Accessibility links

"Экстремистік" баппен айыпталған белсенді Жақыпованың соты онлайн режимде басталды


 Азаматтық белсенді Әлия Жақыпова "Бостандық! Свободу!Freedom!" дегені жазуы бар қағаз ұстап тұр. Нұр-Cүлтан, 26 тамыз, 2019 жыл.
Азаматтық белсенді Әлия Жақыпова "Бостандық! Свободу!Freedom!" дегені жазуы бар қағаз ұстап тұр. Нұр-Cүлтан, 26 тамыз, 2019 жыл.

"Экстремистік ұйым жұмысына араласты" деп айыпталған азаматтық белсенді Әлия Жақыповаға қатысты сот процесі Нұр-Сұлтандағы №2 Cарыарқа аудандық сотында онлайн режимде басталды.

Адвокат Гүлшат Дүйсенова сотқа дейінгі тергеу барысында болған заңсыздықтарды түзеу үшін істі прокуратураға жіберу туралы өтініш жасады. Істі қараған судья Ибрагим Әлкенов қылмыстық істі кері қайтаруға негіз жоқ деп санап, адвокаттың өтінішін қанағаттандырмады.

Айыптау актісін оқыған Сарыарқа ауданының прокуроры Расул Ахат "Жақыпова экстремистік қызметін жалғастыру үшін сот тыйым салған "ҚДТ" және "Көше партиясы" қатарына кірген. Қоғамда қарсылық көзқарас қалыптастырып, азаматтық бойбермеуді күшейту үшін экстремистік ұйымдардың посттарын әлеуметтік желілерде таратқан" деді.

Прокурордың айтуынша, филологиялық, психологиялық сот сараптамалары бойынша, Жақыпованың сөзі мен әркеті оның Қазақстанда экстремистік саналған "ҚДТ" және "Көше партиясы" ұйымдарының идеологиясымен астарлас келеді.

Адвокат Гүлшат Дүйсенова прокурордың айыптау актісімен келіспейді. Оның айтуынша, 4 томнан құралған қылмыстық істе экстремистік әрекеттің нақты қай жерде болғаны көрсетілмеген және бір томнан астам материал әлдебір банк қағаздарына арналған. "Қылмыстық әрекет "экстремистік" деп танылса, ол оның қандай түріне жатады, ұлттық па, саяси ма? Айыптау актісінде оны "мемлекеттің тәуелсіздігіне қауіп төндірді" деп көрсетеді. Қылмыстың нысаны мен оның құрамы анықталмаса, қылмыстық істі қалай қарауға болады?" деп сұрады адвокат. Оның айтуынша, іс материалдарында "әлдебір скриншоттар" тіркелген, бірақ олардың қайдан алынғаны айтылмаған, гиперсілтемесі көрсетілмеген.

Гүлшат Дүйсенованың айтуынша, іс материалында Жақыпованың "Әблязовқа ұқсап оң жұдырығын жоғары көтергені" жазылған.

– Олай болса, оң жұдырығын көтерген кез келген адамды экстремист деп тану керек пе? Мысалы коммунистердің (Қазақстан халық партиясы – Ред.) логотипінде жоғары көтерілген үш жұдырық бар, боксшылар да қолын солай көтереді, – деді адвокат Азаттыққа.

Мұхтар Әблязов – Қазақстан билігін өткір сынап, митингіге шығуға үндеп жүрген бұрынғы банкир, ол "ҚДТ" ұйымының жетекшісі саналады. Шетелде тұратын Әблязов Қазақстанда бірнеше іс бойынша сырттай ұзақ жыл түрме жазасына кесілген. Ол бұл істердің саяси астары бар деп санайды.

Әлия Жақыпова өзін нақты не үшін айыпты деп санағанын түсінбейді. Оның айтуынша, тергеу орындары "экстремистік" деп тапқан әлеуметтік желідегі посттарында билікті күшпен басып алу немесе араздықты қоздыру туралы ештеңе жазбаған, бар болғаны – биліктің саясатын сынаған.

Келесі сот отырысы 19 сәуірге белгіленді.

50 жастағы Әлия Жақыповаға қатысты қылмыстық іс былтыр 26 қазанда қозғалған. Нұр-Сұлтан полициясы "экстремистік ұйымның жұмысына қатысты деп айып таққан ол 2020 жылдың 15 желтоқсанынан 2021 жылдың 28 наурызына дейін үйқамақта болған.

Жақыпова бұған дейін де азаматтық көзқарасы үшін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылып, қамауға алынған.

Қазақстандық құқық қорғаушылардың мәліметіне сәйкес, осы күні қоғамдық-саяси мәселелерге көзқарасы үшін 270-тей адам әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылған, кейбірінің ісі тергеліп жатыр. Олардың 124-іне Қылмыстық кодекстің "сот тыйым салған ұйымның жұмысына қатысты" деген 405-бабы бойынша айып тағылған. Олардың есімдері Еуропарламенттің Қазақстанға қатысты қарарында аталып, депутаттар Қазақстан билігін белсенділерді дереу босатуға шақырған. Сол құжатта Әлия Жақыпованың да аты аталады.

"ҚДТ" қозғалысын экстремистік ұйым деп тану туралы сот шешімі 2018 жылғы наурызда шықты. Ал "Көше партиясын" "ҚДТ қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған" сот қаулысы былтыр 19 мамырда қабылданған. Еуропарламент екеуін де оппозициялық қозғалыс деп атайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG