Accessibility links

Ұлыбритания Қара теңізге әскери кемелерін жібереді


Мамырда Ұлыбритания Украина мен НАТО-дағы одақтастарын қолдау үшін Қара теңізге екі әскери кемесін жібермек. Бұл туралы үкіметтегі дереккөзіне сілтей отырып Sunday Times хабарлады.

Жоспарға қарағанда, Босфор бұғазы арқылы Қара теңізге қаруланған эсминец ("Дэринг" сериясынан) пен фрегат ("Дюк" сериясынан) жолданбақ. Оларға Жерорта теңізінен "Квин Элизабет" авиатасымалдағышы демеу білдірмек.

Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің өкілі бұл ақпар туралы пікір білдіруден бас тартты, бірақ Лондон мен оның одақтастары "Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын" қолдайды деді.

Осыған дейін Қара теңізге АҚШ-тың екі эсминці жіберіледі деген хабар тараған. Бірақ Sunday Times басылымының жазуынша, АҚШ президенті Джо Байден Ресеймен қарым-қатынасты ушықтырмау үшін бұл жоспардан бас тартқан. Түрік басылымдарының хабарлауынша, АҚШ Босфор бұғазы арқылы кеме өткізуге деген өтінішін қайтарып алған. Вашингтон Қара теңізге кеме жіберу жоспары туралы пікір білдірмеді.

Ресей Украинамен қарым-қатынасы ушыққан тұста Қара теңізде әскери-теңіз флотының бір бөлігін ұстап отыр. Мәскеудің айтуынша, онда қазір әскери жаттығулар өтіп жатыр. Ресей әскери жаттығуға сілтеп Керчь бұғазын шетелдік кемелер үшін жауып тастады. Украина кемелері де осы бұғазды пайдаланатын. Киев Ресейдің бұл шешімін заңсыз деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG