Accessibility links

АҚШ президенті Осман империясындағы армян қырғынын "геноцид" деп атады


Армян геноцидін еске алу жиынына қатысып тұрған Джо Байден. 2015 жыл.
Армян геноцидін еске алу жиынына қатысып тұрған Джо Байден. 2015 жыл.

Ақ үй 20 ғасыр басында Осман империясында болған армян қырғынын геноцид деп таныды. АҚШ президенті Джо Байден бұл оқиғаларды еске алатын күн – 24 сәуірде арнайы мәлімдеме жасады. Мәлімдемесінде ол "Жыл сайын осы күні біз Осман дәуірінде болған армяндар геноцидінде қайтыс болғандардың барлығын еске аламыз және мұндай қатыгездіктің қайталануына жол бермеуге серт етеміз" делінген.

2019 жылы АҚШ конгресінің қос палатасы бұл оқиғаны геноцид деп таныған, алайда елдің атқарушы билігі бұған қолдау білдірмеген.

Мәлімдеме жарияланардан бір күн бұрын Джо Байден Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен "екіжақты қарым-қатынастың жайын" талқылаған.

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде және одан кейін Осман империясында 1,5 миллион армян өлтірілді немесе жер аударылды деп саналады. Жапа шеккендердің көбі христиан азшылық өкілдері болған делінеді.

Армяндар осы қасіретті оқиғаны сипаттау үшін "геноцид" сөзін қолдануды талап етіп келеді, бірақ Түркия бұған үзілді-кесілді қарсы. Анкараның ұстанымы бойынша, мемлекеттің армяндарды қырып-жоюға бағытталған арнайы саясаты болған емес.

Анкара бұл қырғын Осман үкіметінің армяндарды жою әрекеті емес, азаматтық соғыстың салдары деп санайды. Түркия қаза болған армян саны көп деректе айтылып жүргеннен әлдеқайда аз дейді.

Президенттікке кандидат кезінде Байден осы лауазымға сайланған жағдайда армян қырғынын геноцид деп тануға уәде берген және бұл пікірін сол оқиға құрбандарын еске алу күні – 24 сәуірде жариялайтынын айтқан.

Президент болып сайланар алдында Барак Обама да бұл оқиғаны геноцид деп мойындауға уәде беріп, ол уәдесін орындамаған. Екінші президенттік мерзімі аяқталған соң ол осы ісі үшін өкінетінін де айтқан.

Осы күнге дейін әлемнің 30-дан астам мемлекеті бұл оқиғаны "геноцид" деп таныған. Франция, Швейцария сияқты кей елдерде геноцидті мойындамауға тыйым салатын заң да қабылданған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG