Accessibility links

Қайша Ақан: ІІМ азаматтық мәселесін үш ай қарастыратынын айтты


Қайша Ақан ішкі істер министрінің орынбасарымен кездесуден соң сұқбат беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 28 сәуір, 2021 жыл.
Қайша Ақан ішкі істер министрінің орынбасарымен кездесуден соң сұқбат беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 28 сәуір, 2021 жыл.

Шыңжаңдағы қуғын-сүргіннен қашып келген қазақтардың бірі, Қазақстанда босқын мәртебесімен жүрген Қайша Ақан 28 сәуірде ішкі істер министрлігі өкілдерімен кездесті. Өткен аптада Қайша Ақан және Шыңжаңнан келген тағы екі азамат: Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлы Қазақстан билігінен азаматтық немесе үшінші елге кетуге мүмкіндік беретін куәлік сұраған еді.

Қайша Ақанның сөзіне қарағанда, сәрсенбі күні онлайн кездесу кезінде Қазақстан ішкі істер министрлігі өкілдері оған азаматтық мәселесін үш ай қарастырып, шешім шығаратынын айтқан. Бұған қоса, 20 күн сайын мәселенің қалай жылжып жатқанынан хабардар етіп отыратынын жеткізген.

"Егер Қазақстан азаматтық бере алмаса, Босқындар туралы заңға сәйкес, үшінші елге кету құжатын 2022 жылдың қаңтарынан бастап қарастырамыз деді. Бірақ біздің куәлігіміз 2021 жылдың қазанында аяқталады" деді жиыннан шыққан соң Қайша Ақан Азаттық тілшісіне.

"Нұр Отан" ғимаратында өткен кездесуге ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров қашықтан қатысқан.

Қазақ-қытай шекарасын бұзып, сол үшін Қазақстанда сотталған, артынша босқын мәртебесіне ие болған үш азаматтың айтуынша, оларда босқын мәртебесі болғанмен ешқандай жеңілдік жоқ. Министрлікке жазған хатында олар елде өздерін қауіпсіз сезіне алмайтынын, әлеуметтік жағдайларының нашарлағанын жазған.

"Қазірге дейін Қазақстан азаматтығын ала алмай келеміз. Еш жерде жұмыс істемегендіктен тұрмыстық жағынан қатты қиналып кеттік. Тіпті тұрақтайтын баспанамыз да жоқ. Жұмыс істеп, жан бағайық десек қорқамыз. Қысқасы, үйден шыға алмай қалдық" делінген хатта.

Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлы биыл қаңтарда бір күнде Қазақстанда шабуылға ұшыраған. Ақанды Алматы қаласында үйінің сыртында соққыға жықса, Әлімұлына Нұр-Сұлтанда белгісіз екі адам пышақ сұққан. Мұрагер сол күннен бастап "қорқып қалғанын" да айтқан.

Бұған дейін ішкі істер министрлігі өкілдері олардың азаматтық немесе үшінші елге кетуге мүмкіндік беруді сұрағанын растаған. Бірақ ішкі істер министрлігіне қарасты көші-қон полициясы басқарма бастығының орынбасары Ғани Шымырбаев осы аптада Азаттыққа "заң жүзінде азаматтық алуға ешқандай мүмкіндігі жоқ" деген еді.

2017-2019 жылдар аралығында Қазақстанға Қытайдан қашып келген алты қазақтың төртеуі босқын мәртебесін алды. Қайша Ақан, Қастер Мұсаханұлы және Мұрагер Әлімұлынан бөлек Бағашар Мәлікұлына да бір жылға босқын мәртебесі берілген. Алматы облысы Панфилов ауылында тұратын Тілек Тәбәрікұлы босқын мәртебесін ала алмай жүр. Ал тағы бір Шыңжаң қазағы – Сайрагүл Сауытбай Қазақстан оған босқын мәртебесін беруден бас тартқан соң 2019 жылғы 3 маусымда отбасымен бірге Швецияға қоныс аударды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG