Accessibility links

Мұхтар Тілеуберді мен Энтони Блинкен телефон арқылы әңгімелесті


Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен. Қазақстан СІМ ресми сайтынан алынған сурет.
Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен. Қазақстан СІМ ресми сайтынан алынған сурет.

22 сәуірде Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен телефон арқылы әңгімелесті.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, тараптар "халықаралық күн тәртібі мен екіжақты қарым-қатынастың маңызды мәселелерін, оның ішінде кеңейтілген стратегиялық серіктестікті тереңдету перспективаларын талқылаған".

"Мұхтар Тілеуберді президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолға қойған Қазақстанның әлеуметтік-саяси жүйесін одан әрі демократизациялауға бағытталған реформалар жөнінде хабардар етті. АҚШ мемлекеттік хатшысы "президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалар жоспарын АҚШ-тың табанды қолдайтынын" мәлімдеді" делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство сонымен бірге тараптар "Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық қатынастың 30-жылдығына арналған іс-шараларға дайындық пен олардың кестесі және С5+1 диалог платформасының жуырда өтетін онлайн-отырысын" да қарастырғанын атап өткен.

АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен телефон сұхбат барысында АҚШ "бұдан әрі қарай да Қазақстанның егемендігі, территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдай береді" деп айтқан.

"Хатшы Блинкен Қазақстан үкіметінің саяси және экономикалық реформа мен модернизацияға ұмтылысын, ауаға зиянды заттар таратпау құлшынысын қолдады, бұған қоса әйел құқығы мен мүмкіндігін кеңейту және экономикалық ахуалды жақсарту мақсатын қолдайтынын білдірді" делінген АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі таратқан хабарламада.

Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Нұр-Сұлтанды халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін орындап, адам құқықтары мен азаматтық бостандықтарды сақтауға, оппозиция мен азаматтық белсенділерді қудалауды доғаруға үнемі шақырып келеді. Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемдегі адам құқықтарының жай-күйіне арналған 2021 жылғы есебінде "Қазақстан президенті Тоқаев реформа жайлы уәделер бергенімен, 2020 жылы елде адам құқығы жақсарған жоқ" деп мәлімдеген.

Ал Қазақстан билігі елде адам құқықтары сақталып отыр деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG