Accessibility links

Індет Қытайға наразылықты өршітті. Орталық Азия жұрты Пекиннен неге секем алады?


Полиция жасағы президент сайлауын әділ, еркін өтуді талап етіп қарсылық акциясына шыққан оппозиция жақтастарын ұстап, әкетіп барады. Нұр-Сұлтан, 2019 жылдың маусым айы.
Полиция жасағы президент сайлауын әділ, еркін өтуді талап етіп қарсылық акциясына шыққан оппозиция жақтастарын ұстап, әкетіп барады. Нұр-Сұлтан, 2019 жылдың маусым айы.

АҚШ ғалымдары жаңа зерттеуінде Орталық Азияда наразылықтың күшейгенін айтады. Бұған басты себеп – коронавирус пандемиясының өршуі және Қытай ықпалының артуы.

Вашингтонда жақында құрылған Oxus Society for Central Asian Affairs сараптама орталығы жариялаған жаңа зерттеуде Орталық Азияда соңғы жылдары болған наразылықтың көбіне коронавирус пандемиясы әсер еткені айтылған. Ел ішінде әлеуметтік жағынан көбірек қорғауды талап еткендер де, карантинді күшейтуді сұрағандар да көп.

Зерттеу бұрынғы Совет одағының Орталық Азиядағы бес мемлекеті – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстанда кейінгі 2,5 жылда болған наразылық шараларының картасын жасап, 981 оқиғаны тізімге енгізген.

Пандемия аймақтағы халықты бұрынғыдан да қатты ашындырғаны рас, десе де 28 қыркүйекте жарық көрген зерттеуде Орталық Азиядағы наразылықтың табиғаты мен мазмұны өзгеріп келе жатқаны айтылады.

Өзбекстандағы наразылықтың көбі – газ компаниясына қарсы, немесе үйді сүруге қарсы шаралар, мұндай оқиғаларда халық тым қатты қарсылық көрсетеді.

Қазақстандағы биліктің ауысуынан кейін болған реформаны талап етушілер болсын, Түркіменстандағы азық-түлік тапшылығына наразылар болсын, аймақта экономикалық және саяси күштердің ықпалы күшейіп барады, алдағы жылдардың бедерін айқындайтын да осы жайттар болмақ.

– Әр халықтың сезімі әркелкі. Тәжікстандағы наразылықтың көпшілігі шынайы наразылыққа жатпайды, көбіне олар – елдің қуғындағы оппозициясына қолдау білдірген шетел елшіліктері мен халықаралық ұйымдар ғимараттарының алдындағы үкімет ұйымдастырған жиындар. Өзбекстандағы наразылықтың көбі – газ компаниясына қарсы, немесе үйді сүруге қарсы шаралар, мұндай оқиғаларда халық тым қатты қарсылық көрсетеді, – дейді Oxus Society президенті және зерттеу авторларының бірі Эдвард Лемон Азаттыққа берген сұхбатында.

НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ ТҮР-СИПАТЫ

Наразылық шараларының саны бойынша (520 шара) Қазақстан көш бастап тұр, 351 наразылық акциясы өткен Қырғызстан екінші орында. Бұған басқа елдермен салыстырғанда демонстрацияға қолайлырақ жағдай жасалғаны және азаматтық қоғамның біршама белсенділігі әсер еткен дейді сарапшылар.

Салыстырар болсақ, осы кезең ішінде Түркіменстанда – 9, ал Тәжікстанда 27 наразылық шарасы өткен. 2016 жылы президент Ислам Каримов дүние салған соң Өзбекстанда да біраз жылымық болды, содан болар, сарапшылар мұнда да 74 наразылық шарасын тіркеген.

Қазақстанда 2019 жылдың наурызында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен тұста және үш айдан соң жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайланған кезде наразылық қатты күшейді.

Биліктің ауысуы және сайлаудың өтуі елде наразылықты өршітіп қана қоймай, жаңа қозғалыстар туғызып, Қазақстандағы белсенділіктің жаңа тынысын ашты, себебі экономикалық және саяси реформаны талап еткендер саны артты.

Биыл жазда Қазақстан өкіметі бейбіт жиындар туралы жаңа заң қабылдады, биліктегілердің айтуынша, ол азаматтардың жиналу бостандығына көбірек кепілдік береді. Бірақ адам құқықтарын қорғау ұйымдары бұл заң демонстрация ұйымдастыруды бұрынғыдан да қатты қиындатып жіберді деп сынап жүр. Лемонның айтуынша, бұл ақыр соңында биліктің өзіне таяқ болып тиюі ықтимал.

– Қазақстан қоғамның кез келген наразылығын басып тастап отырғандықтан, бұл халықтың қарсылығын одан сайын күшейтуі мүмкін, – дейді ол.

ҚЫТАЙ ҮРЕЙІ

Oxus Society аймақта Қытайға наразылықтың артқанына да назар аударған. Зерттелген кезең ішінде өңірде Қытайға қарсы 98 наразылық шарасы өткен.

Қытай – Орталық Азиядағы ең ірі инвестор әрі басты ойыншы, оның бизнес және қауіпсіздік саласындағы ықпалы барған сайын артып барады. Пекин жергілікті үкіметтермен өте жақсы қарым-қатынаста болғанына қарамастан, оның аймақ тұрғындарымен арасы шиеленісе түсті.

Тәжікстандағы бір наразылық шарасын қоспағанда, Қытайға қарсы шерулердің барлығы Қазақстан мен Қырғызстанда өткен. Жүргізілген сауалнама қорытындыларына қарағанда бұл елдердің халқы Қытайдан ерекше секем алады.

Алматыдағы митингіде Қытайға қарсы талаптар айтылды (13 қыркүйек 2020 ж.)

Митингідегі "Тоқаев пен Назарбаев кетсін" деген сөз шенеунікті тіксінтті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:42 0:00

Қытайдың қатаң еңбек заңдарынан секемдену, олардың жұмысшыларына тым көп сенім артуды қаламау, Қытаймен бірлескен кәсіпорындардағы жемқорлық – осының барлығы кейінгі жылдары халық наразылығына себеп болып отыр.

Сонымен бірге, жергілікті жұрт Пекиннің Шыңжаң аймағында мұсылмандарды жаппай қамап, қысым жасауына да наразы. "Саяси үйрену лагері" деп аталған қамау орындарында отырғандардың арасында этникалық қазақтар мен қырғыздар көп.

Сараптама авторларының бірі, Уилсон орталығындағы Қытай мен АҚШ жөніндегі Киссинджер институтының ғылыми қызметкері Брэдли Джардиннің айтуынша, Қытайға қарсы наразылықтың әсіресе Қазақстан мен Қырғызстанда ерекше болуына Шыңжаңдағы қандастармен отбасылық байланыстардың күштілігі себеп.

"Еркін де ашық қоғамда бұл сияқты шекаралық байланыстар оң ықпалын тигізген болар еді. Бірақ Қытай кейінгі жылдары Шыңжаңда қысымды күшейткендіктен, қазақ-қырғыздың көбі арғы беттегі туыстарынан көз жазып қалды, бұл үрейді зорайта түсті" дейді ол.

Қытайға деген наразылықтың Қазақстан мен Қырғызстанда көбірек көрініс тауып жатуының және бір себебі – басқа елдерде авторитарлық билік саяси кеңістік аясын тым тарылтып, басшылар Қытайға қарсы белсенді әрекетке көп жол бермейді.

Жергілікті биліктің шешіміне наразылық білдіріп жиналған Үштепе ауданындағы "Урикзор" махалласы тұрғындары. Ташкент, Өзбекстан, 6 тамыз 2020 жыл.
Жергілікті биліктің шешіміне наразылық білдіріп жиналған Үштепе ауданындағы "Урикзор" махалласы тұрғындары. Ташкент, Өзбекстан, 6 тамыз 2020 жыл.

"Қытайды жақтырмау – бүкіл аймаққа тән құбылыс екенін айғақтайтын дәлелдер бар, бірақ соған қарамастан Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстанда наразылық шаралары мүлде сирек. Ақпарат құралдарының қатаң бақылауда болуы, күшті оппозицияның және белсенді қозғалыстардың жоқтығы Қазақстан мен Қырғызстандағыдай шаралар өткізуге мүмкіндік бермей отыр" дейді сарапшы.

ПАНДЕМИЯ ЗАРДАБЫ

Бұл зерттеу Орталық Азияда жұрт алуан түрлі себеппен көшеге шығатынын айғақтайды. Дегенмен, кейінгі кезде коронавирус пандемиясы кесірінен экономика және әлеуметтік қорғау мәселелеріне қатысты наразылық өрши түскен әрі бұл тенденция ұзақ сақталатын түрі бар.

Вирус қазір-ақ зардабын тигізіп үлгерді, Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, биылғы жылдың соңына дейін Орталық Азияның жалпы ішкі өнімі 5,4 пайызға азаймақ. Оның үстіне, Ресейдегі еңбек мигранттарынан келетін қаржы кеміп, шикізат өнімдері арзандап барады, бұл үкіметтерді одан сайын тығырыққа тіреп, халық наразылығының күшеюіне әсер етіп отыр.

Қазақ шекарасында бөгелген өзбек пен тәжік мигранттар (3 шілде 2020 ж.)

Қазақ шекарасында екі мыңға жуық өзбек пен тәжік мигранты өте алмай отыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:36 0:00

Сараптама авторлары пандемия кесірінен болған экономикалық қиындықтар өңірдегі Қытайға деген наразылықты тіпті өршіте ме деген болжам айтады. Бұған тығырыққа тірелген елдердің Пекинге берешек қарызының ұлғаюы, жергілікті жұмыс орындарын қытайлардың алып қоюы және Қытай инвестициясының болашақтағы саяси ықпал ету тетіктеріне айналып кету ықтималдығы жайлы болжамдар түрткі болып отыр.

Індеттің бас кезінде-ақ Қырғызстан мен Тәжікстан Қытайға қарызды шегеру туралы өтініш айтқан, бұл Пекиннің аймаққа ықпалы туралы әңгімені өршіте түсті.

"Covid індеті кесірінен жұмыс орындары тапшы болып, табыс азайғандықтан, бұл пікірлер анағұрлым нанымды болмақ. Халықта "Қытай компаниялары көбіне өз азаматтарын жұмысқа алса, негізгі табысы шенеуніктерге пара күйінде берілсе, не инвесторларға дивиденд ретінде таратылса, онда оның қара халыққа пайдасы қайсы?" деген сұрақ туындайды" дейді Лемон.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG