Accessibility links

Бір күнде 2830 адамның анализінен Covid анықталды


Коронавирус екпесін салып жатқан медқызметкер. Алматы, 2 сәуір 2021 жыл.
Коронавирус екпесін салып жатқан медқызметкер. Алматы, 2 сәуір 2021 жыл.

Қазақстанда 24 сәуір күні ПТР тестімен расталған коронавируспен 2830 адам тіркелді. Бұл туралы коронавируспен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram-каналынан білуге болады.

Күн көрсеткіші бойында аймақтар арасында алда келе жатқан Алматы қаласында 682 науқас тіркелген. Қалада тәулік сайын тіркелетін науқас саны он күннен астам уақыт бойы 650-ден төмендемей отыр. Ал рекорд 8 сәуірде орнаған. Сол күні Covid 717 адамның анализінен анықталған. Індет басталғалы бір Алматының өзінде коронавируспен 50 мыңнан астам адам тіркеліп отыр.

Қаланы қоршай орналасқан Алматы облысында 246 адамның ПТР тесті оң нәтиже беріп, вирус жұқтырғаны расталғандар саны 20 мыңнан асты.

Өзге аймақтардағы ахуал:

  • Нұр-Сұлтан қаласында – 42770 (+498),
  • Шығыс Қазақстан облысында – 24421 (+99),
  • Қарағанды облысында – 22096 (+235),
  • Атырау облысында – 21423 (+116),
  • Павлодар облысында – 20150 (+57),
  • Батыс Қазақстан облысында – 18447 (+171),
  • Ақмола облысында – 17571 (+148),
  • Қостанай облысында – 14580 (+28),
  • Солтүстік Қазақстан облысында – 13823 (+43),
  • Шымкент қаласында – 8891 (+114),
  • Ақтөбе облысында – 8583 (+165),
  • Жамбыл облысында – 7481 (+71),
  • Маңғыстау облысында – 5423 (+55),
  • Түркістан облысында – 5206 (+45),
  • Қызылорда облысында – 5159 (+57).

Осылайша коронавируспен тіркелгендер саны 306 400-ге жетіп отыр. Оның 261 647-сі жазылған, 3535-і қайтыс болған (23 сәуірдегі дерек). Қайтыс болғандардың бұл статистикасына коронавирус "ілеспе диагноз" болды деген мыңнан астам адам кірмей қалған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, наурыздың соңына дейін бұл тізімде барлығы 1619 адам болған.

Қазақстан үкіметі былтыр тамыздан бастап анализінен коронавирус анықталмаған, бірақ аурулар белгілері бойынша соған ұқсайтын коронавирус пневмониясының есебін жүргізіп келеді. 2020 жылғы 1 тамыз бен 2021 жылғы 23 сәуір аралығында пневмонияның бұл түрімен 52 434 адам тіркелді. Оның 51 155-і жазылып шықты, 771-і қайтыс болды.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметіне қарағанда, әлемде коронавируспен тіркелгендер саны 146 миллионнан асқан. Оның 3 миллион 96 мыңы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG