Accessibility links

Саясаттанушы Дастан Қадыржанов өмірден өтті


Саясаттанушы Дастан Қадыржанов.
Саясаттанушы Дастан Қадыржанов.

Қазақстандық белгілі саясаттанушы Дастан Қадыржанов 54 жасында өмірден өтті. Жақындары мен әріптестерінің айтуынша, өткен аптада Covid диагнозымен ауруханаға түскен ол осы дерттен айықпастан көз жұмды.

Қадыржанов түрлі саяси мәселелерге жасаған сараптамаларымен белгілі маман еді.

Былтыр жыл соңында Азаттыққа берген сұхбатында ол парламент сайлауы қарсаңындағы жағдайға талдау жасаған. Дастан Қадыржанов бұл сайлау саяси режимді сақтауға бағытталғанын, сайлаушыларға балама жолдар ұсынылмағанын айтқан. Оның болжамы 2021 жылғы 10 қаңтардағы сайлауға тәуелсіз бақылаушылар мен халықаралық ұйымдар берген бағамен өте үндес шықты.

2020 жылғы тамызда Азаттыққа сұхбатында Қазақстандағы этносаралық қақтығыстарға қатысты пікір білдірген Дастан Қадыржанов елге реформа қажет екенін, бірақ халықтан алыстап кеткен билік қандай да бір өзгеріс жасауға құлықсыз екенін айтқан.

Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген, мамандығы тарихшы-шығыстанушы Дастан Қадыржанов сыртқы істер министрлігінде, телевидениеде жұмыс істеген. Түрлі басылымдарға мақала жариялап, жеке сараптама қызметтеріне есеп жазумен айналысқан. Ол – "Отанның жүрегі" және "Мейірбан баланың оқиғасы" кітаптарының, "Үлкен жалғыздықтың кішкене хикаялары" өлеңдер жинағының авторы.

Әріптестері мен таныстары Дастан Қадыржановтың қазасына қайғырып жатыр. "Тәуекелді бағалау тобының" директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев "Азамат деген атқа лайық, керемет сарапшы, тамаша публицист Дастан Қадыржанов қайтыс болды. Ол – ойындағысын айтатын, айтқанын орындайтын, еркін ойлы азаматтардың бірі де бірегейі еді" деп жазды.

Журналист Сергей Дуванов Қадыржановты "Қазақстандағы ең білімді де жан-жақты саяси сарапшылардың бірі еді" деп сипаттады. "Шынымды айтсам, мұндай кісілер саусақпен санарлық. Иә, ол билікке қарсы шықты! Бірақ ол мұны жар салмай, арзан ұпай жинамай, өзінше жасады. Ол мұны БАҚ-тағы мақалаларында және әлеуметтік желідегі посттарында ақыл-парасатымен істеді. Оның сараптамасы әрдайым терең әрі қисынды болатын" деп жазды Дуванов.

Азаттық редакциясы Дастан Қадыржановтың отбасына, жақындарына көңіл айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG