Accessibility links

"Бұл – саяси қудалау". Апелляциялық сот қарағандылық белсендіні ақтамады


Белсенді Асқар Нұрмағанов.
Белсенді Асқар Нұрмағанов.

Елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалыстарына қатысы бар деп айыпталып, ақпан айында 1,5 жылға бас бостандығы шектелген және қоғамдық жұмысқа міндеттелген қарағандылық белсенді Асқар Нұрмағанов сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Аталған қозғалыстарды Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйым" деп танығанмен, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

Нұрмағанов апелляциялық соттан өзін ақтауды, өзіне қойылған барлық шектеулер мен тыйымдарды алып тастауды, "заңсыз қудаланғаны үшін" өтемақы өндіріп беруді сұраған.

Дүйсенбі күні онлайн өткен сотта судья аудандық сот шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сотталған белсенді мен адвокатының өтінішін қанағаттандырмады. Сот қаулысы бүгін, 12 сәуірде жарияланды.

Белсенді мен адвокаты істі "саяси қудалау" деп атады. Нұрмағанов сотта экстремизм айыбымен келіспейтінін және алауыздық қоздырмағанын айтты.

– Бұл жерде ешқандай экстремизм жоқ. Қылмыстық қудалау органдарының қиялы керемет. Билік бейбіт азаматтарды қудалап, экстремизммен айналысты деп айыптап, түрмеге тоғытып жатыр. Бірақ ол біреуді тықсырып құқығын бұзса, келесі біріне митинг өткізуіне рұқсат береді. Мысалы, Қазақстанның Демократиялық партиясы. "Біржақты демократия" дегеніміз – осы. Жеті айға жуық уақыт бостан-босқа заңсыз қамауда отырдым. Қазақстан үкіметінің үстінен шағым түсіріп, моральдық және материалдық өтемақы сұрамақпын. Осы уақыт аралығында денсаулығым сыр берді, – деді сот кезінде белсенді Асқар Нұрмағанов. Ол бұл мәлімдемеге Қазақстан мен Орталық Азияға сапарын бастаған ЕҚЫҰ төрайымы Анн Линде назар аударады деп үміт білдірді.

Іске қатысқан прокурор сот үкімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады. "Апелляциялық шағымда келтірілген дәйектерді қылмыстық іс материалдарымен салыстырып, талдаған кезде үкімнің заңды әрі негізді екеніне көзіміз жетті, ал айыпталушының кінәсі толық дәлелденді" деді прокурор.

Бұған дейін тергеу органдары Нұрмағанов елде ҚДТ-ға тыйым салынғанын біле отырып, билікке теріс көзқарас қалыптастыру үшін әрекет етті деп мәлімдеген. Ол "Көше партиясы" мен ҚДТ-ны қолдауға шақырып, қалада "экстремистік мазмұндағы" үнпарақ таратты деп айыпталған

Бостандықты шектеу мен қоғамдық жұмыстан бөлек, Нұрмағановқа сонымен бірге үш жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салынған. Атап айтқанда, оған конференция, дебат, жиын, ереуіл, пикет, акция, шеру ұйымдастыруына тыйым салынған және әлеуметтік желі немесе кез келген ақпарат құралдары арқылы қоғамдық саяси-экономикалық мәселелерге пікірін білдіруге тыйым салынған.

ҚДТ және "Көше партиясы" елде "экстремистік ұйым" ретінде танылып, қызметіне тыйым салынған, бірақ жақтастары сот шешімдерімен келіспейді. ҚДТ негізін қалаушы – бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған. Қазақстан бас прокуратурасы 2019 жылы ҚДТ "Көше партиясына" айналды деп санайды.

Қозғалыс жақтастары билік өздерін саяси себеппен қудалап отыр деп жиі шағымданады. Себебі аталған ұйымдар Қазақстанда авторитарлық режимді жойып, парламенттік формаға өтуді мақсат тұтады. Екі ұйымның қызметіне тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланбады.

Еуропарламент екеуін де оппозициялық қозғалыс деп атаған. 2021 жылы 11 ақпанда қабылдаған қарарында Еуропарламент Қазақстанда адам құқығының нашарлап кеткенін атап көрсеткен. Қарар авторлары биліктің экстремизммен күрес заңын ҚДТ мен "Көше партиясы" жақтастарына қарсы қолдануын айыптаған және Нұр-Сұлтанды "саяси плюрализм мен бәсекеге" шақырған.

Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG