Accessibility links

Маңғыстаулық дәрігерлер қамаудағы денсаулық басқармасының экс-басшысын үйқамаққа жіберуді сұрады


Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Жамал Жаманбаева (Сурет Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының Facebook парақшасынан алынды).
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Жамал Жаманбаева (Сурет Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының Facebook парақшасынан алынды).

"Аса ірі көлемде қаржы жымқырды" деген айыппен қамауға алынған Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Жамал Жаманбаеваның жақтастары 22 сәуірде Нұр-Сұлтанда баспасөз мәслихатын өткізіп, оны үйқамаққа жіберуді сұрады.

Конференцияға қатысушылар экс-шенеуніктің былтыр адамдарды емдеймін деп жүріп, коронавирус жұқтырғанын, қазір бауыры дұрыс жұмыс істемей, қант диабеті мен жүрек ауруына шалдыққанын, денсаулығының күрт нашарлағанын айтады.

- Неге сот басталғанға дейін оны үйқамаққа жібермейді? Ол кімге кедергі келтіреді? Өзі талай адамды ажалдан арашалаған дәрігер бүгінде өзі дәрігерлік көмекке зәру. Оның былтыр коронавируспен ауырғанда өкпесі 100 пайызға зақымданған еді. 26 наурызда ғана оған томография жасалған. Ауруханда жатқанда бес мәрте тамақ апарып едім, кіргізе алмадым, - дейді Маңғыстаудан келген әріптесі Балшырын Жәнібек.

56 жастағы Жамал Жаманбаеваны Жемқорлықпен күрес агенттігі "қызмет бабын пайдаланып, рентген аппараттарын аса қымбат бағаға алды. Мемлекетке 63 миллион теңге шығын келтірді" деп айыптайды. Ол биыл 30 қаңтарда сот шешімімен екі айға қамауға алынған.

Балшырын Жәнібектің сөзінше, денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Ақтөбеден үш айда келуі тиіс арзан жабдық орнына, үш дана импорт жабдық алғанын және олардың бәрі жұмыс істеп тұрғанын айтады.

- Сонда Маңғыстау халқы сапалы құрал жабдыққа татымай ма? Оны арзан құралды алмадың деп айыптайды. Ол қазіргі денсаулық жағдайымен ертең сот процесіне жете алмауы мүмкін, - дейді ол.

Балшырын Жәнібектің сөзін Жамал Жаманбаеваның басқа да әріптестері қолдап, оны үйқамаққа ауыстыруды сұрап, прокурорға, басқа да органдарға арыз жазғанын, бірақ әзірге нәтиже болмағанын айтты.

Экс-шенеуніктің жақтастарының бірі Махмұт Қосмағамбетов ГМ-172/10 тергеу изоляторында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі Маңғыстауда облыстық департаменті қызметкерлері тарапынан Жамал Жаманбаеваға психологиялық азаптау жасалғанын, ол туралы сот қаулысында айтылғанын мәлімдеді.

Оның сөзінше, Ақтау қаласы тергеу соты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қызметкерінің Жаманбаеваның бетіне дәрі шашып, есінен айырып, айыпты мойындауды талап еткені туралы арызды қабылдап, істі тергеп жатыр.

Қазақстан Transparency International (TI) ұйымының Жемқорлық индексінде коррупция жайлаған елдердің қатарында тұр. Пандемия кезінде елде денсаулық саласындағы шенеуніктердің жемқорлық бабымен іске тартылуы да жиіледі. Елдің бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов былтыр цифрландыруға бөлінген 526 миллион теңгені (1,2 миллион доллар) "иемденген" деген күдікпен қамалған. Қазір экс-министрдің үстінен сот жүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG