Accessibility links

Астанада "тыйым салынған ұйымға қатысы бар" деп күдікке ілінген екі белсенді үйқамаққа алынды


Нұр-Сұлтандағы сот ғимараттарының бірі. Көрнекі сурет.
Нұр-Сұлтандағы сот ғимараттарының бірі. Көрнекі сурет.

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты 15 желтоқсанда түнде Veritas құқық қорғау ұйымының белсендісі Әлия Жақыпова мен белсенді Айнұр Мырзалиеваны екі айға үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Бұл ақпаратты құқық қорғаушылар хабарлады.

Сейсенбі күні жарияланған видеода тергеушінің "тыйым салынған ұйым ісіне араласты" деп күдікке ілінген Мырзалиеваны кешкі сағат 5-тер шамасында полиция бөлімшесіне шақырғаны айтылады. Белсенді өзіне бұлтартпас шарасын қолдану туралы сот болатынын соңынан білген.

"Маған, адвокатыма ешкім ештеңе айтпады, ешкім іспен таныспаған. Біз судьяны ауыстыруды талап еттік, бірақ талабымыз қаралмады. Бізде процеске дайындалуға уақыт та болмады" дейді Мырзалиева.

Судья тергеушінің бұлтартпас жазасын қолдану туралы өтінішін қанағаттандырған. Бұған қоса, байланыс құралдарын қолдануға тыйым салған, отбасы, адвокаты, тергеушілерден басқа ешкіммен араласпауды тапсырған.

Әлия Жақыпова видеода жұдырығын түйіп, қолын көтергені үшін "экстремизм" күдігіне ілінгенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, "кейбіреулерге бұл қимыл" қуғында жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың қозғалысын ("Қазақстанның демократиялық таңдауы") еске түсірген.

Сот қаулысы жарияланбады. Азаттық тілшісі сәрсенбі күні Нұр-Сұлтан сотының баспасөз қызметіне хабарласқанмен жауап ала алмады.

Бір күн бұрын Алматы тергеу соты белсенді Диана Баймағамбетованы екі айға қамауға рұқсат берген. Сейсенбі күні төрт белсенді Асхат Жексебаев, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов және Ноян Рақымжановтың қамау мерзімі ұзартылды. Қазақстандық құқық қорғаушылар төртеуін де саяси тұтқындар қатарына қосқан. 15 желтоқсанда Алматы соты белсенді Дәметкен Аспандиярованың үйқамақ мерзімін 23 қаңтарға дейін ұзартты.

Қазақстандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, қазіргі кезде елде сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалысына қатысы бар деп күдікке ілінген немесе айыпталған 110-нан астам адам бар. Құқық қорғаушылар 10 қаңтарға белгіленген парламент сайлауы қарсаңында қудаланған белсенділер көбейгенін атап өтеді.

16 желтоқсан — Қазақстан тәуелсіздігі күні. Бұл күн Қазақстанның жаңа тарихында тағы екі оқиғамен байланысты аталады. Осыдан 34 жыл бұрын дәл осы күні Кремльдегі биліктің Геннадий Колбинді советтік Қазақстанға басшы етіп тағайындағаннан кейін қазақ жастары Алматының орталық алаңына жиналып, наразылық танытқан. Совет билігі жастардың бейбіт митингісін күш қолданып, басып-жаншыған. Митингіден кейін жүзге жауапқа тартып, соттаған, жұмыстан шығарған. 2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған.

Биыл мамыр айында бас прокуратураның шағымы бойынша Нұр-Сұлтандағы Есіл аудандық соты "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп таныған. Прокуратура "Көше партиясы" елде "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп санайды. Ал белсенділер бұл ұйымның ҚДТ-ға қатысы жоғын айтады.

Бұл екі ұйымды Қазақстан соты "экстремистік" деп танығанмен Еуропарламент 2019 жылғы қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп сипаттаған. Қазан айында Еуропарламенттің 16 мүшесі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, "Көше партиясын" да "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.​

ҚДТ мен "Көше партиясын" экстремистік деп таныған сот шешімі жарияланған жоқ. Екі қозғалыстың жақтастары Қазақстанда жиі қуғындалады.

Маусым айында Нұр-Сұлтан соты "Көше партиясына" тыйым салу туралы шешімді апелляцияға берген белсенділер шағымын қанағаттандырмады. Сот шағым түсірген бастама топ өкілдерінің "іске қатысы жоқ" екенін алға тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG