Accessibility links

Қарағанды облысында карантин күшейтілді


Қарағанды облысы Теміртау қаласы.
Қарағанды облысы Теміртау қаласы.

Қарағанда облысында Covid індетінің өршуіне байланысты 12 сәуірден жаңа шектеулер енгізіледі. Бұл жөнінде бүгін өткен брифингте облыстың бас санитар дәрігері Юрий Залыгин хабарлады.

Билік өкілдерінің айтуынша, халық карантин ережелеріне бағынбағандықтан, коронавирус жұқтырғандар көбейе түскен. Облыс бойынша әсіресе Қарағанды, Теміртау, Приозерск қалаларында және Абай, Бұқар жырау, Ұлытау аудандарында індет өршіген. Қазір облыста Covid диагнозы зертханада дәлелденген 18 715 науқас тіркелген.

12 сәуірден облыс аймағында көп мекеменің жұмысы тоқтайды. Олардың арасында ойын-сауық мекемесі (тек Қарағанды қаласындағы кей нысандарда Ashyq жобасы аясында келушілерді бірнеше категорияға бөліп қабылдауға рұқсат бар), балалардың ойын орталығы, мектептегі секция, кружоктар, театр мен кинотеатр, коцерт залы, цирк, букмекерлік кеңсе, банкет залы, мәдениет нысаны (тек кітапхана мен музей 30 адамға дейін қабылдай алады) сияқты орындар бар. Оқушыларды жеке-дара оқытуға да рұқсат етілмейді. Экскурсия, көңіл көтеретін, бұқаралық шара, форум, конференция, көрме мен жәрмеңкеге де тыйым салынды.

Жаттығу залы, сән салоны, фитнес орталығы және бассейндер алдын ала жазылу тәртібімен жұмыс істейді. Сенбі-жексенбіде бүкіл ел аумағындағы сауда-сауық орталықтары, азық-түліктен өзге тауар сататын үлкен дүкендер, спорттық-емдеу орталықтары, жабық базарлар жабық болады. Төбесі ашық базарлар тек жексенбі күндері жабылады. Сенбі, жексенбіде қалааралық жолаушы тасымалына да тыйым салынады.

Билік өкілдері жекеменшік және мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің 80 пайызын қашықтан жұмыс істетуге шақырды. Мектептер әлі аралас формада оқытып жатыр, дегенмен 6, 7, 8 және 10-сынып оқушылары қашықтан оқу жүйесіне көшкен. Мектепке дейінгі және бастауыш мектеп оқушылары ғана дәстүрлі формада білім алып жатыр. Балабақшаларда тек кезекші топтар ғана қалған.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, 10 сәуірден бастап Қарағанды облысында жұртқа коронавирус инфециясына қарсы екпе салу науқаны басталмақ. Ресей шикізаты негізінде Қарағанды фармацевтика кешенінде әзірленетін ресейлік "Спутник V" вакцинасының ондаған мың дозасы аудандардағы ауруханаларға таратылып жатыр. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, жақын күндері аймаққа тағы 55 мың доза вакцина келеді. Бұған дейін медицина қызметкерлеріне, мұғалімдерге және күш құрылымдарының өкілдеріне вакцина салынып келсе, енді ерік білдіргендердің бәрі екпе алмақ. Тек ол үшін тіркелген емхана не eGov mobile қосымшасы арқылы уақытын алдын ала белгілеген жөн.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG