Accessibility links

Қытайдан қашып келген Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлы шабуылға ұшырады


"Пышақ жұмсап, тепкіледі". Қытайдан қашқан екі қазақ шабуылға ұшырады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

Қазақстанға Қытайдан қашып келген екі этникалық қазаққа белгісіз адамдар шабуыл жасады. Алматыда Қайша Ақанды үйінің қасында соққыға жыққан. Ақмола облысында Мұрагер Әлімұлына пышақ жұмсап, жеңіл жарақат салған. Шабуылды кім жасағаны белгісіз. Полиция бұл екі оқиғаны тексеріп жатыр.

"ҚАРАҢҒЫ БҰРЫШТА БАСЫНАН АУЫР ЗАТПЕН ҰРҒАН"

Қытайдан қашып, шекарадан заңсыз өтіп келген, Қазақстан билігі былтыр күзде босқын мәртебесін берген төрт Шыңжаң қазағының екеуі – Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлына 21 қаңтар күні кешкі мезгілде белгісіз біреулер шабуыл жасағаны туралы суыт хабар бейсенбіде әлеуметтік желіде тарады.

Қытай қысымынан қашып келген этникалық қазақтардың құқықтық мәселесімен айналысатын тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" ұйымының белсендісі Бекзат Мақсұтханның Азаттыққа хабарлауынша, екі оқиға шамамен бір мезгілде болған.

Қайша Ақан шабуылдан кейін. Алматы, 21 қаңтар 2021 жыл.
Қайша Ақан шабуылдан кейін. Алматы, 21 қаңтар 2021 жыл.

– Қайша маған хабарласып, өзін белгісіз біреулер ұрып-соғып кеткенін айтты. Дауысы әрең шығып тұр. Үйінде күйеуі жоқ екен. Қайшаның сөзінше, үйінің маңындағы дүкенге барып, қайтып келе жатқан кезде қараңғы бұрыштан әлдекім қатты затпен басынан екі рет ұрып, қылқындырып, сүйреген. Сол кезде есінен танып қалыпты. Есінен жиса, әбден тоңған. Сосын маған хабарласты, – деді Бекзат Мақсұтхан.

Мақсұтханның сөзінше, Қайша оған бейсенбі күні кешке сағат оннан кете хабарласқан. "Оқиға содан бір сағаттай бұрын болғанға ұқсайды" деді Мақсұтхан Азаттыққа. Қайшаға шабуыл жасалған жерге адамдар жиналып, полиция мен жедел жәрдемге хабарлаған. Жедел жәрдем көлігі Қайша Ақанды ауруханаға алып кеткен.

Алматы қаласындағы №4 аурухананың қызметкерлері Азаттыққа жедел жәрдем көлігі Қайша Ақанды 21 қаңтар күні сағат 23:50-де жеткізгенін, оған алғашқы медициналық жәрдем көрсетілгенін айтты.

Алматы қаласының Түрксіб аудандық ішкі істер басқармасының қызметкері, полиция капитаны Ақылбеков Азаттыққа Қайша Ақанға шабуыл жасалуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

– "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір бастықтардың бәрі оқиға орнында жүр. Іске байланысты басқа ештеңе айта алмаймын, - деді ол.

Заңгер Гүлмира Қуатбекқызының Азаттыққа хабарлауынша, Қайша Ақан "ауруханада өзін қауіпсіз сезіне алмайтынын" айтып, ауруханаға жатудан бас тартқан. "Қазір Қайшаның жағдайы қалыпты: есін жиған, сөйлей алады. Былтыр жазда операция жасалғандықтан кейбір емді қабылдай алмаған" дейді заңгер.

"ПЫШАҚ ҚАЛТАМДАҒЫ ЗАТҚА ТИІП, ДЕНЕМЕ ТЕРЕҢ ЕНБЕДІ"

Қазақстаннан босқын мәртебесін алған Мұрагер Әлімұлы да 21 қаңтарда шабуылға ұшырағанын айтты. Оның сөзінше, шамамен сағат 22.00-ден өте Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы Қоянды ауылында көшеде белгісіз екі адамның өзіне тап бергенін айтады.

Мұрагер Әлімұлын жедел жәрдем көлігімен ауруханаға алып бара жатқан сәт. 21 қаңтар 2021 жыл.
Мұрагер Әлімұлын жедел жәрдем көлігімен ауруханаға алып бара жатқан сәт. 21 қаңтар 2021 жыл.

– Қараңғы көшеде келе жатқанымда, өмірі көрмеген бейтаныс екеу ештеңе айтпастан маған пышақ жұмсады. Қалтамда телефон қуаттандыратын зат (powerbank) бар еді, сол сақтап қалды: пышақ соған тиіп, денеме терең енбеді, жеңіл жарақат алдым. Сосын олар мені қолындағы темірмен басымнан, белімнен ұрды. Қазір Нұр-Сұлтандағы дәрігерге басымды, белімді тексертуге барамын, – деді Мұрагер Әлімұлы Азаттыққа.

Ақмола облысы Целиноград аудандық ішкі істер басқармасы Мұрагер Әлімұлына жасалған шабуылды "Бұзақылық" бабы бойынша тергеп жатқанын хабарлады.

- 293-бап 2-тармақ 1-бөлігі бойынша ("Бұзақылық") қылмыстық іс қозғалды. Әлі ешкім ұсталмады. Іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазір тергеушілер тобы оқиға орнында, - деді кезекші бөлім қызметкері Абылайхан Шалғынбаев 22 қаңтар түстен кейін Азаттық тілшісіне.

Қайша Ақанға да кімдер шабуыл жасағаны әзірге белгісіз.

Шыңжаңда туып-өскен Қайша Ақанға Алматы қалалық көші-қон полициясы босқын мәртебесін былтыр 29 қазанда бір жыл мерзімге берген. 2018 жылдың мамыр айында Қазақстанға Қытайдан заңсыз өтіп келген Қайшаны 2019 жылдың желтоқсан айында Алматы облысы Панфилов аудандық соты "шекара бұзғаны" үшін айыпты деп танып, шартты түрде жарты жылға бостандығынан айырған. Қайша Ақан сотта Қытайда өзіне "лагерьге қамалу қаупі төнген соң" Қазақстанға қашып өтуден басқа амалы қалмағанын мәлімдеген еді.

2019 жылы күзде Алматыда Мұрагер Әлімұлы өзі сияқты тағы бір этникалық қазақ Қастер Мұсаханмен бірге 2019 жылы қазанда Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі қуғыннан қашып, Қазақстанға шекараны заңсыз кесіп өтіп келгенін мәлімдеген. Кейін Қазақстан билігі оларды заң бұзғаны үшін қамауға алып, екеуіне депортация қаупі төнген. Құқық қорғаушылар оларға араша түсіп, Қазақстан үкіметін Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханды Қытайға бермеуге үндеген. 2020 жылғы қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық соты екеуін "мемлекеттік шекараны бұзып өткені үшін айыпты" деп танып, бір жылға бостандығынан айырған. Қамауда отырған әр күні екі күн деп есептеліп, олар 22 маусымда бостандыққа шыққан. Былтыр қазанда Қазақстан оларға бір жылға босқын мәртебесін берген.

ҚЫТАЙДЫҢ ШЫҢЖАҢДАҒЫ САЯСАТЫ МЕН ҚАШҚЫН ҚАЗАҚТАР

2018-2019 жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып-өскен бірнеше этникалық қазақ шекараны заңсыз кесіп, Қазақстанға өткен. Сайрагүл Сауытбай, Қайша Ақан, Тілек Тәбәрікұлы, Бағашар Мәлікұлы, Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы Шыңжаңдағы биліктің қысымынан және саяси лагерьге қамалудан қауіптеніп, тарихи Отанына қашуға мәжбүр болғанын мәлімдеген. Олар Қазақстан үкіметінен босқын мәртебесін сұраған.

Қазақстан олардың барлығын "шекарадан заңсыз өткені үшін айыпты" деп танып, сотқа тартқан. Осылардың арасында ісі халықаралық деңгейде резонанс туғызған Сайрагүл Сауытбай комиссия босқын мәртебесін беруден бас тартқаннан кейін 2019 жылы жазда отбасымен бірге Швециядан саяси баспана алып, сол елге көшіп кетті.

2017 жылы көктемде Қытай билігі Шыңжаң өлкесінде саяси лагерьлер ашып, сол аймақта тұратын мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат тарай бастаған. БҰҰ есебінше, Қытай билігі Шыңжаңдағы саяси лагерьлерде 1 миллионнан астам адамды – негізінен мұсылман дінін ұстанатын ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге түркі тілдес ұлт өкілдерін еркінен тыс ұстаған. Пекин басында Шыңжаңдағы әрекетін жоққа шығарған, бірақ кейін бұл ісін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіп меңгеретін орталық" деп атаған.

Осы аптада қызмет өкілеті аяқталар қарсаңда АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Пекинді Шыңжаң аймағында ұйғырлар мен өзге де мұсылман топтарға "геноцид" жасады деп айыптап, барлық халықаралық ұйымдар мен соттарды Қытайдың мұсылмандарды қудалауына шара қолдануға үндеген. Ол Вашингтондағы жаңа әкімшілік Пекинге бұдан кейін де қысым жасай береді деп сенім білдірген.

20 қаңтарда АҚШ президенті қызметіне кіріскен Джо Байден мемлекеттік хатшы лауазымына ұсынған Энтони Блинкен 19 қаңтарда сенаттағы талқылауда Қытай билігінің Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауын "геноцид" деп бағалаумен келісетінін айтқан.

Пекин мұндай айыптаумен келіспейтінін мәлімдеп, Шыңжаңдағы мұсылман ұлт өкілдеріне қысым жасалғаны туралы хабарларды жоққа шығарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG