Accessibility links

Экс-әкімнің енесі және депутат басқаратын ұйымдар. Birgemiz қоры құрылтайшылары кім?


Экс-әкімнің енесі және тендер алған депутат. Назарбаев қорының құрылтайшысы кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:04 0:00

Азаттық видеосы: Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қорының құрылтайшысы кім?

Қазақстанда коронавирус өршіген тұста экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев өз бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қорынан "152 мыңнан астам отбасыға 50 мың теңгеден қаржылай көмек берілгенін" айтты. Азаттық зерттей келе бұл қордың құрылтайшылары - Назарбаев ел басқарып тұрғанда соның маңында жұмыс істеген шенеуніктер мен олардың бірінің енесі екенін анықтады.

ЭКС-ПРЕЗИДЕНТТІҢ БАСТАМАСЫМЕН ҚҰРЫЛҒАН ҚОР

Қазақстанның бұрынғы президенті, Қауіпсіздік кеңесінің қазіргі төрағасы әрі биліктегі Nur Otan партиясының басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз бастамасы бойынша құрылған Birgemiz қоғамдық қорынан елде 152 мыңнан астам отбасыға 50 мың теңге көлемінде біржолғы көмек көрсетілгенін айтты. Бұл туралы сәуірдің 15-і күні экс-президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Назарбаев Birgemiz қорына қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғысын білдіріп, "бұл жұмысты жалғастыру керегін" айтқан.

Cәуірдің 10-ы күні Birgemiz қоғамдық қорының басқарма төрағасы Руслан Сакеев Нұр-Сұлтан мен Алматыда коронавируспен күреске жұмылдырылған "екі мыңнан аса медицина қызметкеріне 50 мың теңгеден (117 доллар – ред.) үлестірілгенін" хабарлаған.

Одан бір күн бұрын, сәуірдің 9-ына қор 50 мың мұқтаж азаматқа да көмек ретінде 50 мың теңгеден бөлгенін жазды. Мемлекеттік басылымдар Қазақстанды отыз жылға жуық билеген соң былтыр наурыздың 19-ы күні президент қызметінен кеткен, әйткенмен билікке ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың "қиын кезде көрсеткен қамқорлығына" алғыс білдіріп, "Біргеміз!" деп ұрандатқан азаматтардың видеосын жариялап жатты.

Birgemiz қоғамдық қорына жиналған қаржының басым бөлігін Қазақстандағы аса бай кәсіпкерлер мен ірі компаниялар аударғаны хабарланды. Қордың ресми сайтындағы мәліметте қазір 18,8 миллиард теңге жиналғаны жазылған. Жүздеген миллион теңге аударғандар арасында экс-президент Назарбаевтың жақын-туыстары да бар.

Birgemiz қорына ең көп қаржы аударған кәсіпкерлер. Қор сайтынан скриншот.
Birgemiz қорына ең көп қаржы аударған кәсіпкерлер. Қор сайтынан скриншот.

Birgemiz қоғамдық қоры 79 жастағы Назарбаевтың биыл наурыздың 20-сы күні халыққа жасаған үндеуінен соң құрылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия деп жариялаған коронавирус инфекциясына байланысты орнаған жағдайды 1990 жылдардың басындағы "ауыр кезеңмен" салыстырған Назарбаев "тәуелсіздік арқасында өз ісін қалыптастырып, мол дәулетке кенелген" кәсіпкерлерге үндеу жасап, "Олардың "еліме не беремін?" дейтін сәті келді" деген болатын.

Бұрынғы президент "қиын шақта елге көмектескісі келетін адамдардың қаржысы жинақталатын" республикалық қор құруды ұсынған. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда, Birgemiz қоғамдық қоры сол күні-ақ, наурыздың 20-сына ресми түрде тіркелген.

ҚОР БАСШЫЛАРЫ

Төрт күннен соң, наурыздың 24-іне биліктегі Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек басқаратын қамқоршылар кеңесі қордың алғашқы отырысын өткізіп, құрылтайшылар мен кеңес мүшелерін таныстырды.

Қор құрылтайшылары – "Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігі мен "Мир через духовность" қоғамдық бірлестігі.

