Accessibility links

Шымкентте кәсіпкерлер наразылығынан соң түнгі 12-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді


Әкімдік алдында ара қашықтық сақтап, наразылық өткізіп тұрған кәсіпкерлер. Шымкент, 21 сәуір 2021 жыл.
Әкімдік алдында ара қашықтық сақтап, наразылық өткізіп тұрған кәсіпкерлер. Шымкент, 21 сәуір 2021 жыл.

Шымкентте кәсіпкерлер наразылығынан кейін оларға түнгі сағат 12-ге дейін жұмыс істеп, 24 сағат тамақ тасымалдауға рұқсат берілді. Сәрсенбі күні донер, фастфуд, лаваш сияқты тамақ түрлерін сыртта сатумен айналысатын 70 шақты кәсіпкер қала әкімдігіне барып, бас санитар дәрігердің қаулысына шағымданған. Олар бас санитар дәрігерді кәсіпкерлерді "алалап", шектеу шараларын енгізеді деп айыптаған. Оның отставкасын да талап еткен. Жарты сағаттан соң бас санитар дәрігердің кәсіпкерлердің талаптарын ескеріп, олардың жұмыс уақытына қойылған шектеуді алып тастайтыны белгілі болды.

"Мына жиналып тұрған кәсіпкерлердің барлығы адамдарға сыртта тамақ сатады. Оларда адам отырмайды. Келеді де, алып кетеді. Бірақ соған қарамастан кәсіпкерлердің жұмысына шектеу қойып тастайды. Қазір бізге түнгі сағат 22-00-ге дейін ғана істеуге болады. Қазір ораза айында адамдар кешке қарай сауда-саттық жасайды. Біздің кәсібімізді өлтірумен айналысып жатыр" деген еді кәсіпкерлердің бірі ақпарат құралдарына.

Бұдан соң оқиға орнына "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өкілдері келіп, наразыларды әкімдік ғимараты маңындағы көрме орталығына шақырып, алып кеткен. Сәлден соң бас санитар дәрігердің қаулыны өзгертетіні белгілі болды.

Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласында соңғы рет бас санитар дәрігердің коронавирус індетіне байланысты шектеу шараларын енгізу туралы қаулысы 19 сәуірде шыққан.

21 сәуір күнгі мәлімет бойынша, Шымкент коронавирус бойынша "қызыл аймақта" тұр. Алгоритмге сәйкес, мұнда шектеу шаралары күшейеді. Қалада өткен тәулікте 80 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. 2020 жылдың наурыз айынан бері 8424 адамның анализінен коронавирус табылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG