мұны коронавирусқа қарсы екпемен байланыстыру әлі ерте деп санайды.
7 сәуірде өткен брифингте вице-министр Ажар Ғиният Қазақстанда "Спутник V" вакцинасын салдырған соң қайтыс болғандар тіркелмегенін айтты.
— Алматы облысындағы әріптесіміздің қазасына байланысты айтарым, біз бұл фактіні тексердік. Қайтыс болған кісінің жақындарына денсаулық сақтау министрлігі атынан көңіл айтамын. Екіншіден, оның екпе салған соң екі күннен кейін көз жұмғанын айтқым келеді. Үйінде құлап түсіп, көз жұмыпты. Сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге жүректің ишемиялық ауруы себеп болған, — деді Ғиният.
Әлеуметтік желіде және WhatsApp мессенджерінде медицина қызметкерінің вакцинадан кейін көз жұмғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Кадр сыртындағы дауыс әйелдің №4 перзентханада жұмыс істегенін", "кеше вакцина салғызып, бүгін таңға жуық қайтыс болғанын" айтады.
Вице-министр қызметкер өлімінің себебін арнайы құрылған комиссия анықтайтынын, сондықтан мұны "коронавирус инфекциясына қарсы екпеден болды деп айта алмайтынын" хабарлады.
Қазақстанда Ресейде шығарылған "Спутник V" вакцинасын егу науқаны 1 ақпанда, препарат ел аумағында ресми тіркеуден өтпей тұрып-ақ басталған. Вакцина ең алдымен медицина қызметкерлеріне, мұғалімдер мен күш органдары қызметкерлеріне салынады делінген. 1 сәуірден басқа топтардың өкілдеріне де екпе салу басталды.
Жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екпе науқаны сылбыр жүріп жатыр деп, денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың жұмысын сынға алған. Жұрт арасында вакцинаның қауіпсіздігіне сенбейтіндер көп, кей сарапшы вакцина науқаны жайлы халыққа дұрыс ақпарат берілмейді деп санайды.
ПІКІРЛЕР