Қордағы негізгі басқарушы орган – құрылтайшылардың жалпы жиналысы. Жарғыға сәйкес ол қор жұмысын бақылап, қызметі мен қаржы есебін қалай тексеру керегін айқындайды. Тексеру комиссиясының құзыреті мен өкілетін көрсететін де, оған шектеу қоя алатын да осы – құрылтайшылардың жалпы жиналысы.

Құжатта жиналыстың қор мүлкін кепілге қоюға және айыруға құқылы екені жазылған. Қорға аудиторлық тексеру жүргізу туралы шешімді жалпы жиналыс қабылдайды.

Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Ералы Тоғжанов (ортада) орынбасары Руслан Сакеевті таныстырып тұр. 2 тамыз 2017 жыл.
Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Ералы Тоғжанов (ортада) орынбасары Руслан Сакеевті таныстырып тұр. 2 тамыз 2017 жыл.

Мұндай құзірет берілген жалпы жиналысқа Ералы Тоғжанов төрағалық етеді. Ол биыл ақпанда Қазақстан премьер-министрінің орынбасары лауазымына тағайындалған. 2017 жылдың наурызынан 2019 жылдың қыркүйегіне дейін Маңғыстау облысының әкімі болған. 2017 жылы тамызда Тоғжанов өзіне орынбасар етіп Руслан Сакеевті қызметке тағайындаған еді.

Сакеев қазір Birgemiz қоғамдық қорының басқарма төрағасы. Ол мұнда да тікелей Тоғжановқа бағынады. Жарғыда "басқарма құрылтайшылар жалпы жиналысы шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді" деп жазылған.

БІРНЕШЕ ҚОР МЕН КОМПАНИЯ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ

Birgemiz қорының қос құрылтайшысының бірі – "Мир через духовность" қоғамдық бірлестігі. Екі жарым жыл бұрын тіркелген бұл ұйым қайырымдылықпен айналысады. Ашық дереккөздерде бірлестік мекенжайы ретінде Нұр-Cұлтандағы қымбат аудандардың біріндегі үй көрсетілген.

"Мир через духовность" бірлестігінің төрағасы – 69 жастағы Сәуле Мұхашова. Бос жұмыс орнын іздеп, іскерлік байланыс орнатуға арналған LinkedIn әлеуметтік желісіндегі анкетасында Мұхашова өзін филология ғылымдарының кандидаты, доцент деп көрсетеді.

Cәуле Мұхашова – Қазақстан президенті әкімшілігіндегі мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Нұрлан Сауранбаевтың енесі. Сауранбаев президент әкімшілігіндегі қызметіне дейін, 2017-2018 жылдары Шымкент қаласының әкімі болған. Одан бұрын EXPO-2017 көрмесін ұйымдастыру штабының комитетін басқарды.

Нұрлан Сауранбаев "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы кезінде әзірленген акция иегері тұлғалар туралы құжат. Сәуле Мұхашова "жұбайының анасы" деп көрсетілген.
Нұрлан Сауранбаев "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы кезінде әзірленген акция иегері тұлғалар туралы құжат. Сәуле Мұхашова "жұбайының анасы" деп көрсетілген.

Азаттыққа "он бес жылдан бері қайырымдылықпен айналысамын" деген Сәуле Мұхашова жайлы да, ол басқаратын "Мир через духовность" қоғамдық бірлестігі туралы да ашық дереккөзде ақпарат аз. Ұйым жұмысы туралы басылымдарда бірлі-жарым хабар ғана ұшырасады.

Мұхашова экс-президент Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген қорға құрылтайшы болуына "Қазақстан президентінің көмекшісі, президент әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаевамен кездесуі әсер етті" деп пайымдайды.

- Биыл еріктілер жылы екенін оқып, қараусыз қалған жерлерде тұратын, аяқ-қолына ампутация жасалған, үйсіз-күйсіз қалған адамдар туралы ақпанда президентке хат жолдадым. Бір аптадан соң президент әкімшілігінен хабарласып, мені президент көмекшісі Балаева қабылдайтынын айтты. Мұндай болар деп ойламадым. Сол кездесуде олар біздің жобаға қызықты. Оған "кез келген деңгейдегі серіктестікке дайынмын" дедім, - дейді Мұхашова.

Азаттық одан "Birgemiz қорының құрылтайшысы болуыңызға президент әкімшілігінде істейтін Сауранбаевтың туысы екеніңіз әсер етті деп ойламайсыз ба?" деп сұрады.

- Ол әсер етпеді деп нақты айта аламын. Шынымды айтсам, осыншама жыл бойы өз күшіммен жұмыс істеп келемін. Өзім ғана, – дейді Мұхашова.

Қазақстан президенті әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Сәуле Мұхашовамен кездескенін Азаттыққа растады. Бірақ "Мир через духовность" бірлестігінің Birgemiz қорына құрылтайшы болуына "әсер етпегенін" айтады.

- [Сәуле Мұхашова] дұрыс түсінбей қалған ғой. Құрылтайшы болуына қатысым жоқ. Қордың құрылтайшысын жинауға біз араласқан жоқпыз. Ол – партия жағынан жасалған дүние, - дейді Балаева.

Сәуле Мұхашова – 2012 жылдан бері пайдалы қазбалар саласында жұмыс істейтін "Kazakhstan's mineral resource investment company" компаниясының құрылтайшысы, "Сайрам-Мерей", "Сәт-Астана" қоғамдық қорларының жетекшісі. Ашық дереккөздерде компаниядан да, екі қордан да мемлекетке салық түспегені жазылған.

Бұдан бөлек, Сәуле Мұхашова – тұрғын үй салумен айналысатын, 2002 жылы тіркелген "Салем company" компаниясының жалғыз құрылтайшысы. Бұл компанияны Ернат Төлебаев есімді азамат басқарады. Аты-жөні тап осындай азамат "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының инвестициялық меморандумында кездеседі. Нұрлан Сауранбаев 2009 жылы "ҚазМұнайГаз" компаниясының сервистік жобалар бойынша басқарушы директоры қызметін атқарып тұрғанда Ернат Төлебаев сервистік жобалар басқармасы департаментінің басшысы болған. Бұл компания 2015 жылы 655 мың теңгеден аса салық төлеген.

Сәуле Мұхашова Азаттыққа өзі құрған компанияға Ернат Төлебаевтың жетекшілік еткенін растады.

- Бұл қаншама уақыт бұрын болған. Мені құрылтайшы ретінде қалдырып қойған шығар. Бірақ шынымды айтайын, Ернатпен жолымыз екіге айырылған. Мен [қазіргі жетістіктеріме] ауыл мектептеріне, көп балалы әйелдерге көмектесіп жүріп, 15 жыл бойғы мүлтіксіз қызметімнің арқасында жеттім. Сіздерді осы қызықтыруы керек. Менің қазіргі биографиям, қазіргі өмірім қызықтыруы керек, - деді Сәуле Мұхашова.

Азаттық "Салем company" компаниясы туралы сұрап, Нұрлан Сауранбаевқа хабарласты.

- Компания жұмысына менің қатысым жоқ. Оның не компания екенін де білмеймін, - деді ол.

Азаттық Birgemiz қоғамдық қорына "Мұхашованың "Мир через духовность" қоғамдық бірлестігі не себепті құрылтайшы ретінде іріктелді?" деп сауал жіберген. Қордан әзірге жауап келген жоқ.

БЮДЖЕТТЕН МИЛЛИОНДАП АҚША АЛАТЫН ҰЙЫМ

Birgemiz қоғамдық қорының екінші құрылтайшысы – "Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігі. Соғыс және еңбек ардагерлерінің басын біріктіретін бұл ұйым совет заманында – 1987 жылы наурызда құрылған. Қазір бірлестікті парламент мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов басқарады.

71 жастағы Ізмұхамбетов бұрын энергетика және минералдық ресурстар министрі, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының әкімі сияқты лауазымды қызметтер атқарды. 2016 жылдың наурыз-маусым аралығында Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы болды. Парламент сайтында Ізмұхамбетовтің мәжіліс төрағасы қызметінен кеткен күні, маусымның 21-іне "Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы болып тағайындалғаны жазылған.

Аталған бірлестік мемлекеттік тапсырыс аясында бюджеттен кейінгі төрт жылда 157 540 000 теңге (369 255 доллар) алған.

"Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігінің мемлекеттік тапсырыс аясында жасасқан келісімдері. Дереккөз: goszakup.gov.kz
"Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігінің мемлекеттік тапсырыс аясында жасасқан келісімдері. Дереккөз: goszakup.gov.kz

Бірлестік бұл қаржыға көмекке мұқтаж ардагерлер туралы ақпарат жинау, ардагерлердің қатысуымен түрлі жиындар, шахмат, дойбы жарыстарын ұйымдастыру сияқты қызметтер көрсеткен. Қоғамдық ұйым ескерткіштерге гүл қою рәсімі мен ардагерлерді қолдау флешмобтарын өткізумен де айналысады.

Соңғы рет – биыл сәуірдің 9-ына қоғамдық бірлестік Нұр-Сұлтан әкімдігінің ішкі саясат басқармасымен құны 51 миллион теңгеге жуық үш жылдық келісім жасасқан. Бірлестікке мұнша қаржы "Қазына" белсенді ұзақ өмір" жобасын іске асыру үшін берілген. Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы келісімде жоба аясында бірлестіктің "ардагерлердің түрлі көмек алуына септесіп, мерекелерде құттықтауға, кездесу мен дәрістер өткізіп, белсенді өмір сүру дағдысын насихаттап, түрлі флешмоб өткізетіні" жазылған.

Әкімдік пен депутат басқаратын бірлестік келісімшарттың көбін тікелей жасасқан.

Ізмұхамбетов басқаратын қоғамдық бірлестіктің мемлекеттік тапсырыстан бөлек табыс көзі барға ұқсайды. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс жөніндегі комитеті сайтындағы ақпаратта соңғы төрт жылда "Ардагерлер ұйымы" 48 433 500 теңге салық төлегені көрсетілген. Бұл – бірлестік осы мерзім ішінде мемлекеттік тапсырыс аясында алған қаржының үштен бірі. Түскен салық мөлшері бірлестік бюджеттен алған қаржының жартысынан асып кететін кездер де бар. Мысалы, мемлекеттік тапсырыс аясында 38 миллион теңге алған 2018 жылы бірлестік бюджетке 20 миллион теңге салық төлеген.

"Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігінің бірнеше жылда төлеген салығы. Дереккөз: Қазақстан қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитеті.
"Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігінің бірнеше жылда төлеген салығы. Дереккөз: Қазақстан қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитеті.

Азаттық Бақтықожа Ізмұхамбетовке "Төрт жылда 48 миллион теңге салық төлеген бірлестіктің тендерден басқа қандай табыс көзі бар?" деп сауал жолдаған еді. Депутат Азаттық тілшісіне сұхбат беруден бас тартты.

"Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігі былтыр сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешімін қолдап, жиын өткізген.

Назарбаев өз орнына қалдырған Тоқаев маусымда елде билікке наразылық күшейген шақта кезектен тыс өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша Қазақстан президенті болып жарияланды. Маусымның 9-13 күндері аралығында Алматы мен Нұр-Сұлтанда рұқсат етілмеген митингіге шыққан бірнеше мың адам ұсталды. Жүздеген азамат әкімшілік жазаға тартылды. Батыс бақылаушылары сайлау кезінде көптеген заңбұзушылық пен азаматтарды ұстау болғанын айтып сынады.

Екі құрылтайшы – Сәуле Мұхашованың "Мир через духовность" және Бақтықожа Ізмұхамбетов басқаратын "Ардагерлер ұйымы" қоғамдық бірлестіктері "Birgemiz қорына ақысыз көмектесіп жатырмыз" дейді. Жарғыда құрылтайшылардың қор мүлкіне ортақтаса алмайтыны, қаржының жарғылық мақсаттарға ғана жұмсалатыны жазылған. Биліктегі Nur Otan партиясы Азаттыққа берген жауабында "орталық және өңірдегі аппарат қызметкерлері қор жұмыстарын тегін істеп жатқанын" жазады.


  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG