Accessibility links

Ералы Тоғжанов: Қазақстан вакцинасы Түркияда құтыларға құйылады


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстан вице-премьері Ералы Тоғжанов 9 сәуірде өткен брифингте Жамбыл облысындағы вакцина зауытының "құрылысы біткенге дейін" коронавирусқа қарсы қазақстандық QazVac (бұрын QazCovid-in деп аталған) екпесі Түркияда құтыларға құйылатынын хабарлады.

— Түркиямен келісім бар. Олардың өз вакцинасы болмағанымен, керемет өндіріс базасы бар. Біз зауыттың өзін салу және кейіннен қүрылғыларды монтаждап, халықаралық стандарттарға сай ету үшін бірлесе жұмыс істеу жөнінде олармен алдын-ала келісімге қол қойдық. Бұл — Түркиядағы өте ірі құрылыс компаниясы, — деді коронавируспен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия төрағасы Тоғжанов.

"Зауыт салынып жатқанда өндіріс Түркияда бола ма?" деген нақтылаушы сұраққа Тоғжанов:

— Сол жақта құйылады, ал өндіріс — [біздікі, себебі бұл —] біздің вакцина, — деп жауап берді.

Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина шығаратын зауыт салынып жатыр, оның құны — 7 миллиард теңге. Жергілікті билік вакцина биыл наурызда шыға бастайды деген.

Осы брифингте Тоғжанов Қазақстан 21 сәуірде вакцина сынаудың үшінші кезеңінің 50 пайыздық межесіне жететінін, содан әрі қарай өз вакцинасын өндіруге дайын болатынын хабарлады.

— 25–27 сәуірде Қазақстан QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасын алады деп ойлаймын. Вакцина негізгі хабтар — Ақтөбе облысы, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтанға жеткізіледі. Мамырда олар тағы 50 мың доза шығарады. Содан соң 100 мың доза деңгейіне шығамыз, — деді вице-премьер.

Мұның алдында Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институты клиникалық сынақтың соңғы үшінші кезеңі аяқталмастан, сәуір айында-ақ QazCovid-in вакцинасын жұртқа жаппай сала бастайтынын хабарлаған. Бұған қоса олар клиникалық сынақ 9 шілдеде аяқталатынын, одан соң ғалымдар сынаққа қатысқан 3 мың еріктінің дерегін 20 күндей сараптайтынын айтқан.

Қаңтарда "отандық вакцина салғызамын" деген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 сәуірде ресейлік "Спутник V" екпесін салдырғаны хабарланды. Бұған қатысты пікір білдірген денсаулық сақтау министрлігі президенттің "Қазақстанда өндірілген вакцинаны салдырғанын" айтты. Қарағандыдағы фармацевтикалық кешен ресейлік "Спутник V" вацинасын өндіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG