Accessibility links

Қазақстан "Қытайдан қашқан" Қастер мен Мұрагерге бір жылға босқын мәртебесін берді


Қытайдан Қазақстанға қашқан Шыңжаң қазақтары Мұрагер Әлімұлы (сол жақта) мен Қастер Мұсаханұлының Семей түрмесінен шыққан сәтте түскен суреті. Шығыс Қазақстан облысы, 22 маусым 2020 жыл.
Қытайдан Қазақстанға қашқан Шыңжаң қазақтары Мұрагер Әлімұлы (сол жақта) мен Қастер Мұсаханұлының Семей түрмесінен шыққан сәтте түскен суреті. Шығыс Қазақстан облысы, 22 маусым 2020 жыл.

2019 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы арқылы қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы Қазақстаннан бір жылға босқын мәртебесін алды. Олар – Шыңжаңдағы қысымнан қашып, Қазақстаннан босқын мәртебесін алған алғашқы этникалық қазақтар.

"Шыңжаңдағы лагерьге қамалудан қаштық" деген Мұсаханұлы мен Әлімұлының бір жылға босқын мәртебесін алғанын Азаттыққа олардың адвокат Абдула Бақберген хабарлады. Бұл ақпаратты олардың тағы бір адвокаты Бауыржан Азанов та Facebook парақшасында да жазды.

Мұсаханұлы мен Әлімұлының өздері Азаттыққа босқын мәртебесін алғанын растап, куәліктер мен комиссия шешімін жолдады.

Шыңжаң қазақтарына бір жылға босқын мәртебесін беру шешімін 16 қазанда Ақмола облысы полиция департаменті Көші-қон қызметі жанынан құрылған комиссия қабылдаған. Адвокат Бақберген Азаттыққа Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына босқын мәртебесі бір жылға берілгенін, олардың "алдағы қадамдарын енді ақылдасатынын" айтты.

Босқын деген кім?

Қазақстан "Босқындар туралы" заңының 1-бабына сай, босқын - нәсілдік, ұлттық, діни сенімі, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы не саяси нанымы бойынша қудалаудың құрбаны болған; қауіпке байланысты өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген және өз елінің қорғауын пайдалана алмайтын не қауіптенгендіктен мұндай қорғауды пайдаланғысы келмейтін шетелдік; қауіп салдарынан еліне қайтып орала алмайтын не қайтып оралғысы келмейтін; өзі тұрақты тұратын не өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген азаматтығы жоқ адам.

Ал Қастер Мұсаханұлы Азаттық тілшісіне телефон арқылы "Әзірге осыған риза болып тұрмыз. Ары қарай қалай боларын әлі білмейміз. Адвокатпен ақылдасамыз" деді.

Мұрагер Әлімұлы "Өзіміз де енді естіп мәре-сәре болып жатырмыз. Адвокат пойыздан жаңа түсті. Кеше "жақсы жаңалығым бар" деген. Бірақ нақты айтпаған еді" деп қысқа қайырды.

Комиссия Мұсаханұлы мен Әлімұлына бір жылға босқын мәртебесін беру туралы шешімді қабылдағанда олардың "Қытайдан кету себебін" есепке алып, Қазақстанның "Босқындар туралы" заңына сүйенген.

Шешімде олардың "тұрақты мекенжайынан кету себебі" ретінде "ұлтына, дініне қарай Қытай билігі тарапынан қысым көру. Қамап тастады. Азапқа салды. Босап шыққаннан кейін қайтадан лагерьге шақырып алды" деген сөздері көрсетілген.

ҚАСТЕР МЕН МҰРАГЕР КІМ?

31 жастағы Қастер Мұсаханұлы мен 26 жастағы Мұрагер Әлімұлы Шыңжаң өлкесіне қарасты Тарбағатай аймағы Дөрбілжін ауданында туып өскен. Екеуі де отбасылы. Олар бұған дейін Қытайда қысымға ұшырап, түрмеге түскендерін, онда азаптауға ұшырағандарын, сондықтан қашуға бел буғандарын айтқан еді.

Мұсаханұлы мен Әлімұлы 2019 жылдың қазан айының басында Шыңжаң өлкесі Дүрбілжің аймағынан жолға шығып, Қазақстан шекарасынан заңсыз өткен. Әуелі Шығыс Қазақстан облысына тап болған, кейін Алматыға жеткен. 14 қазанда Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында "Қытайдағы қысымнан қашып келгендерін" мәлімдеп, Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған.

Кейін екеуін Қазақстан билігі жауапқа тартты. Қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық соты екеуін "мемлекеттік шекараны бұзып өткені үшін айыпты" деп танып, бір жылға бостандығынан айырған. Түрмедегі күндерінің басым бөлігі екі күн деп есептеліп, олар 22 маусымда Семейдегі түрмеден бостандыққа шыққан. Кейін Қазақстан оларға "Пана іздеуші куәлігін" берген еді. Куәліктің уақыты 20 қазанда бітуі тиіс еді.

Қазір Қастер мен Мұрагер Алматы қаласында тұрып жатыр. Осы қалада уақытша тіркеуге тұрғандарын айтады.

Қастер мен Мұрагер – Шыңжаңдағы қысымнан қашып келгендерін айтып, Қазақстаннан босқын мәртебесін алған алғашқы этникалық қазақтар.

Бұған дейін "Қытайдағы қысымна қашып шекара бұзған" этникалық қазақтар Сайрагүл Сауытбай, Қайша Ақан, Бағашар Мәлікұы, Тілек Тәбәрікұлы да Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған еді. Қазақстан соты төртеуінде шекара бұзғаны үшін жазалаған, бірақ Қытайға депортацияламаған. Төрт қазақ та "Шыңжаңға барсақ қамаламыз" деп Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұрап өтініш берген.

Мұсаханұлы мен Әлімұлының адвокаты Бауыржан Азанов БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарына да хат жазып, екеуінің мәселесі дұрыс шешілуіне көмектесуін сұраған.

Сайрагүл Сауытбайдың өтінішін Алматы облыстық полиция департаменті Көші-қон қызметі жанынан құрылған комиссия қарап, өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Кейін Сайрагүл Сауытбай Швецияға кетіп, сол жақтан босқын мәртебесін алды.

Ал Қайша Ақан, Бағашар Мәлікұы, Тілек Тәбәрікұлы әлі босқын мәртебесін алған жоқ. Олар "өтініштің қаралуына коронавирусқа байланысты жарияланған карантин мен шектеулер кедергі болып тұр" деген.

Қазақ-қытай шекарасын бұзып өткен этникалық қазақтардың көбі "Шыңжаңдағы қысымнан, лагерьге қамалудан қорыққандықтан" қашып келгендерін айтқан.

ШЫҢЖАҢДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Қазақстанмен шектесетін Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында ислам дінін ұстанатын байырғы жергілікті тұрғындар – ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге мұсылмандарға коммунистік биліктің қысым көрсетіп, лагерьге қамап жатқаны туралы хабарлар 2017 жылдан бастап тарай бастаған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам отырған болуы мүмкін деп мәлімдеген.

Бастапқыда Шыңжаңдағы лагерьлер жайлы айыптарды терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы күрес" деп түсіндіріп, лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атады.

Бірақ "саяси тәрбиелеу орталығынан" шығып, Шыңжаңнан Қазақстанға, Түркияға кеткен қазақтар мен ұйғырлар ол жерді түрме деп сипаттаған.

Австралия стратегиялық саясат институтының (ASPI) 24 қыркүйекте жариялаған зерттеуінде Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарды ұстайтын лагерьлердің 40 пайызға артқаны айтылады.

Шыңжаңдағы лагерьлер қандай? 3D көріністерді ұсынамыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

Қытаймен экономикалық байланыс орнатқан Қазақстан билігі қоғамның қысымына қарамастан Шыңжаңдағы мұсылмандарға жасалып жатқан қысымдарға ресми баға бермеді. Ресми өкілдер бірнеше рет "Шыңжаңдағы жағдайды Қытайдың ішкі саясаты" деген.

2019 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық DW телеарасына берген сұхбатында "Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да этникалық қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты" деп мұны АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси ойынның бір бөлігіне балаған.

Пекин Шыңжаңдағы саясаты үшін халықаралық қауымдастықтан сынға ұшырады. АҚШ Пекинге бірнеше рет санкция да салды. Ресми Пекин Батыс елдерінің Шыңжаңға қатысты мәлімдемелерінің көбін жоққа шығарады.

Еуропа елдері Қытайдан Шыңжаңға тәуелсіз сарапшыларды кіргізуді талап етеді. Пекин Шыңжаңға БҰҰ мен Батыс елдерінің ресми өкілдерін кіргізбей отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG