Accessibility links

Ықтиярхаты жоқ қазақтар әлеуметтік көмектен қағылды


Қытайдан көшіп келген этникалық қазақ Тынысбек Әбілхан. Ұзынағаш ауылы, Жамбыл ауданы, Алматы облысы. 20 сәуір 2020 жыл.
Қытайдан көшіп келген этникалық қазақ Тынысбек Әбілхан. Ұзынағаш ауылы, Жамбыл ауданы, Алматы облысы. 20 сәуір 2020 жыл.

Қазақстанда төтенше жағдай режимі кезінде табыссыз қалғандарға берілетін әлеуметтік көмектен атамекеніне оралған қазақтардың бір бөлігі құралақан қалды. Олар билік талап еткен ықтиярхатты жергілікті шенеуніктердің қырсыздығынан айлап ала алмай жүргенін айтады.

ЫҚТИЯРХАТЫ ЖОҚҚА ЖӘРДЕМ БЕРІЛМЕЙДІ

Биыл ақпанда Түркіменстаннан Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданына көшіп келген 26 жастағы Нұрлан Бақытовтың отбасында ата-анасы, әйелі, інісі мен келіні және олардың нәрестесі – барлығы жеті адам бар. Олар Мұнайлы ауданына келген бетте ықтиярхат алу үшін жергілікті көші-қон полициясына құжат өткізген. "Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан ішкі істер министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығының 9-бөлігіне сәйкес, үш айдың ішінде жауап берілуі тиіс. Бірақ елде коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі кезінде ықтиярхат межелі уақытта қолға тимей қала ма деп алаңдайды атамекенге көшіп келген қазақ.

Түркіменстаннан Маңғыстау облысына көшіп келген этникалық қазақ Нұрлан Бақытов. Жеке архивтегі суреті.
Түркіменстаннан Маңғыстау облысына көшіп келген этникалық қазақ Нұрлан Бақытов. Жеке архивтегі суреті.

- Карантин басталғанға дейін әр жерде жұмыс істеп жүрген едік. Қазір ешқайда шыға алмаймыз. Бір үйде топты жанбыз, күн көрісіміз қиындап барады. Қолымызда тым болмаса ықтиярхат не оралман куәлігі де жоқ, - дейді Нұрлан Бақытов.

Айтуынша отбасындағы нәрестелі келінінен басқасының барлығы еңбекке жарамды. Нұрланның сөзінше, отбасы уақытша жалдап тұрып жатқан баспанаға ай сайын 25 мың теңге, коммуналдық қызметке 15 мың теңге төлеп отыр.

Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты шектеулер енгізілгеннен кейін жұмыстан қол үзіп, табыссыз қалған мұқтаж жандарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан беріліп жатқан 42500 теңгені ($95) Нұрланның отбасы да алғысы келеді. Қолында Түркіменстан азаматтығын растайтын құжаты ғана бар Нұрлан Бақытов жағдайын айтып жергілікті әкімдікке де барғанын, бірақ мардымды жауап ала алмағанын айтады.

"Қазақстанда карантин кезінде мен секілді азаматтығы жоқ адамдарды әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі қалай қарастырылған?" деп сұрайды Нұрлан.

Азаттық тілшісі бұл мәселеге байланысты Мұнайлы аудандық әкімдігіне хабарласқанымен шенеуніктерден жауап ала алмады.

Бұған дейін Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Азаттықтың "Сырттан көшіп келген, бірақ әлі ықтиярхат пен оралман куәлігін алмаған этникалық қазақтарға 42500 теңге беріле ме?" деген сауалына "Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айрылған жағдайда әлеуметтік жәрдем алуға өтініш беру үшін олардың ықтиярхаты, оған қоса тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі болуы керек" деп жауап берген.

"ҚҰЖАТЫ ЖОҚ КІСІГЕ ҚОЙ БАҒУДАН БАСҚА ЖҰМЫС ЖОҚ"

23 жастағы Заңғар Бейсенғалидың Қазақстанға көшіп келгеніне үш жыл болған. 2017 жылы Қытайдан Алматы облысына қоныс аударғаннан кейін ол қолындағы Қытай паспортының жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты Алматыдағы Қытай бас консулдығынан қайтадан жаңа құжат алыпты.

- Жаңа паспортта виза болмады. Ықтиярхатқа өтініш тапсырайын десем, көші-қон полициясы "Қытайға қайта барып, виза бастырып әкел" деді. Ал ол кезде (2017 жылы – ред.) Қазақстаннан Қытайға қайтып барғандарды саяси лагерьге қамап, кейбірін соттап жатқан болатын. Қайта бару мүмкін емес еді. Сол себепті паспортыма виза бастыра алмадым, - дейді Заңғар.

Заңғар Бейсенғали қазір Алматы облысы Жамбыл ауданындағы қыстақтардың бірінде мал бағады. Биыл қаңтарда Заңғардың ата-анасы да Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған. Олар да әлі ықтиярхат алған жоқ. Заңғар Қазақстанға әуелде білім алуды армандап келгенін, бірақ қазір ата-анасын асырау үшін біреудің малын бағуға мәжбүр екенін айтады. "Құжатсыз жүріп-тұруым қиындады, ешқайда жұмысқа да тұра алмадым" деп мұңын шақты тарихи отанына келген қазақ жігіт.

Үш жылдан бері Қазақстан азаматтығына қол жеткізе алмай жүрген Заңғар Бейсенғали коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі кезінде табыссыз қалған жандарға мемлекеттен бөлінетін 42500 теңге әлеуметтік көмек өзіне тиеді деп үміттенбейді.

ЫҚТИЯРХАТ АЛУДЫҢ МАШАҚАТЫ

Серік Саяқтың Қытайдан Алматы облысы Жамбыл ауданына көшіп келгеніне бір жылға таяған. Заңғар Бейсенғали сияқты ол да қазір күнкөріс үшін бір жарым жастағы кішкентай баласы мен әйелін ертіп, таудағы қыстақта біреудің малын бағып жүр.

- Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуға (ықтиярхат - Азаттық) көші-қон полициясына өтініш беріп, ол берген қағазды халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) апарып өткізбекші болдық. Бірақ сонда отыратын көші-қон полициясының өкілі жоқ деп ешқандай құжат ала алмадық. Бұрын істеген адам жұмыстан шығып кетіпті. Басқалары "біздің қолымыздан келмейді" деп дұрыс жауап бермейді. Қазір амалсыз біреудің малын бағып, күн көріп жүрмін, - дейді Серік Саяқ.

Қазақстанға Қытайдан көшіп келген этникалық қазақ Тынысбек Әбілхан. Жеке архивіндегі суреті.
Қазақстанға Қытайдан көшіп келген этникалық қазақ Тынысбек Әбілхан. Жеке архивіндегі суреті.

"Менің құжаттарым ХҚКО-да жатыр. Онда барсақ бір-біріне сілтейді, біздің мәселеміз бойынша кім жұмыс істейтінін білмейді" дейді Азаттыққа Қытайдан Қазақстанға көшіп келген Тынысбек Әбілхан есімді тағы бір қазақ. Ол 2019 жылы желтоқсанның 5-і күні Алматы облысы Жамбыл ауданына қоныс аударғанын, бес күннен кейін ықтиярхат алу үшін жергілікті көші-қон полициясына өтініш бергенін, алайда ХҚКО-да оның шаруасын реттейтін "тиісті маман жоқ болғандықтан" іс тұйыққа тірелгенін айтады.

Қазір карантинге байланысты жұмыссыз қалған Тынысбек жетпіс бес жасқа келген анасына қарап отыр.

- Серік сияқты мал бағып кете алмаймын. Оған анамның жағдайы келмейді. Карантинге дейін көтерме жұмыс алып істеп жүрген едім. Қазір жіпсіз байландым, - дейді ол.

Дәрігер "тіркеуің жоқ" деп қарамайды. Қолымыздағы болмашы ақшаны салып, жеке меншік дәрігерге қараламыз.

Жігіттің анасы Ауахан Ыдырысқызы қан қысымы жиі көтеріліп, жиі ауырып қалады екен. Әлі күнге дейін ықтиярхат пен тіркеуі болмағандықтан жергілікті емханаға да қарала алмай отырғанын айтып шағынады.

- Басымызда баспанамыз да жоқ. Балам болса жұмыссыз. Дәрігерге барсақ "тіркеуің жоқ" деп қарамайды. Қолымыздағы болмашы ақшаны салып, жеке меншік дәрігерге қаралып жатырмыз, - дейді қарт әйел.

Атамекенге көшіп келген қарт қазаққа ықтиярхат мұң болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:46 0:00

Тынысбек отбасының осы кезге дейін ас-суына ілдебайлап үнемдеп жеткізіп келген азын-аулақ қаржысы да сарқылғанын айтады.

- Үкіметтен беріліп жатқан 42500 теңге бізге де тие ме деп жергілікті әкімдікке барған едім. Бірақ ол жақтан "қолыңызда ықтиярхат болмаса берілмейді" деген жауап алдым. Қазір Қытайдан алып келген қорым да таусылуға таяды. Мына карантин созылып кетсе қалай өмір сүретінімді білмеймін, - дейді Тынысбек налып.

Қытайдан әкелген қорым да таусылуға таяды. Карантин созылып кетсе қалай өмір сүретінімді білмеймін.

Азаттық тілшісі мақала кейіпкерлерінің шағымына байланысты Алматы облысы Жамбыл аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласты. Мекеме өкілі Света Мұқанқызы орталықтағы көші-қон полициясы қызметкерінің жұмыстан шығып кетуіне байланысты азаматтардың құжаттарын рәсімдеу ісінде проблема барын растады.

- Қазір бұл жерде ешкім жоқ. Мамырдан бастап жұмыс істейміз. Сол кезде көші-қон полициясының жұмыс тобы да келеді. Сол кезде келіңіздер, - деді ол.

Алматы облысы Жамбыл аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы. Ұзынағаш ауылы, 20 сәуір 2020 жыл.
Алматы облысы Жамбыл аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы. Ұзынағаш ауылы, 20 сәуір 2020 жыл.

Жамбыл аудандық көші-қон полициясына хабарласқан Азаттық тілшісіне өзін "көмекшімін" деп таныстырып, аты-жөнін айтудан бас тартқан азамат "басшылық блокпост жақта жүр. Түрлі себептерге байланысты сіз айтқан құжаттарды беру кешіктіріліп жатыр. Карантин аяқталғаннан кейін алады" деп жауап қатты.

Жамбыл аудандық әкімінің өкілі Айткүл Медеуова болса Тынысбек Әбілхан мен оның анасы Ауахан Ыдырысқызына материалдық көмек ретінде азық-түлік себетін әзірлеуге тырысып көруге уәде берді.

Қазақстанда шетелден көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтық алғанға дейін ықтиярхат беріледі. Бұл құжат олардың дәрігерге қаралып, әлеуметтік жәрдемақы алуына, жұмыс істеуіне, құқығын қорғап, ел аумағында еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді.

ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛАТЫНДАР АРАСЫНДА ЖОҚ

Қытай қазақтарының құқықтық мәселесімен айналып жүрген белсенді, өзі де ертеректе Қытайдан атамекеніне көшіп келген Ауыт Мұқибек қолында ықтиярхаты жоқ азаматтарға әлеуметтік көмек беру мәселесін екі жолмен шешуге болады деп санайды.

- "Оралман куәлігін" онлайн түрде ұйымдастыру арқылы шеттен келген мұқтаж азаматтарды әлеуметтік жеңілдіктермен қамтамасыз етуге болар еді. Егер ондай азаматтардың тұрақты тіркеуі немесе жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) жоқ болса, онда төтенше жағдайға байланысты құрылған қоғамдық қорға жиналған ақшадан қаражат бөлген жөн, - дейді Ауыт Мұқибек.

Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілген соң табыссыз қалған азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін қаржыдан бөлек елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған Birgemiz қоғамдық қорынан да көмек беріліп жатқаны хабарланған. Өткен аптада Назарбаев осы қордан 152 мыңнан астам отбасыға 50 мың теңгеден біржолғы көмек көрсетілгенін мәлімдеп, "бұл жұмысты жалғастыру керегін" айтқан.

Қолында ықтиярхаты я "оралман куәлігі" жоқ шеттен келген қазақтар төтенше жағдай режимі енгізілуіне байланысты табыссыз қалғандарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінген қаржылай көмек алатындар санатына енбеген. Оларды Birgemiz қоғамдық қорынан жәрдем алғандар арасынан да таппайсыз.

"Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы" жанындағы "Отандастар" қорының өкілі Болат Зауытұлының сөзінше, Қазақстан азаматтығын немесе ықтиярхат алып үлгермеген, бірақ тұрақты тіркеуге тұрған және жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алған шеттен келген қазақтардың тек азық-түлік алуға мүмкіндігі бар.

- Олар тұрақты тіркеуге тұрған жеріне өз жағдайын айтып өтініш беруі керек. Жергілікті әкімдік азық-түліктен жәрдем бере алады. Ал "Отандастар" қоры әзірге ақпараттық көмек қана көрсете аламыз, - дейді ол.

"ПАРЛАМЕНТКЕ ХАТ ЖАЗСЫН"

Ықтиярхат немесе оралман куәлігін алмаған, әлеуметтік тұрғыдан қорғаусыз қалған жандардың мәселесін қалай шешуге болады? Азаттық тілшісі бұл сауалды парламент мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырманға қойды.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман.
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман.

- Жағдайы тым нашар болып жатса жергілікті әкімдіктерге барсын. Қазір біздің мемлекет сырттан келген азаматтардың кеудесінен итеріп, далаға тастап жатқан жоқ. Егер шынымен ондай азаматтар бар болса, бізге нақты мекен-жайын көрсетіп, кім екенін айтып хат жазсын. Сосын біз министрлікпен хабарласып, мәселені зерттейік, - деді депутат.

Короновирус пандемиясына байланысты наурыздың 16-сынан бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланып, кейін Алматы, Нұр-Сұлтан және басқа қалалар мен облыстарда карантин енгізілді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайға байланысты зейнетақы мен жәрдемақыны 10 пайызға индексациялауды тапсырғанын мәлімдеген. Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде кірісінен айырылған адамдарға ең төменгі жалақы көлемінде – 42500 теңге (шамамен 95 доллар) төленетінін айтқан.

Сәуірдің 20-сы күні еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қазірге дейін 3 миллион 960 мың адамға 42500 теңге тағайындалып, оған 157 миллиард теңге бөлінгенін хабарлады.

Қазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырған алғаш екі науқас наурыздың 13-і күні тіркелді. Содан бері елде вирус жұқтырғандар 2 мыңнан асты. 489 науқас дерттен жазылып, 19 адам қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG