Accessibility links

"Көрші ауылдың баласын өлімші етіп сабады" деп айыпталған алты жасөспірім 6-8 жылға сотталды


"Қатарластарының қолынан қаза тапқан" жасөспірімнің өліміне қатысты іс бойынша судья үкім оқып жатыр. Шымкент, 26 сәуір 2021 жыл.
"Қатарластарының қолынан қаза тапқан" жасөспірімнің өліміне қатысты іс бойынша судья үкім оқып жатыр. Шымкент, 26 сәуір 2021 жыл.

26 сәуірде Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты былтыр "қатарластарының қолынан қаза тапты" делінген жасөспірімнің өліміне қатысты істе үкім оқыды. Сот ауруханада көз жұмған 17 жастағы Абзалбек Өткіровті өлімші етіп сабады деп айыпталған алты жасөспірімді 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Айыпталушылар мен олардың заңды өкілдері сот үкімімен келіспейді.

Үкімді судья Дәурен Сайханов оқыды. 16-18 жастағы айыпталушылардың бәрі Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" және "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" баптарымен кінәлі деп танылды. Сотталушы Жанболат Үсіпбаев – 8 жылға, Нұржан Ибраев – 6 жылға, Әмірхан Оңғар, Төребек Барат, Абылайхан Турашев, Нұрдәулет Амангелді әрқайсысы – 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылар үкімді онлайн тыңдады.

Айыпталушылардың жақындары сот үкімінен кейін жылап отыр. Шымкент, 26 сәуір 2021 жыл.
Айыпталушылардың жақындары сот үкімінен кейін жылап отыр. Шымкент, 26 сәуір 2021 жыл.

Марқұм Абзалбек Өткіровтің ағасы Алмаз Өткіров сот үкімімен келіспейді. Оның сөзінше, сотта сотталушылардың кінәсі бірдей екені дәлелденсе де, судья оларға әртүрлі жаза берген.

Сотталушылардың заңды өкілдері де сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді. Ата-аналар балаларының кінәсіз екенін алға тартады.

Сот 2020 жылдың 26 қарашасында басталған. Сот марқұм Абзалбек Өткіровтің анасы мен ағасын, Өткіровпен бірге таяқ жеген Дулат Қамытбек пен Ернар Спатаевты жәбірленуші деп таныған.

Прокурор айыптау актісін оқыған кезде айыпталушылардың екеуі тағылған айыпты ішінара мойындайтынын, қалғаны айыппен келіспейтінін айтқан. Сот процесі кезінде айыпталушының төртеуі тергеу кезінде моральдық қысым көргенін мәлімдеген. Олардың заңды өкілдері мен ата-анасы және қорғаушылары айыпталушылардың құқықтары өрескел бұзылғанын жеткізген.

2020 жылдың 23 мамырында Шымкенттің 17 жастағы тұрғыны Абзалбек Өткіровті бір топ қатарласы өлімші етіп сабап кеткен. Ол он күннен кейін ауруханада көз жұмған.

Жергілікті БАҚ былтыр алғашқы үш айда Қазақстанда 600-ден астам жасөспірімнің қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, алғашқы орындарда Алматы облысы (63 жасөспірім қылмыстық іске тартылған), Түркістан облысы (62) мен Шымкент қаласы (58) тұрғанын хабарлаған. 2020 жылдың басында Қазақстан түрмелерінде 40-тан астам жаөспірімнің отырғаны хабарланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG